Бас тақырып

“Қосымша құн салығының өсуі аз қамтылған азаматтардың қалтасына салмақ салуы мүмкін”

Жаңа жылдың қаңтары жарқын үмітке толы. Ә деген беттен-ақ ұйытқи соққан қарлы жел өзгеріс хабарын алып келе салды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 18 шілдеде қол қойған, ал, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі эволюция деуге келмес, санадағы ретті революция деп бағамдасақ болар. «Неге?» деріңіз болса, ой елегінен өткізіп көрелік…

Суреттер МКД-нен алынды

– Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауырт­палық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз, қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.
Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық «Turkistan» газетіне берген сұхбатында.

Бастабында «Осы салықтық «қайта жүктеу» қарапайым қазақстандықтардың күнделікті өміріне қалай әсер етер екен?» деген заңды сұрақ әркімді болсын бір ауық ойға қалдыратыны бар. Әсіресе, Орталық Қазақстанда салық пен халықтың ахуалының мәні қандай? Мәшһүр философ Ральф Эмерсонның: «Қарыздың барлық түрінің ішінде адам салық төлеуге ең құлықсыз» деген сөзі бар. Жаңа Салық кодексінде «төлеу» түсінігі түбірімен өзгерді. Осы күні салық өтеуді әсілі «міндет» емес, ортақ игілікке салынған игілікті инвестиция дегеніміз оңдырақ. Жіліктесек, қосымша құн салығының 12%-дан 16%-ға өсуі, тауар бағасы 2-4%-ға қымбаттап, қалтаны жұқартуы айдан анық.

«Қай жеріңнен келеді, ойын күлкің?!» дегендей райда жүрген көпшіліктің көңілі көншімесі және аян. Көңіл – көңілімен, өмір – өмірімен. Ал, онда өтем ретіндегі стандартты салықтық шегерімнің 14 айлық есептік көрсеткішінің 30 АЕК-ке дейін ұлғайғанын неге ескермеске?

«Санаға салмақ түсірген салық» деп міней өте шығуға болады, әрине. Не дегенімізбен, «Салық – өркениеттің құны» деген трендтік ұстаным тұрғысынан таразыласақ, көңіл көзі кейінгі нұсқаны құптайтынын мойындап қоялық. Осы ретте жаңа кодекс қазақстандықтарды фискалдық жүйені жазалаушы қылыш емес, серіктестікке шақыратын әріптестік әліпбиі ретінде қабылдауға жүр-жүрлейді. Салықтық есептіліктің 30%-ға, тексеру амалдарының 20%-ға қысқаруы – бюрократиялық қамыттан босау.

Шағын бизнес өкілдері көбіне қағазбасты болып жүрген жағдайда, мұндай тәртіп өндіріс пен қызметке көбірек уақыт бөліп, «декларациямен дай-дидаулатуға» емес, нақты іске ден қоюға мүмкіндік ұсынады. Арнайы салық режимдері үшке дейін ықшамдалды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, фермерлер үшін және оңайлатылған декларация.

– Бұрынырақ салық режимдері жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көп еді-ау, қазір бәрі анық та қарапайым. Бес бармағымызды бүксек жеткілікті, – деп ескереді қарағандылық кәсіпкер, автосервис желісінің иесі Әсет Келесов. – Жаңа кодекс бізге қорықпай-демікпей ісімізді заңды негізде жүргізіп, жемісін жеуге көлегейге тығылғанша құрал-жабдыққа салым салуға жол ашады. Мұндай түбегейлі реформа отандық кәсіпкер атаулысының патриоттық сезімін де арттырады. Салықты өтеу – өз балаларың үшін жолдар мен мектептер салуға үлес қосу деген сөз.

Әлеуметтік салада (білім беру мен медицинада) ҚҚС-тан босату және дәрі-дәрмекке салынатын мөлшерлемені 8%-ға дейін төмендету жергілікті тұрғындарға тікелей әсер етеді. Өндірісі өрісті өңірдегі денсаулық сақтау секторы үнемі алдыңғы шепте тұрғанда (пандемияны еске алайық), мүлтіксіз мүмкіндіктер дәрі бағасын 4-5%-ға арзандатып, емделуді қолжетімді етеді. Тіпті, қала маңындағы ауылдық аймақтарда, отбасын асырап отырған фермерлер үшін шаруа қожалықтарына арналған оңайлатылған режим салықтан 20%-ға дейінгі үнем агроөнеркәсіптің дамуын ынталандырады. Осы тұста «ашықтық жолындағы тұрақтылық» деген қағидат нақты көрініс табады. Кодекске микро және шағын бизнеске сервистік сүйемелдеу тетігі енгізіліп, бейімдеу белдеуінің көкжиегі көрінеді. Енгізіп қана қоймай, олардың жаңа шындыққа ауыртпалықсыз бейімделуіне жол ашады.

Уағындағы есімі әйгі Британ премьер-министрі Уинстон Черчилль бір кездері әзілдеп: «Салық жинай жүріп, бір мезгілде сүйкімді болу – сүйіп жүріп, дана болумен бірдей» демесі бар ма. Қазақстан үшін мұндай әжуә әдепкі деу қисынсыз. Себебі, кодекс үдерісті цифрландыру арқылы «сүйкімді» болмағы парадокс деуден гөрі парасат шешімі деуге саярлық тұжырым. Декларация тапсыруға арналған мобильді қосымшалар, шегерімдерді автоматты есептеу тетіктері енгізілуде.

Базына айтқанға басалқы бар. Бәрі біркелкі емес. ҚҚС-тың өсуі аз қамтылған азаматтардың қалтасына салмақ салуы кәдік. Есесіне Үкімет тарабы зейнетақы мен жәрдемақы көлемін арттыру әдісімен өтемақы беруге уәде етуде (АЕК 4325 теңгеге дейін өсті). Демек, не?

– «Берсеңіз, аласыз, ексеңіз орасыз!». Өмірдің тепе-теңдік теңгерімі де осыған тірелмек, – деп пікір білдіреді фискалдық саясатқа маманданған тәуелсіз экономист Айгүл Жұмабаева. – Ұзақ мерзімді басымдықта кодекс қағидаттары экономиканы ынталандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыт сілтейді. Әлгі біз желіде желдей есетін патриотизм ондай болмас. Елжандылық ілкімді іске қосылған нақты үлес!

Соңында, жаңа Салық кодексі – ретті реформа болуымен бір қатарда ойлау машығындағы мәнді өзгеріс. Ғаламдық экономика да «Бүкпесіз салық – тұрақты дамудың кілті» боларлығын негіздейді.

Қазақстандықтар күшіне енген жаңа Салық кодексіне ой үйретіп, бой үйретіп жатқанында көршілес айыр қалпақты Қырғызстанда өзінің «салықтық ренессансы» төртінші жыл қатарынан өмір сүріп келеді. 2022 жылғы кодекс, 2023 жылғы түзетулері және 2025 жылғы жаңа амнистия. Екі ел де жүйені жеңілдету жолымен келеді. Ерекшелік те жоқ емес. Қазақстан тарабы прогрессия және өсетін ставкаға мән берсе, Қырғызстан мемлекеті біркелкі салық пен арнайы режимге көңіл бөледі. Онда біркелкі 10% жеке табыс салығы, жеңілдетілген арнайы режимдер мен экспорттық жеңілдіктер бар. Басымдық – қарапайымдылық пен әділеттілік, шағын бизнес пен инвестицияға қолайлы орта жасау. Қос ел де ашықтық пен цифрландыруға мән береді. Дала көршілері әртүрлі жолмен жүрсе де, мақсат бір – экономика мен азаматтарға тиімді, әділетті салық жүйесін қалыптастыру.

Қазақстан көмірінің басым бөлігін және мыс қорының елеулі бөлігін өндіретін өңір кен өндіру салығындағы (КӨС – кен өндіруден түсетін салық) өзгерістерді сезеді. Облыста өндірілетін кенге 2026 жылдан бастап, көлемі мен бағасына қарай 18%-ға дейін дифференцияланған ставкасы қолданылады. Бұл кәсіпорындарға салмақ түсіруі ықтимал. Бірақ, тиімділікті ынталандырады: компаниялар шығынды азайту үшін технологияға инвестиция жасайды. Көмір мен металдарға арналған ставкалар тұрақты қалады. Әйткенмен, жаңа кодекс геологиялық барлау мен амортизацияға кеңейтілген шегерімдер енгізеді. Әсіресе, күрделі жобалар үшін. Сарапшылар жаңа кодекс «жаңа салық мәдениетін» қалыптастыратынын баса белгілейді.

Халық, нарық, салық. Бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар. Соны салық жүйесі фискалды тәртіптен қаракөз жұрттың менталитетіне де игі әсер етерлігі әу баста баяндалған-тын. Сол тұсында тұра тұрғай. «Байлық байлықта емес, байлық – білімде» деген мәтел ендігі күнде «Айлық айлықта емес, айлық – ілімде» деген қосымшаны қажет ететіндей. Олай дейтін себебіміз, қалтамыздағы қаражатты меңгеру ілімін жетік үйренбейінше, жай-күйіміз байырғы қазақ фильміндегі балақайдың «ақша деген су ғой!», деп жымиған әулекі кебінен шықпасымыз тағы да айналып келер ақиқат. Салық әлімсақтан бар. Ал, жаңа Салық кодексі – әділет келісімі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button