«Самал» қайта түлейді
Теміртау қаласында орналасқан «Самал» санаторий-профилакторийі қайта жаңғыртудан өтеді. Qarmet компаниясы нысанды қалпына келтіру жұмыстарын бастап, оны заманауи талаптарға сай жаңартуды көздейді. Жоба компания қызметкерлері мен қонақтарының демалып, денсаулығын нығайтуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Самарқанд су қоймасының жағасында орналасқан «Самал» санаторийі 1980 жылы пайдалануға берілген. Көп жылдар бойы бұл мекеме Теміртау металлургтері үшін маңызды емдік-сауықтыру орталықтарының бірі болып келді. Мұнда демалушыларға медициналық процедуралар ұсынылып, тынығуға және денсаулықты қалпына келтіруге мүмкіндік жасалған.
Алайда, ғимараттың ұзақ уақыт пайдаланылуы салдарынан инфрақұрылымның тозуы байқалып, 2025 жылы нысан жұмысы тоқтатылды. Арнайы комиссиялардың қорытындысына сәйкес, ғимараттың техникалық жағдайы ем алушылар үшін қауіпсіз емес деп танылып, шұғыл күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі анықталған.
Qarmet компаниясы бұл нысанды жаңғырту туралы шешім қабылдап, қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары басталған. Компанияның күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренконың айтуынша, жөндеу жұмыстары бірнеше кезеңде жүргізіледі.
– Қазіргі уақытта нысанда ғимараттың жоғарғы қабаттарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Алдағы уақытта ішкі әрлеуді толық жаңарту, қасбеттерді қалпына келтіру және ғимаратты заманауи талаптарға сәйкес қайта жабдықтау жоспарланып отыр. Барлық жұмыстар нысанды қауіпсіз әрі қолайлы етуге бағытталған, – деді Алексей Сидоренко.
Жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше назар аударылады. Электр желілері, жылу жүйесі, сумен жабдықтау және сантехникалық жүйелер толықтай жаңартылмақ. Сонымен қатар, ғимараттың техникалық қауіпсіздігін арттыру үшін жаңа жабдықтар орнатылып, ішкі коммуникациялар заманауи стандарттарға сәйкес келтіріледі.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін санаторий-профилакторий толыққанды жұмысын қайта бастайды. Жаңғыртудан өткен «Самал» заманауи келбетке ие болып, демалушыларға жайлы жағдай ұсынатын сауықтыру орталығына айналмақ. Мұнда қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері ғана емес, өңір тұрғындары да демалып, емдік процедуралардан өте алады.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жоба – кәсіпорын қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Qarmet өндіріс саласымен қатар, еңбек ұжымының денсаулығы мен әл-ауқатына да көңіл бөліп келеді.
«Самал» санаторийінің қайта жаңғыруы Теміртау қаласының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да оң әсерін тигізбек. Болашақта бұл нысан өңірдегі сұранысқа ие демалыс және сауықтыру орталықтарының біріне айналады деп күтілуде.
Өз тілшімізден


