Салық кодексі: ескі көлік иелеріне салық азаймақ
Қазақстанда енді көлікке салық саларда оның жылы да ескерілуі мүмкін. Үкіметте тиісті тарифтерді белгілеу жүргізіліп жатыр. Салық кодексіне өзгерістер енсе, ескі көлік тізгіндегендер аз мөлшерде салық төлейді, деп хабарлайды Ortalyq.kz 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Статистикаға сүйенсек, қазір елде тіркелген көлік саны бес миллионнан асқан. Оның 88%-ы жеңіл автокөліктер екен. Жеңіл автокөліктерге салынатын салық құны қазір көліктің қозғалтқышының көлеміне байланысты белгіленеді. Оның жаңа немесе ескі болуы маңызды емес. Кейде өте ескі көлікке салынатын салық құны жаңа жол талғамайтын көлікке белгіленген сомадан да асып кетеді. Енді әділдік болу үшін оның шыққан жылына да қарайтын салықтың сараланған тәсілі ұсынылып отыр.
– Ескі көліктер бойынша мәселелер әзірге үкіметте қарастырылып жатыр. Дифференциалды салық жылына байланысты қолданайын деп жатыр. Соған байланысты төмен салықтарды қарастырып жатыр, – деді Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Бауыржан Бекмұратов.
Қоғамда мұндай жеңілдікке жол берсе, елде ескі көлік саны көбеюі мүмкін деген пікір бар. Бірақ, көбі бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сарапшының пікірінше, ескірген көліктерге салық мөлшерін төмендеткеннен зиян жоқ. Елдегі көліктердің 50%-дан астамы тозғанын ескерсек, бұл салық ауыртпалығын жеңілдетеді дейді.
– Көлікке салатын салықты қайта қарайтын болса, көліктердің жылына қарай коэффиценттер бекіткені жөн. Өйткені жартылай тоқпен, жартылай жанармаймен жүретін көліктер де көбейіп жатыр. Қазір Қазақстандағы көліктердің жартысынан көбі 20 жыл бұрын шығарылған. Енді сол ескі мен жаңаны бірдей бағалауға келмейді, – деді сарапшы Алексей Алексеев.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.