Жаңалықтар

Самбоның саңлағы

Әлемді мойындатар спортшы болу үшін спортзалда түнеудің түкке де қажеті жоқ. Қызметіне самбо күресін серік етіп қана қоймай, осы спорттың саңлағына айналған Шет ауданының тумасы, самбодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рахат ЖАҢАНИЕТ – соның айғағы. Ол жақында Ташкентте өткен Әлем біріншілігінде топ жарып, алтын медальді жеңіп алды.

Рахат Қазақ қатынас жолдары университетінде жоғары білім алып, электромеханик мамандығын игеріп шығады. Спортқа деген ықыласы ерте оянып, самбо күресімен жастайынан айналысқан. Жанына жақын көрген бұл спорт түрінің алғашқы жеңістері оны әрі қарай арман қуып, қанаттануына жетеледі. Рахат Қазақстан кубогінің 2017, 2018, 2019 жылғы үш дүркін чемпионы. Сондай-ақ, 2014, 2018, 2019 жылы Қазақстан чемпионы атанған. 2014 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатының Бас жүлдесін иеленсе, 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. Ал, жуырда Ташкентте бар қазақ қауымын тамсандырып, Әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

– Рахат өзі жастайынан спортқа құштар болды. Самбо күресімен 5-сыныптан бастап айналысты. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, ол Азия чемпионы атанды. Жуырда 62 келіде Ташкентте әлем чемпионы болды. Оның бір ерекше қасиеті – әрқашан жарыстан келгенде өзге балалар тынығуға қамданғанда, ол жаттығуын жалғастыра беретін. Сол еңбектің күшімен мінекей, бүгін әлемді мойындатып отыр. Бүгінгі күні чемпионымыз Дәурен Адамбаевтың жетекшілігімен облыстық құрамада жаттығып жүр. Оның алар асуы әлі алда, – дейді бапкері Ерсайын Омаров.

Рахаттың жеңісі түгел Арқа жұртының абыройын асқақтатты. Бұл жас спортшыларды алға жетелеп, ынталандыра түсері анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button