Бас тақырып

Салық игілігі – халық игілігі

Қосымша құн салығын (ҚҚС) өсіру мәселесі күн тәртібіне шыққалы, қоғамдағы қобалжу да, әлеуметтік желідегі пікірлер дүрбелеңі де басылар емес. Әсіресе, қоғам белсенділері Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін дүрлігіп жүр. Талқыға түскен мәселе билікке де, бұқараға да маңызды болғандықтан шығар, таразы басы теңселіп тұр.
Жасыратыны жоқ, біздің қоғам ешнәрсенің байыбына бармай байбалам салатын «мінез» тауып алған. Әрине, ой еркіндігі бар қоғамда сергектік қалыптасып, еркін ой, ашық пікір қозғаушы факторға айналады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Біз өкінішке орай, қазір ұсыныс, жобаны түпкілікті шешім деп қабылдап, қарапайым халықтың сабырына «салқын тигізіп» отырмыз. Дегенмен, Үкімет ұсынған жобаның да, оған қарсы тараптың да уәжі көңілге қонымды екенін ескеруге тиіспіз. Бірақ, «Сенікі де – дұрыс», «Сенің ұсынысың да – орынды» деген әсіре ымырашыл байлам тығырықтан жол шығармайды.
Олай болса, мамандар пікіріне жүгініп, әлемдік тәжірибеге сүйеніп және бизнес қауымдастық наразылығына назар аудара отырып, мәселені «май шаммен қарап» көрелік…

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Қосымша құн салығы деген не?

Негізгі мәселеге көшпес бұрын, қоғамда қызу талқыланып жатқан қосымша құн салығы дегеннің не екенін анықтап алайық.

Ресми анықтамасында «ҚҚС – сатылатын тауар мен көрсетілетін қызметтің бағасы негізінде есептеліп, мемлекеттік бюджетке түсетін жанама салық түрі», – делінген. ҚҚС төлеу барлық кәсіпкерге міндетті емес. Тіркеу кәсіпкердің айналым көлеміне қатысты жүргізіледі. Тіркеудің шекті мөлшері туралы соңыра айтатын боламыз. Сондай-ақ, импортқа тәуелді кәсіпкерлер ҚҚС-ын айналып өте алмайды. Кез келген сауда операциясын растайтын түбіртектің соңында «В том числе НДС» деп (бізде қазақ тілінде жазылған түбіртек сирек беріледі ғой) тұратын төлем сомасы – осы қосымша құн салығы. Оның мөлшерлемесін Мемлекет билігі қолданыстағы Салық кодексі талаптары бойынша белгілейді. ҚҚС-ның мөлшері әлемнің әр елінде әртүрлі деңгейде. Қазақстанда – 12%. Біздегіден жоғары да, төмен мөлшерлеме белгілеген елдер бар.

Әйтеуір, біздің мөлшер Ресей, Беларусь, Армениядан төмен екендігін нақтылайды дереккөздері. Ең төменгі мөлшерлеме Катарда (5%) болса керек.

Біздегі салық көп мемлекеттен аз болғанымен, 12%-дың да санаулы күні қалған секілді. Осы ақпан айының соңына қарай Еуропа елдерінің алдына шықпасақ та, көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанды шаң қаптырғалы тұрмыз-ау…

Қосымша құн салығының тауар бағасындағы үлесін есептеп көрсету үшін қарапайым арифметикаға жүгінсек – жеткілікті. Мысалы, 30 000 теңгеге аяқ киім сатып алдыңыз делік. Бұл бағаға қосымша құн салығы қосылып есептеліп тұр. Яғни, бұл соманың 3 600 теңгесі бюджетке төленеді. Бұл – қазіргі 12%-дық ставкамен есептелгендегі баға. Ал, 20%-дық ставка кезінде әлгі 30 000 теңгенің 6 000 теңгесі мемлекет бюджетіне кетеді. Бірақ, кәсіпкер бұл етікті 30 000 теңгеге сатпауы мүмкін. Өйткені, ол оны Қытайдан немесе Түркиядан 18 000 теңгеге алған болса, тасымал шығыны жобамен әр етікке 2500 теңгеден деп алғанда етіктің өзіндік құны 20 500 теңге болып шыға келеді. Оған ғимараттың жалдау ақысы мен сатушының еңбекақысын қосыңыз. Міне, қомақты табыс тапқысы келген кәсіпкер ол етікті 35 000 теңгеге сатты дегеннің өзінде ҚҚС қарапайым тұтынушының қал­тасын «ұрып» тұрған болып шы­ға келеді.

Тәуелсіз сарапшылар мен кә­сіпкерлердің Үкімет бастамасына үдере қарсылық танытып жатқанының себебі – осы.
Сонда да, қос тараптың айтар уәж, келтірер дәлелін салмақтап кө­релік…

Жеті триллион жерде жатқан қаржы емес

Қарт тарихтың қатпарындағы деректер де, бүгінгі тәжірибе де ешқандай реформаның жеңіл қабылданып, ың-шыңсыз реттеле салмайтынын айтады. Мұндайда атам қазақ «Көш жүре түзеледі», – деген.

Ал, даму заңдылықтарына үңілер болсақ, кез келген өзгеріс (реформа) әлдебір қажеттілік пен мұқтаждық немесе ішкі мүмкіндік пен сыртқы ықпалдың әсерінен орын алатынын білеміз. Ал, Қазақстанда қосымша құн салығын 12%-дан 20%-ға көтеру қажеттілігі қайдан туындап отыр?

Біз қосымша құн салығының 20%-дық мөлшерлемесімен тұңғыш рет бетпе-бет келіп отырған жоқпыз. Бұрын (1995-2009 жж.) салықтың бұл түрін 20%-дық мөлшерлемемен мөлтектетіп төлеген елміз. Халық сол уақыттағы гиперинфляцияны қалай көтерді екен деп ойлаймыз кейде. Ғасырлар бойы бабалар арманы болған азаттыққа қол жеткізген елдің тарихи эмоциясы салықтың салмағына дес бермеген шығар деп ойлаймын өз басым.

Инфографиканы жасаған Е.Кеңесбекұлы

Сонымен, кеше жасалған салық жеңілдігін бүгін қайтадан алып тастауға не себеп?

Жобаны ұсынушы тарап, яғни, Үкімет мұның бірнеше орнықты себебін алға тартады. Мәселен, бюджет тапшылығы. Дәл осы 2025 жылға арналған республикалық бюджеттің кіріс көлемі – 21,39 триллион теңге болса, шығыс көлемі – 25,19 триллион теңге болады деп болжануда. Нақтысын айтсақ, 4 триллион теңгеге жуық тапшылық тақымдап тұр. Аз қаржы емес. Нарыққа негізделген сметалық құнымен есептегенде, 3 мың мектеп салынбай қалады деген сөз. Немесе 4 триллион дегеніңіз – Қазақстандағы 2,5 миллион зейнеткердің бір жылдық зейнетақысы. Ал, бюджет кірісі мен шығысының теңгерімін қалыптастыру үшін тағы да Ұлттық қорға қол созамыз. Осы Ұлттық қордан жыл сайын олқы бюджетке трансферт ала беруді тоқтатудың басты жолы ҚҚС-ын өсіру екенін айтудан танбайды Үкімет бастамашылары.

Сонымен қатар, жобаны ұсынушылардың айтуынша, 20%-ға еселенген қосымша құн салығы әлеуметтік жобаларды жүзеге асы­рудың әбігерін шегереді екен. 28 қаңтарда өткен Үкіметтің ке­ңейтілген отырысынан кейінгі брифингте Премьер-Министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин:

– Егер реформа қазіргі жоба негізінде жүзеге асырылатын болса, онда халықты әлеуметтік қолдау көлемін арттыратын боламыз. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы мен зейнетақыны индекстейміз, – деген болатын. Көңілге қонымды, құлаққа жағымды уәж. Соңғы екі-үш жылда қоғамда серпіліс тудырып, тынбай талқыланып келе жатқан салық реформасының түпкі мақсатына үңілсеңіз, халық игілігін арттыруға деген ұмтылысты аңғарар едіңіз. Солай бола тұра, бұл мәселе тамырынан талдап, соңғы шешімге дейінгі кезеңдегі пікір, ұсыныс атаулының барлығын жан-жақты таразылауды талап етеді. Бірде-бір пікір, бірде-бір сарапшылар сараптамасын назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені, біздің қоғамда салықты жақсы көретін кәсіпкер жоқ, ал, «айқайға аттан қосып», елді дүрліктіруді жақсы көретіндер өте көп. Сол үшін әркімге талқыланып жатқан жобаның жай-жапсарын терең біліп, салмақты сараптама жасай алатын деңгейде ғана пікір айту керек шығар…

ҚҚС-ын 16%-ға көтеру ар­қылы мүмкін болатын игіліктің қа­тарында отандық өнім өнді­рушілерді, яғни, өңдеу өнеркәсібі саласына көрсетілетін қолдауды айтады бастамашы топ. Бұл қалай? Импортқа тәуелділіктен арылу үшін отандық өндіріс, оның ішінде өз шикізатымыздан өнім өндіріп, оны алыс-жақын шетелдерге экспорттайтын кәсіпкерлер ҚҚС-ынан босатылады. Жаңадан әзірленген Салық кодексі отандық бизнеске осындай қолдау көрсетпек. Ал, импортқа тәуелді кәсіпкерлер үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Министрлік өкілдерінің тағы бір уәжі бар. Олар ҚҚС-ын 16%-ға өсірген жағдайда бюджетке қосымша 5-7 триллион теңге қаржы түсетінін айтады. Бұл дегеніміз – әлгі кіріс пен шығыс арасындағы 4 триллион алшақтықты толық жауып, бюджет қоржынына қосымша 2-3 триллион салатындай мүмкіндік. Әрине, жеті триллион жерде жатқан қаржы емес!

Тіркеудің шекті мөлшері шегеріле ме?

Әуелі, «тіркеудің шекті мөлшері» деген не? Осы сауалдың жауабын бере кетейік. Дәл қазір қолданыстағы салық заңнамасы бойынша жылдық айналымы 78 миллион теңге болатын бизнес нысандары ғана қосымша құн салығын төлейді. Бұл 78 миллион қайдан шықты, қалай есептелді? Заңға сәйкес, бұл шекті мөлшер АЕК-тің 20 мың еселенген көлеміне тең болуы керек екен. Оны да есептеп шығарайық. 2025 жылғы АЕК мөлшері 3932 теңге болып белгіленген. 20 000 х 3932 = 78 640 000.

Тағы да Ұлттық экономика ми­нистрі Серік Жұманғариннің мә­лімдеуінше, еліміздегі 2 миллион 300 мыңнан астам салық тө­леушінің тек 137,7 мыңы ғана қосымша құн салығын төлеуші ре­тінде тіркеліпті. Бұл – барлық салық төлеушілердің 6%-ы ғана. Осылардың ішінде ҚҚС-ын нақты төлейтіндері 88 мың ғана немесе барлық салық төлеушілердің 4%-ы.

Әрине, мына статистика рас болса, бүгін-ертең бюджеттің бүй­ірін шығару мүмкін емес. Шы­нымен де, бір амалын қарастырмаса, бюджет тапшылығы тапжылмайды. Енді Үкімет осы тіркеудің шекті мөлшерін 78 миллионнан 15 миллионға дейін шегеру керек деген ұсыныс айтып отыр. Сонда ҚҚС-ын төлеушілер қатары тағы 300 мың кәсіпкермен толығады екен.

Сонымен, Үкімет қосымша құн салығын көтеріп, шекті мөлшерді шегермекке не себеп екенін «соқырға таяқ ұстатқандай» етіп түсіндіріп-ақ жатыр. Ұлттық қордағы болашақтың бәсіресін қотара жұмсап, қордың түбін тықырламай-ақ тығырықтан шығудың жолы «ҚҚС-ын 20%-ға болмаса да, 16%-ға көтеру» және тіркеудің шекті мөлшерін шегеру дейді. Сонда ғана бюджетіміздің бүйірі шығып, жол салу, инфрақұрылымды жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту деген секілді игілікке еркін қол жеткізеді екенбіз. Құп делік… Ал, оның салдары ше?

Салдарының салмақты болатынын сарапшылар мен кәсіпкерлердің өздері айтып, құдайдың зарын қылуда. Үкімет елді бюджет дағдарысынан арашалап қалатын жол осы дейді. «Былай тартсаң – өгіз өледі, былай тартсаң – арба сынадының» кері болып тұр. Бізде бірнеше жылдан бері бюджет тапшылығын оңтайландырудың бір ғана амалы қолданылып келеді. Ол – Ұлттық қордан қаржы алу. Ал, Ұлттық қор сауын сиыр емес қой. Мамандар оны дәл бүгінгі «тәбетпен сора беретін» болсақ, алдағы 10-15 жылда қордың түбі көрінетінін айтып, дабыл қағуда.

Сарапшы-экономист Андрей Чеботарев: «Алдымызда екі жол тұр. Бірі – «Бәрі жақсы» деп өз-өзімізді алдап, тарифтер мен салық мөлшерін осы деңгейде ұстап, ұрпағымыздың ақшасымен, қарызданып өмір сүру. Екіншісі – тарифтер мен салықтарды көтеру. Әрине, мұны бірте-бірте, кезең-кезеңімен іске асырып, әлдеқайда ертерек бастау жеңіл болар еді», – дейді.

Сөйтіп, салық өсе ме, шекті мөлшер шегеріле ме? Бұл мәселе санаулы күнде, Парламент талқысынан кейін белгілі болады. Әзірге даурықпасақ та жарайтын шығар… Осы тұрғыдан алғанда Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдері өте салмақты сабыр танытып, байсалды бағыт ұстанып отыр. «Біз – орындаушы органбыз. Жоғарыда не шешіледі, қалай шешіледі, біз солай жұмыс істейміз. Түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін ғана біз түсіндіру жұмыстарын бастаймыз. Әзірге пікір білдіруге дайын емеспіз», – дегеннен әріге бармады. Біз түсіністік таныттық.

Кәсіпкерлер «көлеңке іздеп» кетпей ме?

Өзекті тақырыпты талқылаудағы біздің мақсат – төрелік айту немесе ахуалды ушықтыру емес, әлеуметтік желі мен ел аузындағы алып-қашпа дақпырттың алдын алу. Сондай-ақ, сарапшылар мен сала мамандарының көңілге қонымды пікірлерін көлденең тарта отырып, оқырмандарға, яғни, қарапайым халыққа ой салу.

Талқылауға берілген уақыт – шектеулі. Шешім қабылданар шешуші сәтке де санаулы-ақ күн қалды. ҚҚС ставкасы өссе, тіркеудің шекті мөлшері шегерілсе, отандық бизнестің жүгі ауырлап кетпей ме? Бұл сұрақ әсіресе, кәсіпкерлерді қатты толғандырып отыр.

Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Сара Жүнісова: «ҚҚС-ын көтеру мен шекті мөлшерді азайту салық түсімін еселейді деген жай сөз. Бұл жағдайда бірқатар кәсіпкерлер «көлеңкелі экономика» режиміне көшіп, біршамасы жұмысын тоқтатады. Инфляция икемге көнбей, бағаның шарықтағаны сонда болады. Жұмысын тоқтатқан бизнес нысандарының қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтырады. Оның арты әлеуметтік наразылыққа ұласуы әбден мүмкін. Одан да Үкімет бюджеттік дағдарысты болдырмаудың басқа да жолдарын қарастырғаны дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, тиімсіз жобаларды қаржыландыруды азайту керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі қатаң талап қойды. Сондықтан, ҚҚС ставкасын көтерумен мәселе шешілмейтінін, одан да мемлекеттік о

Жасыратыны жоқ, ресми дерек көздері жариялап жатқан сарапшылар пікірі тіркеудің шекті мөлшерін азайту көлеңкелі экономикаға жол ашып, инфляцияның бел алуына жеткізеді, «қосарланған бухгалтерия» қайтадан амалға көшіп, ірі компаниялар бірнеше ұсақ кәсіпорынға «айналып шыға келеді» деген салмақты уәж төңірегіне тоқайласып жатыр.

Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің сарапшысы Николай Абт та бұл реформаның ешқандай тиімділігі болмайтынын тілге тиек етті. Ол: «Салықты көбейтіп, шекті мөлшерді азайту деген бастама қымбатшылыққа алып келеді. Бағаның өсімі сәйкесінше сұраныс көлеміне кері ықпалын тигізеді. Ал, сұраныс азайған болса, онда несиеге малтыққан көптеген шағын және орта бизнес нысандары біржола құрдымға кетті дей беріңіз. Ал, ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу шегінің мөлшері азайған жағдайда салықтан жалтарушылар көбейіп, салық түсімі бұрынғыдан да азайып кетуі мүмкін. Елімізде енді ғана қалыптасып келе жатқан инвестициялық қолайлылық күрделеніп қана қоймай, мүлде жойылуы ықтимал. Сондықтан, бюджет тиімділігін арттыру үшін басқа амал қарастырған абзал», – дейді.

Ал, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің ұстанымы бұл жобаның негізінде аса қауіптенетіндей ештеңе жоқ екенін меңзейді.

– Бюджет саясатында өзекті мәселе бар. Бұл үшін ҚҚС ставкасын көтеріп, соны­мен қатар жұмыс берушінің әлеуметтік жә­не міндетті зейнетақы төлемде­рін азайту қажет. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсім­ді ынталандыруға, инф­ра­құрылымның қарқынды дамуын қам­тамасыз етуге және басым салалардағы перс­­пективалы бизнес-жобаларды қолдауға бағытта­латын болады, – деген уәж айтады Премьер-Министр. Ал Ұлттық эко­номика министрі Серік Жұманғарин: «Әрине, тек салықтарды өсіру арқылы мемлекеттің эко­номикалық мәселесін шешу жөн болмайды. Бизнес біршама шығынға ұрынуы мүмкін. Мем­лекет қосалқы шығындарды өтем­ақы ретінде өтеуге дайын», – деп, ҚҚС көтерілген жағдайда бұл өзгерістің инфляцияның құбылуына, тауарлардың 4%-дық қымбаттауына алып келуі мүмкін екенін мойындап отыр. Алайда, министр ҚҚС азықтүлік, басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарларға және халыққа қызмет көрсету орындары мен базарларда сауда жасайтындарға еш қатысы болмайтынын да айтады.

Біздің түйін

Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Үкімет ҚҚС-ын өсіру туралы ұсынысын 20 ақпанға дейін Мәжіліс қарауына тапсырады. Мәселе әлі де талқыланып, пікірлер ескеріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылы өткен Үкімет отырысында: «ҚҚС-ын 12-ден 16 пайызға көтеру – түпкілікті шешім емес. Қазақстанда мүлдем басқа сипатқа ие болған ҚҚС-ының өзін де реформалау керек», – деген болатын.

Әрине, реформа қиындықсыз өтпейтінін қайталап айтқымыз келеді. Өзгерістің тиімсіз жақтары мен жағымсыз салдарлары қысқа мерзімге ғана қиындық тудырып, мемлекеттік қолдаулар нәтижесінде қалыпқа келіп жатқанын көріп жүрміз ғой. Бұл да солай болады деп сенейік.

Ел Президенті тағы бір сөзінде: «Қателесуге құқымыз жоқ… Жалпы, әрине, реформа қажет екенін растаймын», – деді. Бұл – үміттің ұшқыны. Бюджеттің тоқ болғаны – Үкіметке де, халыққа да маңызды. Олай болса, әлемді шарпыған геосаяси ахуалдың қолайсыз һәм күрделі кезеңінде ел ішіндегі мүдделер қайшылығына жол бермеген абзал екенін ойласақ екен.
Ең бастысы, салық – жаза емес, заңдылық.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button