Самат Нұржановтың «Абай термесі» жинағы
Екінші бір сөз «тәңірі». Атау септікте, жекеше тұлғасында «тәңір» кім? не? деген сұраққа жауап береді. Жинаққа жүгінсек, «Тәңірі ісіне сен де көн» бір қарағанда дұрыс сияқты. Бірақ үңіле түссеңіз: «кімнің тәңірі?» деген сұрақ тағы көлденеңдей қалады. Біздің ойымызша, Самат нұсқасындағы «Тәңрі ісіне сен де көн» немесе, біреудің «тәңірінің ісіне» емес, ортақ «тәңірінің», бәріміздің «тәңіріміздің ісі» болуға тиіс.
Сонда Самат нұсқасындағы «Тәңрі ісіне сен де көн» дұрыс болып шығады.
Мұнда негізгі мәселе Тәңірі сөзінің ортасындағы і әрпінің артықтығында емес, тәңрі атау сөз, жеке тұлғадағы жалғаусыз екендігінде.
Бұл да Абай шығармаларының канондық мәтінін дайындаған кезде есте болатын сәт деп есептейміз.
Ал, енді Самат нұсқасындағы бенде мен жинақтағы пендені Абайдың сөз қолдану дәстүрін саралап, байыппен шешкен жөн. Мысалы, «Абай» энциклопедиясына жүгінейік, ақын бендені 23 рет, пендені 24 рет қолданған екен. Мағыналық жағынан бенде мен пендені синоним дегеннен гөрі, Абайдың бір ғана мағынада, «адам, Құдайдың құлы, пайғамбардың үмметі» деген мағынада қолданғанына көз жеткізу қиын емес. Біздің ойымызша, Абай заманындағы қазақ тілінің дәстүріне жүгініп, «бендеге» тоқтаған дұрыс.
«Абай термесіндегі» үшінші өлең Абайдың «Құр өлең бақырған» деп басталатын екі шумағы.
Талдауға оңтайлы болу үшін осы екі шумақты толық келтірейік. Заты, Абай өлеңдерінің ерекше сипаты – жеке сөйлем түрінде мәтіннен ойып немесе жеке сөз түрінде үзіп алсақ, ақынның айтар ойын толық түсінудің қиындығында. Абай ойлары индукциялық тәсілмен бірінен-бірі туып, жалқыдан жалпыға қарай өрбіп, өсіп отырады. Сондықтан болуы керек, Абайдан шағын үзінді алудың оңай еместігін көп жұрт біледі.
«Құр айқай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Өңкей надан, антұрған,
Қайта айтса, жан ба екен?
Бос жүріп құр қалған
Өміріңе кән бе екен?
деген соңғы жол Самат нұсқасында «Өміріңе сән бе екен?» деп берілген екен. Мұнда назар аударатынымыз алдыңғы мәтіндегі өміріңе мен екінші өміріне деген сөздердің жазылуы.
«Өміріңе» дегенде, сенің өміріңе сән бе екен деген мағынада бір кісіге ғана арналған болар еді. Ал, Самат нұсқасындағы өміріне – көп адамға, жалпы жұртқа, яғни өлеңде көрініп тұрған өңкей наданға арналғандық анық танылып тұр. Демек, мәтін мағынасын дәлдеп, ойды тиянақтай түсетін өміріне деген сөз осы арадан тиянақты орын тапқандай.
Екінші мәтіндегі тағы бір айырмашылық Самат нұсқасындағы сән мен жинақтағы сән туралы энциклопедияда қандай да бір пікір білдірмеген. 1995 жылғы жинақтың түсінігінде бұл өзгешеліктің сыры ашылмағаны мойындалып, «әлі де текстологиялық зерттеуді қажет ететіні» (251-бет) көрсетілген. Сондай-ақ, сегізінші жолдағы «Өміріңе кән бе екен?» деген тіркестегі «кән» сөзіне түсінік берілмепті. (32-бетті қараңыз. – З.Т.) Оның есесіне осы академиялық жинақтың 1-томының 78-бетінде басылған «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі» деген жолдағы кән сөзіне «Кән (арабша) – кен, кеніш (рудник). Ауыспалы мағынада: мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілік; негізгі мағынасында Құдайдың эпитеті» деген түсінік берілген. Зерттеуші Р.Нұрғалиев «Кән (шағ.) – пеш, жылылық, татулық, ақын қуат деген мағынада қолданған. «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі, Мұңдасқанда қалмайды көңіл кірі» [89].
«Абай тілінің сөздігінде»: «Кән. Ыстықтық, татулық, жылылық» мағынасында түсіндірілген. Бұл мағыналарында өлеңдердегі: «Өміріңе кән бе екен?» немесе «Құдай берген бұл достық – кәннің бірі» деген сөйлемдердің ұғымға ауыр екені көрініп тұр.
Осы түсінікті кән атаулы сөздерінің әрқайсысына қолданып көрсек, жоғарыдағы «Өміріңе кән бе екен?» деген тіркестегі кәннің мағынасы бұлыңғыр. Демек, әрі қарай ізденіп көрдік. Сөйтсек, «кән» деген араб сөзінің орысша мағынасы «принадлежность кому, чему», яғни, қазақшасы тән [80.410] ұғымына жақын екен.
Сонда, Абайдың айтпағы:
«Бос жүріп құр қалған,
Өміріңе тән бе екен»,
яғни, лайық па екен, болып шығады-ау деген пікірімізді ортаға саламыз.
Ал енді, осының алдындағы екі жол 1995 жылғы жинақта:
«Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жан ба екен?» түрінде берілуі де көңілге қона қоймайтын сияқты. Жоғарыда дәлелдегеніміздей, «Өміріңе кән бе екен», немесе тән бе, лайық па екен дегенге тоқтайтын болсақ, бұл екі жол былайша берілгені жөн көрінеді:
«Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жөн бе екен?» деп, Абай «өміріңе тән нәрсені қабылдамау жөн емес», деген ойды айтып тұрған жоқ па? Демек, «Қанша айтса, жан ба екен?» деген тіркес те түсініксіз. Біздің ойымызша, көшірушінің жаңсақтығынан «жөн» деген сөз «жан» болып хатқа түскен. Сонымен, біздің ұсынатын нұсқамыз:
«Өңкей надан, антұрған,
Қанша айтса, жөн бе екен?
Бос жүріп, құр қалған
Өміріне кән бе екен?»
Көріп отырғанымыздай, Абай өлеңінің кейбір сөздері (жөн, өміріне), тыныс белгілері түзетілді.
«Абай» энциклопедиясында «Абай термесі» деген тақырыппен басылған мақалада [79.256] «Жинақ ақын өлеңдерінің текстологиясына көңіл бөліп, қарасөзін жариялауымен тарихи құнды басылым болды» деп лайықты баға берілгені құптарлық. Алайда, бұл жеткіліксіз деп санаймыз. Бұл басылым Абайтанудың алғашқы маңызды баспалдақтарының бірі болып табылады, десек, Самат Әбішұлының Абайтануға қосқан үлесінің ғылыми маңызы арта түспек.
Ал, оны құрастырып, бастырушы зиялы азамат, әрі ақын Самат Әбішұлы есімін абайтанушылар қатарында ауыз толтырып атауға тұратын тұлға. Демек, «Абай» энциклопедиясында сол Самат Әбішұлының өзі туралы мағлұмат берілуі керек еді.
Самат Әбішұлы Нұржанов, зерттеуші профессор Ермек Өтебайұлының хабарлауына қарағанда, 1902 жылы Баянауыл аймағында дүниеге келген. Самат «Он үш-он төрт жасында өзі де өлең жаза бастаған. Әуелі ауылда мұсылманша оқыған ол, қалада орысша оқып жүргенде де әдебиетке құмарлығын ұштай берген, естіген-білгендерін жинай жүрген.
Сөйтіп, 1915 жылы он үш жастағы бала шәкірт қолына түскен Абай өлеңдерінің жинағын баспаға жібереді. Жинақ келесі жылы басылып шығады… Самат содан кейін белгілі ақын атанды… …Оның қаламынан 1932 жылы «Колхоз жыры», 1933 жылы «Екпін» шығармалар жинағы шықты… Көп өлеңдері Семейдің «Қазақ тілі» газеті бетіне жарияланды. Бертін келе аудармамен де шұғылданды. А.Жаровтың «Меке» поэмасын қазақшалап, «Жаңа әдебиетте» жариялады. Ұлы Отан соғысы жылдарында да ақын үні асқақ естілуші еді», – дейді Ермек Өтебайұлы [77].
Ермек Өтебайұлы С.Нұржановты 1945 жылы Алматыда Қазақ радиосы үйі алдында екі-үш рет көргенін, демек, радиода қызмет етсе керек, дегенді жазған…
Самат 1945 жылы күзде қайтыс болған.
Ірі ғалым, дарынды ақын Жүсіпбек Шайхилисламұлы өз шығармашылығында Абайға табынып, өнеге тұтып отырады. Оның ел ішінен жинап бастырған немесе өзі жазған қисса-дастандарда, олардың редакциясында Абайдың әсері, реалистік әдебиет үлгілері, «түзелген сөз» сарыны айқын танылады.
Айталық, 1904 жылы жазып, басылмай қалған «Қисса-и Мәнсурул Халлаж» деген кітабының беташарына:
«Өлең – сөздің артығы, сөз сарасы.
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» [81], деген Абай өсиетін өзі де шамасы келгенше ұстанатынын көрсеткен.
Мерзімді баспасөздің Абай мұрасына деген ықыласы әр қырынан көрінгендігінің біраз мысалдарын келтірдік. Солардың қатарында «Сарыарқа» газетінің бетінде Абай есімінің насихатталғанын басылымның алғашқы сандарынан-ақ байқаймыз. Осы газеттің шыға бастауына байланысты 1917 жылғы 19 шілдеде шыққан 2-санында Рахметолла Ілікбаев деген автордың құттықтау хаты басылған. Ол Абайдың «Атымды адам қойған соң…» деп басталатын көпке мәлім өлеңінен үзінді бергенде біраз бұрмалап жіберіпті де:
«Нәсілім адам болған соң,
Қайтіп надан болайын.
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын», деп жазған екен. «Сарыарқаның» үшінші санында басылған басмақала «Абай сөзі» деп аталады. Мұнда ұлы ойшылдың «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деп келетін алтыншы қарасөзінің мазмұны ашылып, қалың қазақты бірлікке, ұлттық ұйымшылдыққа шақырады.
Абайтанудың қайнар көздері болып табылатын ертеректе-ақ тасқа басылып, жария көріп, көпке тараған мұндай материалдар кейінгі ұлы ізденістердің іргетасы екеніне көз жеткізу қиын емес. Абайтану бұл күнде ордалы ғылымға айналды десек, соның негізгі идеялары, шамшырақ бағдарлары ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінді-ақ қалыптасқанын көреміз.
Зарқын Тайшыбай,
абайтанушы, филология
ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері