Жаңалықтар

Салғырттық сан соқтырады

Өңірде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» үгіт-насихат және профилактикалық іс-шарасы өткен болатын. Акция аясында жергілікті атқарушы органдардың, еріктілер мен полиция қызметкерлерінің, халықты әлеуметтік қорғау саласы мамандарының қатысуымен 3890 тұрғын үй тексерілген. Нәтижесінде, 10 638 тұрғынға өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы нұсқаулық берілген. Одан бөлек, 27 отбасының тұрғын үйлерінің мұржасы тазартылып, төрт үйдің пеші жөнделіпті. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар тұратын үйлерге – 53, жеке тұрғын үй секторындағы 198 баспанаға иіс тиюдің алдын алу датчигі орнатылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов мәлімдеді.

Сурет ЖИ

Айта кетейік, акцияның негізгі мақсаты – тұрғын үй секторында өрттің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе, іс-шара барысында газ қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. 15 автогаз құю станциясында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында көлемі 27 литрлік тұрмыстық газ баллонын заңсыз толтырудың бір дерегі анықталыпты.

– Газ баллондық жабдықтарды пайдалану бақылауға алынып, газ-баллонды жабдықталған көліктерді белгіленбеген орындарға, соның ішінде, паркинг аумақтарына қоюға жол берілмейтініне ерекше назар аударылды. Қарағанды және Теміртау қалаларының төтенше жағдайлар басқармалары Қарағанды өндірістік филиалы «Qazaqgaz Aimaq» АҚ-пен бірлесіп, ай сайын тұрғын аумақтарын аралау кестесін бекітеді. Биылғы айлық мониторинг барысында 70 үй қамтылып, 110 тұрғынға нұсқаулық берілді, – деді Құрмет Жұмекенов.

Өңірде 39 мектепке дейінгі білім беру ұйымында өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіруге бағытталған оқыту іс-шаралары өткізіліпті. Әрі 98 білім беру мекемесінде өрт туындаған жағдайда дұрыс іс-қимыл жасауға бағытталған оқу-жаттығулар ұйымдастырылған. Сондай-ақ, халықты барынша қамту және жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында WhatsApp мессенджерінде арнайы профилактикалық чаттар құрылған. Қазіргі уақытта облыс аумағында төмен температуралық көрсеткіштер сақталуда. Осыған байланысты жылыту құрылғыларын пайдалану қарқынды режимде жалғасып отыр.

– Аязды кезеңде өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау қажет. Ақауы бар пешті, жылыту құрылғыларын пайдалануға болмайды. Мұржаларды уақытылы тазалап, қосулы электр жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмаған жөн. Ең бастысы, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу қажет. Газ жабдықтарын пайдалану кезінде де қауіпсіздік талаптарын сақтаған жөн. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша «Жедел желі» өз жұмысын бастады. Енді тұрғындар аталған байланыс арнасы арқылы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты кеңес алып, қажетті түсіндірме жұмыстарымен таныса алады, – деді Құрмет Рахметұлы.

Халықты барынша ақпараттандыру мақсатында коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп, тұрғындарға арналған бірыңғай төлем құжаттарына өрт қауіпсіздігі талаптары туралы жадынамалар енгізілген. Сонымен қатар, кинотеатрларда фильм көрсетілімдерінің алдында, LED-экрандарда және мәдениет үйлерінде өрт қауіпсіздігіне қатысты арнайы бейнероликтер көрсетіліпті. Әрі білім бөлімдерімен бірлесіп, аталған бейнематериалдар жалпы білім беретін мектептердің ата-аналар чаттары арқылы да таратылған. Себебі, қауіпсіздік – бәрінен маңызды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button