Самат Нұржановтың «Абай термесі» жинағы
Кәкітай шығарған жинақтан кейін қазақ оқырманына Абай өлеңдері Орынбордағы «Дин уа мағишат» баспаханасынан 1916 жылы жарық көрді. Жинап, бастырушы Самат Әбішұлы Нұржанов. «Абай термесі» деген атпен жарық көрген ақын шығармаларын ғылыми айналымға енгізген профессор Е.Өтебайұлы [77].
Бұл жинақтың құндылығы – онда Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері мен Бірінші қарасөзі тұңғыш рет тасқа басылғандығы. Олар, «Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын» (10 жол), «Атаанаға көз қуаныш» (30 жол), «Құр айғай бақырған» (8 жол), «Білікті сөз ол: өлді» (4 жол), «Күн артынан күн туар» (4 жол), «Күшіктен асырап ит еттім» (4 жол), «Тайға міндік» (45 жол), «Жарқ етпес қара көңілім» (8 жол), «Тұлпардан тұғыр озбас, шабылса да» (8 жол), «Құтырды көпті қуып, азғанасы» (4 жол) деп басталатын өлеңдер болатын. Кейін, 1933 жылы Абай шығармаларының келесі жинағы шыққанда, бұл өлеңдер қосылды. Демек, Абай мұрасын түгендеуде талапкер ақын Самат Әбішұлының елеулі еңбегіне лайықты баға берген жөн.
Жинақты құрастырушы Самат Әбішұлы «Абай термесі» деп атаған кітапшаның алғысөзіне мынадай түсінік жазған: «Бұл бір елге көп шашылмаған қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының басылмаған аз ғана сөздері еді. Мен қолымдағы барымды кітапша етіп бастырып алуымды қаладым».
Бұл түсініктен екі мағлұмат алуға болады. Біріншіден, Самат Абайдың «бұрын басылмаған», яғни, Кәкітай Петербургте шығарған жинаққа кірмеген шығармаларын беріп отыр. Екіншіден, Саматтың «қолындағы барымды» деуіне қарағанда, ол өзіндегі Абай мұраларын түгел бастырған. Іріктемеген, таңдап, талғап кейбіреулерін алып қалмаған.
М.Мырзахметов Абайдың бұл шығармалары «Самат қолына қалай болса да, бір қолжазба арқылы жеткен. Себебі, өлең тексті асыл түпнұсқамен дәлме-дәл түсіп отырады» [49.51], – дейді.
Самат бұл өлеңді қайдан алды, дей отырып, ортаға салған Е.Өтебайұлының мына пікірі де ескеруге тұрарлық: «Шәкірт Самат Семейге қатынасқанда, немесе Семейден Абай ауылынан келгенде, ақынды жақсы білетін адамдардың бірінен жазып алды деп шамалауға ғана болады. Бір ғажабы – «Абай термесіндегі» өлеңдер 1909 жылғы жинақта жоқ. Сондықтан, Саматты Абайдың бұрын баспа жүзін көрмеген, жұртшылыққа таныс емес шығармаларын тұңғыш бастырушы деп есептейміз» [77.42].
Бұл пікірге қосыла отырып, біз өз тарапымыздан Самат Әбішұлы тек «тұңғыш бастырушы» ғана емес, алғашқы абайтанушылардың бірі, деп атап көрсетуге бейілміз.
Себебі, Саматтың қолында Абайдың 1909 жылғы алғашқы жинағы болған. Демек, мына бір топ өлең қолына түскенше, ол Абай шығармашылығымен таныс. Абайдың қазақ қоғамы тарихында алған және келешекте алар орны жөнінде өзіндік жүйелі, ғылыми ой-пікір түйген. Осынау бір топ жаңа өлеңдерді жинақ кітаппен салыстыра отырып, онда жоқ болғандықтан, бұлардың аса құнды олжа екенін жай қызықтаушы емес, зерделі зерттеуші ретінде танып-біліп, «кітапша етіп бастырып», жұртқа таратуға ыждаһат қылған.
М.Мырзахметов өлеңдердің мәтін жағынан «бірер сөз ғана ауытқып түскенін» байқап, негізінен «графикалық жағы бұл жинақта да бастапқы табиғи қалпын сақтай алмағанына» өкініш білдіреді. Кейін өзімізді-өзіміз қайталап алудан сақтанып, осы ауытқушылықтар туралы М.Мырзахметовтің байқағандарын келтірейік:
«Кейбір жерінде екі өлең («Белгілі сөз: өлді, өлді», «Күшік асырап ит еттім») бір өлең ретінде берілсе, кейде екі өлең тексті («Ата-анаға көз қуаныш», «Тайға міндік») араласып кетеді. «Ата-анаға көз қуаныш» ІІ өлең ретінде толық берілсе, өлең ретінде тағы да «Ата-анаға көз қуаныштың» 7-жолынан кейін «Тайға міндік» басталып кетеді. Әрі өлең басындағы 5-жолдан басталатын «Жасында күтті, дәме етті, босқа өтті» деген өлең қайырмасы үш жол ретінде берілмей, бір-ақ жолмен беріледі… «Ата-анаға көз қуаныш» Саматта түгел, бірақ өлең өрнегі бұзылып, 30 жолмен берілген. Асыл түпнұсқадағы қайырма ретінде берілетін үш өлең жолы Саматта бір-ақ жолға түсірілген. Ал, «Тайға міндік» өлеңі де түпнұсқадағы өлең өрнегін сақтай алмау себепті, 25 жолмен берілген. Немесе табиғи өлең өрнегін сақтаса, ол бес шумақты, әр шумағы 9 жолдан оралатын, бәрі 45 жол өлең болып шығады» [49.53]. Бұған алып-қосарымыз жоқ.
Саматтың қолына түскен өлеңдер – Абайдың ел арасына көшірме түрінде тараған нұсқалардың бірі еді. Өлең мәтіндеріндегі кейінгі басылымдармен салыстырғанда байқалған айырмашылықтар – көшірмелердің, айтып жаздырушылардың тарапынан кеткен ағаттық десек артық емес. Сондай-ақ, Абайдың өзі жазған әртүрлі нұсқасынан дәлме-дәл көшірілгендері де болуы мүмкін. Абай шығармашылығын, оның ақындық лабораториясын зерттеу үстінде біз бұған дейін де байқап, дәлелдеген мына бір жайды көрсетуді парыз санаймыз.
Абай ақын өзінің бір жазғанын шәкірттеріне де таратып жіберсе де, кейін сол өлеңдерінің кейбіреуін қайта қарап редакциялаған, түзеткен, жетілдірген. Заты, бұл арада Абайдың өлеңді бір демде, үлкен шабыт үстінде тоқтамай жазып тастайтын дарынды ақын екендігін естен шығаруға болмайды. Ал, оның бұрын жазғанын редакциялау тәсілдері: жеке сөздерге неғұрлым ыңғайлы синоним іздеуі, ұғымды нақтылай түсуі, буын санын дәлдеуі, кейбір жолдарды артық санап алып тастауы, немесе, керісінше жол қосуы, тіпті, тұтас сурет, сюжет қосуы, т.б. екендігіне бұрын да көз жеткізген едік.
Демек, «Абай термесіне» енгізілген шығармаларды осы айтылғандарды еске ала отырып, талдауға талпыныс жасасақ артық емес.
«Абай термесіндегі» мәтінді салыстыруға 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты «Жазушы» баспасынан шығарған «Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы» [78] негізгі нұсқа ретінде алынды.
Сол мәтінді пайдаланып, қазіргі бізге мәлім нұсқаларды «Жинақта» деп шартты түрде аламыз. Тыныс белгілеріндегі ауыс-түйіске, көбінесе мән бермедік. Себебі, қазақ емлесінің әлі де тиянақталған мәселелері аз емес қой.
Самат жинағында алғысөз ретінде Абайдың «Бірінші сөзі» толық берілген. Осының өзінен С.Әбішұлының Абай мұрасына деген зор құрметін және жас та болса, сұңғыла баспагер ретіндегі жауапкершілігін түсінуіміз керек.
Саматта: «Қылып жүрген ісіміздің байлаусыз-баянсыз екендігін білдік – бәрі қорлық екен».
Жинақта: асты сызылған осы тіркестер «баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік», деп берілген. Біздің ойымызша, Абайдың сөз саптасына, сол замандағы сөйлеу, жазу стиліне неғұрлым жақын. Бірін-бірі толықтырып, үстемелеп тұрған, байлаусыз-баянсыз деген қос сөз келіп баянсызын, байлаусызын бөліп, үтір арқылы сөйлемнің бірыңғай мүшелері түрінде; «білдік – бәрі қорлық екен», – деген тіркес те, қазақ тілінің жаңа грамматикасының талабына сәйкес түзетіліп, көрдік, білдік баяндауыштары сөйлемнің соңына ауысқаны көрініп тұр. Сол сияқты – бәрі қорлық екен, деген тіркес, Саматта байлам, тұжырым түрінде тұрса да, ішкі екпіні солғындап, бәрі қоршылық екенін білдік болып өзгерген сияқты. Бұдан шығатын қорытынды, Абайдың «Бірінші сөзінің» канондық мәтінін жасағанда осы Самат нұсқасын алған дұрыс болар еді ойлаймын.
Мысалы, бір ғана «байлаусыз-баянсыз» деген қос сөз түріндегі күрделі анықтауышқа назар аударайық. Әр істе, құбылыста әуелі «байлау» (тоқтату, тежеу, тұрақтату, орнату мағынасында) болуы керек. Содан кейін ғана сол «байланған» іс немесе құбылыс «баянды» (тиянақты, орнықты, мәңгілік өзгермейтін мағынасында) болмақ.
Ал, қазіргі мәтіндегідей «баянсыз, байлаусыз» дегеніміз мағыналық жағынан ілгерілі-кейінді емес, кейінді-ілгерілі ұғым беретіндей. Әлбетте, «баян» мен «байлаудың» арасындағы семантикалық (мағыналық) айырма өте нәзік, дегенмен үңіле қараған адамға байқалады. Абай стилінде бір ұғымды қайталай, үстемелей күшейту әдісі бар, тіпті жиі кездесетіні дау туғызбайды.
Пікірімізді тиянақтау үшін осы сөйлемнің екі нұсқасын жарыстырып тағы да ұсынсақ, артық болмас:
Саматта: Қылып жүрген ісіміздің байлаусыз-баянсыз екендігін білдік – бәрі қорлық екен.
Жинақта: Қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екендігін білдік.
Келесі салыстыру:
Саматта: Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны біле алмай, таба алмай хайранмын.
Жинақта: Соны таба алмай өзім де қайранмын.
Саматтағы біле алмай, таба алмай деген тіркестердің нақтылығына, екпін қуатына қарай дыбыстық, үндестік әсеріне лайықты баға беруіміз керек. «Соны (жолды – З.Т.) таба алмай, өзім де қайранмын», дегеннен гөрі әуелі білу, содан кейін іздеп табу қисынына қарай: «біле алмай, таба алмай» деген нұсқаның Абай қаламына бұрынырақ ілінуі әбден мүмкін.
Келесі салыстыру:
Саматта: Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, албырттанған көңілі басылмаған жастар бағамын демесе,
Жинақта: «… не албырттанған көңілі басылмаған жастар бағамын демесе», осындағы не сөзі Абайға кейін жамалғаны көрініп тұр. Сол көлденеңнен қосылған не Саматтың нұсқасындағы салалас құрмалас сөйлемнің инверсиясын әлсіреткенін байқаймыз. Демек, бізге Самат нұсқасы жағымдылау көрінеді.
Сондай-ақ: албырттанған көңілі басылмаған жастар деген жұп-жұмыр, шымыр тіркес.
Жинақта: не албыртқан, көңілі басылмаған жастар болып солғын тартқаны да байқалады ғой.
Келесі салыстыру:
Самат: Мал бағу? Жоқ өздеріне керегінше бағар.
Жинақта: Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар – түрінде шұбалаңқы тартқан. Бірінші нұсқадағы астарлы ұғым, жинақы толымсыз сөйлем түрінде берілген тіркес қандай әдемі!
Бұл да ешбір қоспасыз Абай нұсқасы дегіміз келіп тұр.
Сондай-ақ:
Самат: Енді қартайғанда қызығын өзің көре алмайтын, ұры, залым, тілемсектер азығын бағып берейін деп аз ғана өмірді қор қылар жайым жоқ, деген сөйлемдегі алмайтын, өмірді деген сөздер.
Жинақта: алмайтұғын, өмірімді болып өзгергені де көңілге күдік ұялатады. Өмірді дегенді өмірімді деп жеткізе таратып, толықтырып бермесе де, Абайша нақты өмірді дегеннің өзі ұтымды көрінеді.
Келесі салыстыру:
Самат: Бала асырау, бағу? …Қалайша бағудың да мәнісін білмеймін.
Жинақта:
Балаларды бағу? …Қалайша бағудың мәнісін де білмеймін.
Асты сызылған сөздердің мағыналық жағынан бірінен-бірінің айтарлықтай айырмашылығы жоқ.
Самат нұсқасындағы асырау сөзі басы артық болып тұрғандай. Алдыңғы бес бағудың қайталанып келіп отыратын абайлық тәсіліне көлденеңнен қосылып, селкем тұрғандай сезіледі.
Жинақтағы: (балаларға) … қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? деген тіркес.
Самат нұсқасында мағынасын өзгертіп, бірінші жақта – (өзім) …Қайда барарымды, не қыларымды біле алмай жатырмын болып түсініксіз күйге түскені, әрине, көшірушінің қатесі болса керек. Ол кездегі қазақ қоғамында қолданыста болған араб әлібін (жазбасын) көзге елестетсек, анық танылмаған әріптерді бөгде дыбыспен алмастырып алу әбден мүмкін. Мысалы, не қыл дерімді деген тіркес үстірт қарағанда не қыларымды болып оқылып кетпегеніне кім кепіл?
Ал енді Самат нұсқасындағы «Кімдекім керекті сөз ішінен тапса, жазып алсын я оқысын», деген сөйлем.
Жинақтағы «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса», дегенді кейінгі редакция «дұрыс» грамматика қалыбына түсіру десек те болады. «Ішінен» деген сөздің орны екі мәтінде екі жерде.
Сонымен, С.Әбішұлының ыждаһаты арқасында қазақ оқырманына Абайдың «Бірінші сөзі» тұңғыш рет басқа нұсқасында көп таралыммен жеткізілді. Және де ол жоғарыдағы салыстыра қарағанымыздай, «Бірінші сөздің» толық және құнды мәтінін таратты.
Сөздің одан кейін «Абай» журналы бетінде жарық көруі, 1940 жылы Абайдың екі томдық толық жинағының екінші томына енгізілуі, Абайдың қарасөздеріне кірісті болуы – абайтанудағы шын мәнінде бағалы кезең екенін айтуымыз керек. Сонымен бірге, Самат Әбішұлы жинағындағы мәтіннің соңғы кезде, айталық, әсіресе, Абайдың 150 жылдығына байланысты дайындалған академиялық басылымда ескерілмеуі түсініксіз жай.
Әлбетте, Абай шығармаларының әр кезде, әртүрлі себеппен басылып, тараған нұсқаларын салыстыра талдағанда, жеке пікірлер айтқанда мейлінше сақ болу керек екендігін, дәлелдердің дәйекті болуын естен шығармаймыз. Бұл орайда кезінде басқа бір жағдайға байланысты сөз арасында жазып кеткен Мұхтар Әуезовтің мына пікіріне ғылыми өсиет ретінде қараймыз:
«Абайдың мұрасы туралы зерттеу, сынау, ойлану керек, күдік айтуға да болады. Бірақ онысы – осының бәрі документке, зерттеуге немесе көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін. Құрғақ күдік ғылымды өсірмейді, ол дәнсіз гүлдей өмірі жоқ, нәсілі жоқ гүл болады» [78,48].
Енді осы «Абай термесіндегі» өлеңдер жөнінде.
Самат жинағында «Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын» деп басталатын 10 жол өлең кейінгі басылымдарда сол күйінде қайталанып басылып жүр. Мәтінде айырмашылық жоқ. Тек, жинақтарда, сол сияқты «Абай» энциклопедиясында «Ғабидоллаға» деп жақшаға алынған тақырып беріліп келеді. Ал, Ғабидолла деген Абай ауылындағы Ғабитхан молланың жетесіздеу, аусар ұлы болса керек. Ел аузындағы әлдебір жағдайда Абай соған арнап шығарған екен деген әңгіме негізінде жинақтарға «Ғабидоллаға» деген тақырыпшамен берілген. Біздің ойымызша, жинақтарды құрастырушылар тарапынан жіберілген жаңсақтардың бірі осы болса керек. Жалпыға мәлім, Абайдың өз қолымен жазып қалдырған қолжазбалары сақталмаған. Демек, мына өлеңнің маңдайына да Абай өз қолымен «Ғабидоллаға» деп жазғанына кім кепілдік береді? Олай болса, бұл тақырыпты алып тастайтын да кез келді-ау! Абайтанудың қазіргі биік деңгейіне мұндай селкемдік жараспайды. Абай сияқты ақынға кейіпкер болғандай Ғабидолланың да, бұрын айтқанымыздай, Күлембайдың да, тарихтан орын алатын сиқы бар ма? Ал, енді байыптан қарасақ, «Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын» мысал түрінде басталып, өмір заңдылығы, болмыс-бітімі туралы терең мәнді, салиқалы ой қозғайтын ғибратты сөз. Оның кейіпкері, қайдағы бір ауыл баласы емес, бүкіл адамзат тарихында кездесіп отыратын мәңгілік, типтік бейне. Сондықтан да Абай:
«Мен дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма ылажың?
«Боламынмен» жүргенде болат
қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым», – деп адам және уақыт мәселесін тереңнен қозғап, пәлсапалық ой түйеді.
Самат жинағындағы екінші мәтін «Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі» деп басталатын өлеңі. Айта кету керек, мысалы, бұл өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылы Қызылордада басылып шыққан толық жинағында «Ағыбайға» деген тақырыппен басылды. Кейінде бұл тақырып алынып тасталды, мұны дұрыс санаймыз. Мәселе, қандай да бір Ағыбайда емес. Ақынның сөз етіп отырған: «…бала тәрбиесі, ата-ананың өз ұрпағына сүйіспеншілігі, оған артар міндеті, күтер үміті» [79,96].
С.Әбішев нұсқасын академиялық жинақпен салыстырғанда көрінген мына өзгешеліктерге тоқталайық.
Самат:
«Ата-анаға көз қуаныш –
Алдына алған еркесі.
Көкірегіне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой өлкесі».
Мұндағы соңғы екі жолды түсініп оқитын болсақ, Самат нұсқасына бейіл береміз. Өйткені, мұнда «баласының қызығына қуанған ата-ананың ой өлкесі гүлденген, көңілі орныққан, көкірегінде көп жұбаныш» бар.
Жинақта бұл екі жол:
«Көкірегіне көп жұбаныш
Гүлденіп ой өлкесі» болып берілгенін. Бізше «көкірегінде» және «көкірегіне» деген сөздердің бастапқысы ұтымды көрінетіндей. Сондай-ақ,
Саматта:
Ата көңілі жанбаса бір,
Артық өнер шықпаса, дегенді
Жинақта: Ата көңіл жанбаса түрімен салыстырсақ, әрине, «Ата көңілі» («ана көңілі» деген сияқты) түсінікті, тиянақты ұғым. Ал, «Ата көңіл» («ана көңіл») дегендер келте қайырылған, екіұшты мағынада. Мұны, әрине, «Бала көңіл», «Жас жүрек» сияқты тіркестерге ұқсатуға да болар еді, бірақ оңтайлы көрінбейді.
Дәл солайша:
Саматта: Сүйенер ұлың болса, сен сүй,
Сүйенерге жарар ол, деген екі
жолды да,
Жинақтағы: Сүйер ұлың болса,
сен сүй,
Сүйінерге жарар ол, деген тавтологиядан артық көрмеске лажым жоқ.
«Сүйенер» дегенде Абай «үміт артар», «сенім білдірер», «жақсылық күтер», «тірек болар» деген мағынаны білдіргісі келген. Демек, «Сүйенер ұлың болса, сен оны сүй, жақсы көр, ол сүйенуге жарар, сеніміңді ақтайды, өзіңе тірек бола біледі» дегенді мағыналар көңілге қонымды емес пе?
Әйтпесе:
«Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол», деген нені аңғартады? Сүйікті ұлың болса, дегені ме? Сүйікті ұл – қандай ұл? Құр сүйініп, сүйгеннен не келіп-кетеді?
Қарапайым қазақ түсінігіндегі «сүйенер, сыйынар», «табан тірер», «арқа сүйер» деген ұғымдарды Абайдан алшақтатып, сүй, сүй, сүйісіп, дегеннен не ұтамыз.
Саматта:
Табылмаса хайла, ойбайла! (басқа амал қолыңнан келмесе) деген әбден түсінікті, анық ойды
Жинақта: Табылмас қайла, деп қиындатудың да жөні жоқ.
Саматта:
Құрбылардан қорғаларсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Жинақта:
Құрбылардан қорланарсың,
Тәңірі ісіне сен де көн.
Осы арада да ойланатын шаруа бар сияқты.
Жинақтағы қорлану «қорғаларсыңнан» гөрі баласының үмітіңді ақтамағаны үшін ата-ананың қорланатынын дәлірек білдіреді. Оған күдік келтірмейміз.
«Құрбылардан қорланарсыңды» оқыған кезде еріксіз ойланасыз. «Қорлану» дегенде адамның өзімен-өзі болғанда, басындағы халін ойлап, өзін басқалармен салыстыру үстінде, кемдігін, дәрежесі төмендігін ойлап, іштей күйініш сезімінде шарасыз қорлануды білеміз. Бұл арада «не себепті?» деген сұраққа жауап табылады.
Ал, енді «Құрбылардан қорлану» деген мүлде басқа түсінік. Кімнен, неден, кімнің алдында «қорлану» дегеннен гөрі, «қорғалау» («қаймығу», «батыл бола алмау», «өзін басқадан кем тұтыну», «қорқақтау») сөзі бұл арада неғұрлым дәлірек сияқты. Алғашқы, 1916 жылғы Самат нұсқасындағы «Құрбылардан қорғаларсың» тіркесін қолдайтынымыз да осы себептен.
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
(Басы. Жалғасы бар)