Салт-дәстүр жаңғырған күн
№95 мектеп-гимназиясындағы мектепалды даярлық тобының оқушылары дайындаған Наурыз мерекесі қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері және әдет ғұрпымен таныстырумен ерекшеленді.
Мектептегі «Армысың, Наурыз!» мерекесінің өз деңгейінде өтуіне ат салысып, басы-қасында жүрген мектепалды даярлық тобының оқытушысы Айжан Қапылысқызы Күржікеннің еңбегін атап өтпесе болмайды. Ертеңгілікте қазақтың ежелгі қыз қуу, ат жарысы, бесікке салу, арқан тартыс, асық атыс ойындарын көрермендер алдында сахналаған бүлдіршіндер салт-дәстүрлерге үйреніп қана қоймай, ата-аналарының алдында өз өнерлерін ортаға салды. Ал осы дәстүрлерді көрсетуге арналған барлық көрнекіліктер мен бұйымдардың барлығын ұстаздары Айжан Күржікен өз қолымен дайындапты. Қазақтың ою-өрнектерімен әдімеліп жасалған құрақ көрпелер, тұскиіздер мереке ажарын аша түсті.
Бүлдіршіндердің ата-аналарына арнап дайындаған концерттік бағдарламасы да басталды. Наурыз, көктем туралы жаттаған өлеңдерін оқып, жыл мезгілдеріне байланысты жұмбақтар шешуден жарысқа түскен оқушылар өздерінің танымдық деңгейлерін арттырды.
Ал, мереке соңында Наурызға қатысуға келген ата-аналар өз қолдарымен дайындаған ұлттық тағамдардан дастархан жайып, мектеп мұғалімдері мерекелік астан дәм татты.
Ботакөз АХМАДИЕВА,
№95 мектеп-гимназиясының ата-анасы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.