«Салтанат» аспан асты еліне жол ашты
Осыған дейін республика шегінен шығып, Франция, Германия, Қарақалпақстан, Түркия, Болгария, Ресей, Польша елдерінің өнерсүйер тұрғындарын таң-тамаша қалдырған Қарқаралының «Салтанат» ән-би ансамблі қыркүйек айының ортасында Қытай халық республикасының мәдени орталығы саналатын Шанхай қаласындағы әлемдік өнер мерекесі «ShanghaiFest» халықаралық фестиваліне қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Аспан асты еліндегі бұл фестиваль көгілдір планета тұрғындарының өзара достығын нығайтып, халықтар арасындағы мәдени байланысты арттыруды мақсат етеді. 36 жылдық тарихы бар осы додаға әрбір күзде ондаған елдің шығармашылық ұжымдары қатысып, өз ұлттарының өнердегі жетістігін паш етеді. Биыл Қазақстан алғаш рет бұл фестивальға қатысу мүмкіндігін иеленіп, еліміздің рухани жетістігін көрсету мәртебесі қасиетті Қарқаралының «Салтанат» ән-би ансамбліне бұйырыпты. Бұл – республикамыз, оның ішінде облысымыз үшін зор мәртебе, әрі тарихи оқиға. Фестивальға қазақ ұлты атынан қатысқан қарқаралылық қырық өнерпаз көшпелі жұрттың бай салт-дәстүрін жарқырата көрсетіп, аспан асты елі көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.
Фестивальға арнайы әзірленген бағдарламаға қосымша, көрермендердің сұрауы бойынша, домбырашыларымыз А.Имекеев, Е.Сәменов, А.Қабыкенов, Е.Төлепбергенов, А.Кәкім, М.Сембек халық күйлерін, жеке дауыста Е.Уалханов халық әні «Құралайды», Д.Ахметжанова Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлауын», А.Әбілқасымова халық әні «Ахау керімді», Б.Жекеева, Д.Ахметжанова және А.Әбілқасымова «Қытай әнін» шеберлікпен орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Фестиваль барысында оны ұйымдастырушылармен қатар шетелдік қонақтар да қазақ халқының рухани бай мұрасын, аспандағы аққуға үн қосқан әуезді әндері мен көз сүйсіндіретін көркем билерін ерекше ықыласпен қабыл алып, жоғары баға берді. Қазақ өнерінің қайталанбас нақышына тәнті болған жергілікті халық пен мереке меймандары ұлттық мәдениетімізге өте зор қызығушылық танытты.
Бұл сапар Қарқаралының «Салтанат» ән-би ансамблі үшін ғана емес, жалпы өңір мәдениеті үшін жаңа белеске айналды. Шанхайдағы өнер мерекесінде таныстырылған бағдарламалар мен қазақ халқының бай мұрасын көрермендердің ыстық ықыласы – халықаралық сахнадағы беделімізді нығайтып, алдағы уақытта да мәдени алмасуларды күшейтуге жол ашады. Ансамбль мүшелері бұл тәжірибенің оларды жаңа ізденістерге жігерлендіріп, репертуарын байыта түсуге серпін бергенін атап өтті.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»