Ресми

Сала саңлақтарының салтанаты

Қарағанды облысының полиция департаментінде учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар слеті өтті. Онда жыл қорытындыланып, Жаңа жылдық мереке қарсаңында құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

– Сіздер, учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар құқық тәртібін қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтардың алдын алуда үнемі алдыңғы қатардасыздар. Азаматтардың қауіпсіздігі сіздің жұмысыңыздың сапасына байланысты. Учаскелік қызметкерлер кәсіби деңгейін үнемі арттырып, халықпен байланыста болып, туындайтын қауіп-қатерлерге уақытылы ден қойып, алдын алуы қажет. Егер қызметкер сапалы жұмыс істесе, онда оның учаскесінде әрдайым тәртіп болады, – деп атап өтті полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов.

Биылдың өзінде бюджет есебінен полицейлер үшін 200 автокөлік сатып алынды және Қарағандыда бірнеше мобильді полиция пункті ұйымдастырылды. Бұл туралы жиында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей айтып өтті.

Облыстағы учаскелік инспекторлардың имиджін арттыру және қызметін ынталандыру үшін былтырдан бастап, жыл сайынғы «Мамандық бойынша үздік» байқауы өткізіліп келеді. Жеңімпаздарға 2 млн теңге көлемінде облыс әкімінің сыйлығы беріледі.

Айдын Бұлкенов биыл «Қалалық жердегі ең үздік учаскелік инспектор» атанды. Ол қазір Қарағанды полициясының Оңтүстік-Шығыс бөлімінің учаскелік инспекторы болып жұмыс істейді. «Ауылдық жерлердегі үздік учаскелік инспектор» атағын Қарқаралы ауданының полиция бөлімінен Ернұр Әткенов иеленген.

Бұдан бөлек, учаскелік инспекторлар, ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары арасында «Мамандығы бойынша үздік» облыстық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Оларға полиция департаментінің грамотасы және Ішкі істер министрлігінің нышаны бейнеленген сағат сыйға тартылды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button