Жаңалықтар

Салт білгеннің сағы сынбас

Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Ел аумағында тұратын өзге этностар өз салт-дәстүрлерін еркін насихаттап, тамырынан қол үзбей дамып келеді. Бұл үшін бар жағдай жасалған. Сонымен қатар, олар қазақтың салт-дәстүрін біліп, оны құрметтеуге міндетті. Осыған орай, «Қазақтану» жобасы аясында «Достық» үйінде «Халық дәстүрлерінің ұлы құндылығы» атты облыстық Ассамблея жастары арасында зияткерлік ойыны өтті.

Шараның мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз бір сөзбен айтқанда ұлттық кодымызды дәріптеу. Сондай-ақ, мемлекетімізде ұлттық саясатты іске асыру бойынша, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық ынтымақтастықты нығайту, – деді Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметі басшысы Индира Тоқмурзина.

Шара басталғанға дейін көрермендер көрме тамашалады. Көрмеге «Назарбаев» зияткерлік мектебінің «Көзешілер» үйірмесінің қыштан жасалған бұйымдары қойылған. Үйірме жетекшісі – Қайыржан Жамелов. Сонымен қатар, қой жүні, сабын және су қосу арқылы киіз басу әдісімен жасалған портреттер көрменің сәнін кіргізіп тұр. Бұл жеке шағын кәсіптің иесі – Наталья Боротинская.

Зияткерлік ойынға этно-мәдени орталықтар мен оқу орындары студенттерінен құралған 6 топ қатысып, 3 бөлім бойынша білім жарысына түсті.

«ALTYNTOI» агенттігі мен «Талшын» өнер ұжымы сайысты қазақы нақыштағы ән, мың бұралған би және ұлттық дәстүрлерімізді насихаттайтын сахналық көріністерімен сүйемелдеп, әрлеп тұрды.

Білім додасы өте тартысты өтті. Көз қуантарлық жайт – өзге ұлт өкілдерінің қазақша таза сөйлеп, ұлттық нақыштағы киімдермен сызылта би билеп, ән айтып, қойылым қойып, әдет-ғұрыптарымызға байланысты сұрақтарға мүдірмей жауап бергендері еді. Кемшіліксіз ештеңе болмайды. «Әттеген-ай» деген тұстары да болды… Десек те, көңілге қуаныш ұялатар сәттер басым болғандығын сүйсіне айтуымыз керек.

Командалар «Шілдехана», «Үйлену тойы», «Қазақтану» бөлімдері бойынша білім жарыстырып, әр байқаудың шартына сай өнер көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша киімдері шараның шарттарына сәйкес келмейтін, замануилық көрсетеміз деп, тақырыпқа селқостық танытқан, қазақы салт-дәстүрге ат-үсті қарап, сахна мәдениетіне пысқырмаған «Дружба» командасы өкінішке орай ең төмен ұпаймен ең соңғы орыннан көрініп, қатысқаны үшін Алғыс хат алды.

Жүлделі III орын мен 15 мың теңгенің сертификатын неміс этно-мәдени орталығының «Сияние» тобы иеленсе, II орын мен 25 мың теңгенің сертификаты екі бірдей командаға бұйырды. Олар: ҚарМТУ жанындағы Инновация колледжінің «Сұңқар» және казак этно-мәдени орталығының «Вольница» командасы.

Білім жарысының басынан ерекше көзге түскен ҚарМТУ жаныдағы Инновация колледжінің «Тұлпар» командасы I орын мен 30 мың теңгенің сертификатын қанжығалады.

Ал, осы сайыстың басынан аяғына дейін шашасына шаң жұқтырмай оза шапқан, өзге этнос өкілдері бола тұра қазақшаға судай, салт-дәстүрге өте жетік Банк колледжінің «Сүйінші» командасы Бас жүлде мен 40 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Кеш соңында барлық кеш қонақтары естелікке суретке түсіп, «Атамекен» әнін қосыла шырқап, сайыстың нүктесін қойды.

Мен – Қарағанды Банк колледжінің студентімін. Сайыс маған қатты ұнады. Қызықты әрі тартысты болды. Барлық командалар жақсы дайындықпен келген екен. Дайындығымыз аз болса да, бар күшімізді салып, топ жардық. Жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. Қазақ мектебін бітіргем. Қазақ тобында оқып жүрмін. Бізді осы сайысқа барын салып дайындаған, есепшілікке үйрететін ұстазымыз Мәдениет Нәсіпханқызы мен қазақ тілі мен әдебиетін бойымызға сіңіріп жүрген, ұстазымыз және осы сайысқа бастап келген ақын Кәмшат Хасенге алғысымыз шексіз. Келесі жылы мұнан да тыңғылықты дайындықпен келеміз, – деді бас жүлде иегері «Сүйінші» командасының капитаны Анна Кузминка.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button