Салқар сапардың сайыпқырандары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген сөзі баршамыздың еңбек адамына деген көзқарасымызды жаңалады десек, жаңсақ айтпағандаймыз.

Көген басы
Кез келген күні дүние жүзіндегі миллиондаған адам атаулысы автобус, пойыз және ұшаққа мініп сапар шегеді, яки, жүгін жеткізу үшін көлікке иек артады. Көлік қызметкерлері күні елімізде кәсіби мереке болғанымен, қоғамдық көлік қызметкерінен бастап, жүк көлігінің жүргізушісіне, әуежай қызметкеріне әрі одан тыс жерлерге дейін көлік қызметкерлерінің көріне бермейтін бейнеті мен зейнетін осындай атаулы күнде ой елегінен өткізіп жатамыз. Сабақтайық.
Өмір – бір серуен, адамдар – керуен дейтін болсақ, ол керуеннің тасымал қызметіне лайықты етіп, әуел баста жылқыны қолға үйретіп, дөңгелек ойлап тауып, онан соң ұшақты әуеде қалықтатқан адам ақылының харекеті телегейлі тарих арнасын өркениет өрісіне бағыттағаны аян. Күн сәулесімен жарысқан біздің ғасырға таман көлік секторы бұрын пенде елестетіп көрмеген тәсілдермен түбегейлі өзгерді. Электр автобустары, автоматтандырылған жеткізу дрондары және жүрдек пойыздар күнделікті ғұмырымыздың шындығына айналып сала берді.
Сандық әдіспен қанша әдіптелсе де, теңдессіз технология да әлі де адамның бақылауын қажет етеді. Көлік қызметкерлері жаңа технологияларға бейімделіп, осы инновацияларды басқарудың ажырамас бөлігіне айналды. Көлік қызметкерлері туралы бір ауық ойланғанымызда, біз автобус жүргізушілерін немесе пойыз кондукторларын көз алдымызға көлденең келтіреріміз һақ. Бірақ, бұл бағыт әлдеқайда күрделі. Аз-кем тоқталып көрелік. Автобус жүргізушілері және пойыз операторлары қоғамдық көліктің негізі ретінде қызмет етеді. Жолаушыға межелі жерге қауіпсіз және тиімді жетуге көмектеседі. Иә да, жүк көлігінің жүргізушілері азықтүліктен электроникаға дейінгі тауарлардың дүкендерге, үйлерге және әлдебір кәсіпорындарға келуін қамтамасыз етеді. Көбінеки қатал жағдайларда ұзақ қашықтықты жүріп өтеді. Авиакомпания ұшқыштары және әуе диспетчерлері күн сайын мыңдаған рейстерді үйлестіру арқылы қауіпсіз әуе жолын қамтамасыз етеді. Қоймалар мен жеткізу тізбектеріндегі логистикалық үйлестірушілер жеткізілімдердің уақытылы келуін қамтамасыз ете отырып, оқиғалардың сахна артында қозғалуын қамтамасыз етеді.
Дана қазақ «Жол азабы – көр азабы», «Шөлмен жүрсең де, жолмен жүр», «Бір күндік жол жүрсең, үш күндік азық ал» деп тегіне тұспалдамаса керек-ті. Салқар сапардың сайыпқырандары күнбе-күн, жылма-жыл тосын түйткілдерге тап болып жатады. Ұзақ ауысым, қолайсыз ауа райы, болжанбас көліктің кілт қозғалысы сынды жайсыз жайттар олардың күнделікті кездесетін кедергілердің бірнешеуі ғана. Ал, жүк көлігінің жүргізушілері үшін жолдағы шақырымдар мен отбасынан алыс уақыт қымбатқа түсуі бек мүмкін. Қоғамдық көлік қызметкерлері үшін сырқатқа шалдығу қаупі, соның ішінде, COVID-19 пандемиясы кезінде сарсаң мен стресс, белгісіздік деңгейін күрт арттырды. Не дегенімізбен, қияндағы қиындықтарға қарамастан, көлік қызметкерлері қызметін қалтқысыз атқаруды жалғастыру үстінде.

Өзгеріс өзегінде
Бүгінімізге көз жүгіртсек, көлік қызметкерлерінің ендігі болашағы жаңа технологиялардың пайда болуымен қалыптасатынын көреміз. Автономды көліктер, электромобильдер және жасанды интеллектпен жұмыс істейтін логистикалық жүйелер жағдайды түбегейлі өзгерту үстінде. Бірақ, технология дамыған сайын да, саналы адамның қадағалауы қауіпсіздік, шешім қабылдау және тұтынушыларға қызмет көрсету үшін маңызды болып қала береді. Бір жұпыны мысал, өзін-өзі қаншалық басқара аларлық дәреметі бар жүк көлігі жақын арада жүгін жолсыз тасымалдауы кәдік болса да, жүргізуші қауымы әлі де күрделі бағыт атаулысын немесе күтпеген жағдайды жеңіп, еңсере алуы керек. Сол сияқты, әуе қозғалысын басқару жүйелері де автоматтандырылғанымен, диспетчер күтпеген төтенше жағдайды басқару ісінде әлі де маңызды рөл атқарады.
Осы тұрғыда тұрақты келешектің кілті – бейімделу үдерісі болмақ. Көлік қызметкерлері осы жаңа технологиялармен қатар дамуды жалғастырмағы алдымен өзі үшін ләзім. Ал, бұл қосымша дайындықты, жетілдірілген құралдарды және лауазымдық міндеттерді өзгертуді қажет етеді. Сондықтан, технологияға ғана емес, оның артындағы жұмыс күшіне де инвестиция салу маңызды.
Иә, атаулы күнде осы жандардың ақзер әлемімізді ұдайы қозғалыста ұстаудағы жанкешті қарекетін ғана емес, жұмыс уақытының ұзақтығын, таңының атысын, түнінің бір уағын және олардың күнделікті кездесетін қиындықтарын мың бір парасын түсінеміз. Не десек те, бір күндік ризашылықтан басқа, сіз бен біз күнбе-күн көркем мәміле жолымен ілтипат көрсетуіміз келешегімізді кемел ете түсердей. Осындайда ел Президентінің «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», – деген нақыл сөзі еске оралады.
Тоғыз жолдың торабындағы тұғыр
Облыс тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан көлік-логистикалық әлеуетін жылдан-жылға нығайтып, асқақ абыройға бастап келеді. Азды-көпті мысалдардың көгенін ағытар болсақ, Sary-Arka халықаралық әуежайында былтырдан бері мульти-модель CargoHUB жобасын жүзеге асыру басталды. Бірқыдыру қарманыстың арқасында жүк өңдеу жылына 15 000‑нан 200 000 тоннаға дейін өседі деп болжанады. Түп нәтижесінде 2030 жылға қарай 2 000 жаңа жұмыс орнын құру және салық түсімдерін ұлғайту қарастырылмақ. Бүгінде халықаралық бағыттар аясында Эквадор, Нидерланд, Бельгия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен коммерциялық жүк рейстері табысты жұмыс істеп келеді. «Қытай-Еуропа» бағытындағы техникалық қону саны да мейлінше ұлғайтылады.
– Біз аспанда ұшатын ұшақтарды ғана емес, жердегі сандаған тапсырмаларды да қаз-қатар үйлестіріп отырамыз. Әр рейс – ондаған адамның тағдыры, мыңдаған шақырым жол. Қазір жүк рейстері артты. Халықаралық байланыс нығайып келеді. Кейде түн ауғанша жұмыс істейміз, бірақ, әр ұшқан ұшақ пен аман жеткен жүк – еңбегіміздің жемісі, – деп пікір қосты әуе қозғалысын үйлестіру диспетчері Айдана Серікқызы.
Жолдың жон арқасындағы жайттарға зер салған болсақ, 4 700 шақырымдай жаңа автожол, оның ішінде, «Қарағанды-Жезқазған» сынды маңызы терең 572 шақырымдық жол салынып жатыр. Облыста 1 032 шақырым жол жөнделген. «Қарағанды-Балқаш», «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы жолдары қайта салу мен қайта құрылымдаудан өту кезеңінде. Мұнымен дерек пен дәйектің суаты тарылмайды. «Теміртау-Қарағанды» және «Солтүстік-Шығыс» айналма жолдары енгізіліп, өңірлік орталықты транзит жүктемеден азайтуға септігін тигізуде. Облыстағы жергілікті жолдардың шамамен 700 шақырымға дейін жөндеуден өту қажеттігі бар.
Теміржол инфрақұрылымындағы игіліктерді шолғанымызда Қарағандыда 31 жолаушылар теміржол станциясы жұмыс істейтіндігін, «Қарағанды-Жезқазған» маршруты елдімекендерге апта сайынғы тұрақты жолаушылар қатынасын қалпына келтіргендігін, 50 000‑нан астам адам тасымалданғандығына көз жеткіздік. Ендігіде осы жылы 225 жаңа жүк вагонын сатып алу, «Достық-Мойынты» және Алматы айналма желісі сияқты жобаларды аяқтау межеленген. Осы арқылы пойыздардың күнделікті жұп жүрісі 5 есеге артады.
Қарағанды қазіргі уақытта логистикалық инфрақұрылымды белсенді модернизациялау үстінде. Жаңа қоймалық кешендер, теміржол және әуе хабтары, жаңартылған жол торабы. Бұл өңірді Қазақстан мен Еуропа арасындағы транзиттік маңызды бағдарға айналдырып, экономикалық өсуді қамтамасыз етпек.
Тәртіп пен технология
Қарағанды қаласы – еліміздегі өндіріс пен ғылымның ірі орталығы ғана емес, сонымен қатар, заманауи технологияларды игеру жолында алдыңғы қатарда келе жатқан шаһар. Соңғы жылдары қала көшелеріндегі көлік қозғалысының артуына байланысты билік өкілдері мен кәнігі мамандарды тың шешімдер іздеуге итермеледі. Солардың бірі – интеллектуалды көлік жүйелерін (ITS – Intelligent Transportation Systems) енгізу. Жүйе – жол қозғалысын басқарудың заманауи әдісі, онда цифрлық технологиялар, датчиктер, бейнебақылау құрылғылары мен жасанды интеллект біріктіріле отырып, көлік ағынын оңтайландыруға бағытталған. Қарапайым тілмен айтқанда, ITS – қаланың «ақылды жол сақшысы».
Интеллектуалды жүйелердің ең басты артықшылығы – жол-көлік оқиғаларын азайтуға мүмкіндік беруі. Бейнебақылау камералары мен жылдамдықты бақылайтын құрылғылар арқылы ереже бұзушыларды автоматты түрде анықтап, жедел әрекет етуге болады. Сонымен қатар, жол-көлік жағдайын талдап, қауіпті аймақтарды алдын ала анықтап, тиісті шаралар қабылданады. Қарағандыда таңғы және кешкі уақытта кейбір көшелерде көлік тығыздығының артатыны белгілі. ITS сынды ақылды технологиялар маңызды мәселені шешуде тиімді құрал болмақ. Жол қиылыстарындағы бағдаршамдар көлік ағынына қарай автоматты түрде реттеліп, жүргізушілерге ең ыңғайлы бағыт ұсынылады. Мұндай жүйе тек уақытты үнемдеп қана қоймай, жанармай шығынын да азайтады.
Кептелістердің азаюы – ауаның ластану деңгейін төмендету деген сөз. Интеллектуалды жүйелер экологиялық тұрғыдан да тиімді. Автокөліктердің артық тұруы мен қозғалыстағы уақытын азайту арқылы зиянды газдардың бөлінуі қысқарады. Ақылды тұрақ жүйелері арқылы жүргізушілер бос орындарды онлайн режимде көріп, уақыт үнемдей алады. Сонымен қатар, қоғамдық көліктің қозғалысы да жүйеге енгізіліп, жолаушылар нақты уақыттағы кестені бақылап, өз бағытын тиімді жоспарлай алады. Интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу – тек техникалық жаңалық емес, ол – қаланың болашағына салынған инвестиция. Қарағанды осындай жаңашыл бастамалар арқылы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, еліміздің басқа өңірлеріне үлгі бола алады. Интеллектуалды көлік жүйелері Қарағандыны қауіпсіз, ыңғайлы әрі экологиялық таза қалаға айналдыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бүгінгі технология – ертеңгі тыныш әрі жайлы өмір кепілі. Әлбетте, бұл келер күннің еншісіндегі нығмет.
– Қарағандыда көлік қозғалысын реттеуде интеллектуалды жүйелердің енгізілуі – өте орынды әрі уақыт талабына сай шешім деп санаймын. Өзім күн сайын жұмысқа барып-келгенде көшелердегі көлік ағынының қаншалықты өзгергенін байқап жүрмін. Бағдаршамдардың көлік көлеміне қарай реттелуі, жүргізушілерге нақты бағытты ұсыну сияқты мүмкіндіктер расымен де жолдағы стресті азайтады. Бұрын таңғы уақытта ұзақ тұрып қалатын едім, қазір көп жағдайда қозғалыс біршама жеңіл. Сонымен қатар, ақылды тұрақтар мен қоғамдық көлік кестесінің онлайн режимде көрсетілуі – заманауи қалаға тән ыңғайлылық. Ең бастысы, мұндай тиімді шешімдер экологияны жақсартуға ықпал ететіні қуантады. Қарағандының дамып жатқанына қуаныштымын. Технологияны дұрыс пайдалансақ, болашағымыз жарқын болары сөзсіз! – деп ой тұжырады қала тұрғыны, ІТ маманы Филип Нұртаев.
Осы орайда көлік саласының қажырлы қызметкерлері мен қадірлі ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Сіздердің табанды еңбектеріңіз бен ел игілігі жолындағы өлшеусіз үлестеріңіз әрқашан жоғары бағаланады. Еселі еңбектеріңізге толағай табыс, көшелі істеріңізге сәттілік пен береке тілейміз!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»