Сала саңлақтарының салтанаты
Астанада алғаш рет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумы өтті. Елдің түпкір-түпкірінен келген 2 мыңнан астам форум делегаттары аграрлық саланы дамытудың жолдарын талқылады. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Егін салып, мал бағып, еңбектің нанын адалынан тауып, молшылықты еселеп жүрген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мерекеде бірқатар мемлекеттік наградаларға да ие болғанын да айту керек. Ал, Қарағанды облысынан форумға 130-дан астам адам қатысты.
Соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш
Алдымен, Мемлекет басшысы форумға қатысушыларды ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады.
– Сіздерді ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында қарсы алғаныма қуаныштымын! Ең алдымен, баршаңызды алдағы кәсіби мереке – ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күнімен құттықтағым келеді. Біздің іс-шарамыз Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Әрине, бұл ауқымды науқанның нәтижелері әртүрлі бағаланғанын білесіз. Алайда, тың игерудің арқасында отандық аграрлық сала айтарлықтай оң өзгерістерге ұшырады. Ал, еліміз қысқа уақытта әлемдегі басты астық қоймаларының біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды, ел картасында жаңа елдімекендер пайда болды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазақстан бүгінде егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде алтыншы орында. Одан бөлек, бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Ал, ұн экспорттауда көш басындағы елдің бірі.
– Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтты. Мақсат – ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру. Бүгінде азықтүлік қауіпсіздігінің жаһандық индексіндегі Қазақстанның көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Осылайша, 2022 жылы Қазақстан 32-ші орынға көтеріліп, ТМД елдері арасында көш бастады.
– Біз ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті озық салаға айналдыруымыз керек. Агроөнеркәсіптік кешен экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуы тиіс. Бұған бизнес те, мемлекет те мүдделі. Ең алдымен, бұл азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауыл тұрғындарының өмірі мен әл-ауқаты да саланың жағдайына тікелей байланысты, – деді Президент.
Қолдау нәтижеге жеткізді
Қасым-Жомарт Кемелұлы атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін қозғады.
– Саланы қаржыландыру мәселесін шеше отырып, мемлекет ағымдағы жылы АӨК шығындарын едәуір арттырды. Енді фермерлер көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 5% мөлшерлемемен жеңілдікті несие алады. Оның көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты, кейін ол бір жарым триллион теңгеге дейін жеткізіледі. Биыл дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 16 центнерді құрады. Бұл заманауи агротехнологияларды қолдану, жоғары сапалы тұқымдарды, тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолдану, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту арқасында мүмкін болды. Енді жиналған өнімді сақтау және оның бағасының құлдырауына жол бермеу міндеті тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері астықты басқа облыстарға жеткізуді жедел қамтамасыз ету қажеттігін де айтты. Ол үшін өңір әкімдерінің үйлесімді жұмысы қажет.
– Мол өнімнің кепілі – егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы қаржыландыру. Жыл сайын фермерлер төлемдердің кешігуіне байланысты егін егуде қиындықтарға тап болды. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікті несиелер биылғы желтоқсан айынан бастап қолжетімді болады. Нәтижесінде фермерлер жанармай, қосалқы бөлшектер, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді алдын ала сатып ала алады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы форум барысында Үкіметке субсидия берудің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ, саладағы нарықтық тәсілдерді дәйекті түрде нығайту қажет екенін айтты.
Жылқы шаруашылығы институты құрылады Форумда көтерілген тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту. «Бүгінде әлемдік азықтүлік нарығында бәсекелестік күшейіп келеді. Бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін ғылымның дамуына басты назар аудару қажет», – деген Мемлекет басшысы стратегиялық басымдықтардың бірі – селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жылқының қазақ халқының тарихында аса маңызды рөл атқарғанына тоқталды және елімізде жылқы санының тұрақты өсіп келе жатқанына қуанышын білдірді. Бірақ, асыл тұқымды жылқының үлесі небары – 1%. Яғни, 4,2 миллион бас жылқының тек 40 мыңы ғана таза тұқымды. Оның пікірінше, асыл тұқымды жылқыларды өсіруге көп көңіл бөліну керек.
– Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мен бұған дейін Адай жылқысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты. Алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр, небәрі 280 бас қалған. Сондықтан, жылқының санымен қатар, сапасын арттыру — маңызды міндет. Биыл қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейту үшін арнайы заң қабылдадық. Енді бұл бағытта тағы бір маңызды қадам жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған орай, Президент жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырды.
– Мен Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырамын. Білікті мамандар мұны көптен бері айтып жүр. Құзырлы органдар қысқа мерзім ішінде осы мәселені пысықтап, қаржы көздерін нақтылауы керек, – деді ол.
Еңбегімен еңселі
Президент Жарлығымен ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ майталмандарға мемлекеттік наградалар табысталды. Жемісті еңбегі үшін марапатталғандардың қатарында Осакаров ауданына қарасты «Садовое-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейтін Садовое ауылдық округінің тұрғыны Татьяна Москвина бар.
Татьяна Богдановна 1967 жылғы 5 ақпанда дүниеге келген. Алғаш рет 1986 жылы Осакаров ауданындағы Садовое шаруашылығының №3 бөлімшесіне сауыншы ретінде жұмысқа қабылданды. Бүгінге дейін бір орында табан аудармастан еңбек етіп, жұмысына жауапты әрі ұқыпты Татьяна Москвина Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алғанын айту керек.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысып, алған әсерім ерекше. Барғанша ерекше толқығаным рас. Әсіресе, мемлекеттік награданы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алу мен үшін үлкен мәртебе. Мұның барлығы – әлбетте, еселі еңбектің жемісі. Адал еңбек табысқа жеткізетініне көзім жетті. Кейінгі жастарға да осыны жеткізгім келеді. Ештеңе оңайшылықпен келмейтіні анық. Еңбек етіп, батылдықпен алға ұмтылғанда ғана нәтижеге жетуге болады, – дейді Татьяна Москвина.
Форумға қатысқан облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінгені құптарлық жағдай екенін айтады.
– Ауыл шаруашылығы саласының табыстылығы көп жағдайда ауа райына тәуелді. Осыған байланысты, облыста бірқатар жобалар қолға алынды. Мәселен, суармалар жерлерді қайтадан енгізіп жатырмыз. Жалпы, Қарағанды – өндірістік өңір. Соған қарамастан биыл ауыл шаруашылығы саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұл – аграршылардың ерен еңбегі арқылы келген жетістік. Олардың барлығы форум барысында айтылып, лайықтылары мемлекеттік наградаларға ие болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарымызға ерекше ризашылығын білдірді, – дейді Саят Қабиденұлы.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz