Салық жүйесінде тың серпін
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған байланысты еліміздің барлық өңірлерінде түсіндіру жұмыстары басталды. Солардың бірі – Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» өткен ауқымды семинар. Семинарды Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті ұйымдастырып, аймақ кәсіпкерлеріне жаңа салық саясатының ерекшеліктері жан-жақты түсіндірілді. Семинарға республикалық деңгейдегі салық саласының мамандары, өңірлік мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері және кәсіпкерлер мен сарапшылар, мекемелердің есепшілері қатысты.

Әділетті және тиімді жүйе құру
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов жаңа Салық кодексінің негізгі мақсатын атап өтті.
– Бұл құжат салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге, жүйенің ашықтығын арттыруға және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Салық төлеушілер үшін барынша ыңғайлы, әділ әрі тиімді орта құру – басты басымдықтардың бірі, – деді ол.
Жаңа кодекс 2025 жылғы 18 шілдеде Мемлекет басшысының қол қоюымен қабылданды. 2026 жылдан бастап, қолданысқа енгізіледі. Оған дейін еліміздің барлық өңірінде жүйелі түсіндіру жұмыстары жалғасатынын атап өткен жөн.
Қарағандыдағы семинар барысында арнайы құрылған орталық жұмыс тобының мүшелері сөз сөйлеп, Салық кодексінің нормаларын түсіндірді, қойылған сұрақтарға жауап берді. Атап айтсақ, олардың қатарында Комитеттің әдістеме департаменті директорының орынбасары Ораз Абдрахманов, Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Гүлмира Смағұлова, Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Азамат Сүлейменов бар.
Кодексте қандай өзгерістер бар?
Жаңа Салық кодексі салық салудың барлық бағытын қамтитын кешенді өзгерістерді қарастырады. Жиында бұл туралы егжей-тегжейлі айтылды.
Жаңа Салық кодексіндегі басты өзгерістерді бірнеше топқа жинақтап көрсетуге болады.
Жаңа кодексте шағын және микробизнеске арналған арнайы салық режимдері сақталып отыр. Микробизнес субъектілері бұрынғыдай салықты жеңілдетілген тәртіпте төлеуді жалғастырады, кейбір қызмет түрлері мүлдем салықтан босатылады, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ҚҚС-тен босату мөлшері 70%-дан 80%-ға дейін арттырылды және бірнеше есеп беру формасы жойылып, оның орнына біртұтас жиынтық есеп енгізіледі.
Салықтық есептілік көлемі 30%-ға қысқарады, салық түрлерінің саны 20%-ға азаяды, салықтық жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылып, қайталанатын және тиімсіз тетіктер жойылмақ.
ҚҚС бойынша өзгерістерде базалық ставка – 16% болып белгіленді (бұрын 12% еді), дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін ҚҚС – 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10%.
ҚҚС-тан Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясындағы қызметтер, кітап басып шығару (тек баспа түрінде), археологиялық қазба жұмыстары, жеке және корпоративтік салықтарға қатысты жаңалықтар босатылады.
Корпоративтік табыс салығында негізгі мөлшерлеме – 20% болса, банктерге (бизнес субъектілерін несиелеуді қоспағанда), ойын бизнесіне 25% мөлшерлеме енгізіледі. Әлеуметтік саладағы ұйымдарға – 2026 жылы – 5%, 2027 жылы – 10%. Ал, ауыл шаруашылығы үшін жеңілдік мөлшерлеме сақталады – 3%.
Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асқан азаматтарға — 15% ставка қолданылады. Мұнда дивидендтер мен жылдық табысы 230 000 АЕК-тен асатын кәсіпкерлер үшін де – 15%.
Қымбат мүлік пен тауарларға 10% акциз салығы енгізіледі. Олардың қатарына бағасы 75 млн теңгеден асатын автокөліктер, 100 млн теңгеден қымбат теңіз кемелері, алкоголь мен сигара өнімдері жатады. Сонымен бірге, 450 млн теңгеден жоғары жылжымайтын мүлікке мүлік салығы ұлғаяды.
БЖЗҚ арқылы төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады, 10 жылдан асқан автокөліктерге көлік салығы төмендетіледі және мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік шегерім мөлшері артты.
Салық төлеушілерге арналған мобильдік қосымша арқылы төлемдерді есептеу және төлеу мүмкіндігі беріледі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режим қарастырылған. Сонымен бірге, бірыңғай жер салығы жойылып, арнайы салық режимдері үшке қысқартылды.
Жаңа кодекске сәйкес, 2026 жылдан бастап, жоспарлы салықтық тексерулер тоқтатылады. Барлық тексерулер тек ерекше жағдайларда – мерзімінен тыс жүргізіледі.
Нақтырақ айтсақ, шағын бизнес үшін – жылына ең көбі екі сұрату ғана, барлық тексеріс мерзімі (тоқтатуларды қоса есептегенде) – 180 күннен аспауы тиіс және мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері салық төлеушімен тек Электронды кабинет арқылы байланысады.
Жәнібек Нұржановтың айтуынша, болашақта салық берешегін өндіріп алу, бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру рәсімдері жеңілдейді. Шағын берешек үшін шоттар бұғатталмай, шаралар кезең-кезеңімен қолданылмақ.
Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды
Жиынға қатысқан Қарағанды қаласының салықтық құқық бойынша маманы, салық даулары жөніндегі заңгер Айжан Балакешова жаңа кодексті мұқият оқып-үйренудің маңыздылығын атап өтті.
– Бұл – ескі заңды түзету емес, тұтастай жаңа кодекс. Жаңа салық режимдері, есеп беру тәртібі, салық мөлшерлемелері – бәрі жаңаша. Иә, кейбір нормалар ауыр, бірақ кей кәсіпкерлерге жеңілдік те бар. Бұл реформаны елемеуге болмайды. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, – деді сарапшы.
Сонымен қатар, ол үкіметтен цифрландыру процесін жеделдетуді сұрайтынын да айтып өтті.
Сарапшы гибридті режимге ерекше тоқталды. Бұл – бұрынғы жеңілдетілген режим мен бөлшек салықтың элементтері араласқан жаңа тәртіп. Алайда, оған кіру үшін белгілі бір операцияларды жүзеге асыру қажет.
«Кодекстегі жеңілдіктер аз көрінуі мүмкін, бірақ олар бар. Мәселе – оларды түсініп, дұрыс қолдануда. Әр кәсіпкер заңды өзі үшін зерттеуі тиіс», – деп қосты Балакешова.
Түйін
Жаңа Салық кодексі – тек салық мөлшерлемелерін өзгерту емес. Бұл – елдегі салық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді, мемлекет пен бизнес арасындағы қатынасты жаңаша форматта құруды көздейтін кешенді қадам. Кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шаруа қожалықтары – бәрі өзгерістерді жіті бақылап, жаңалықтарды назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Кодекстің толық нұсқасы ашық қолжетімді. Әр азамат оны оқып, құқықтары мен міндеттерін білуі тиіс.
Қарағандыда өткен семинар мемлекет пен бизнес өкілдері арасындағы ашық диалогтың үлгісіне айналды.
Енді кәсіпкерлер мен азаматтарға өз қызметін жаңа ережелерге бейімдеуге бір жылдан астам уақыт беріліп отыр. Бұл уақытты тиімді пайдалану – әр салық төлеушінің міндеті. Ал, аймақтарда өтіп жатқан осындай кездесулер – нақты сұрақтарға жауап алуға таптырмас мүмкіндік. Себебі, 2026 жылдан бастап, жаңа ереже күшіне енетінін ескерсек, оған дайын болу – бүгіннен басталуы керек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»