Спорт

Қарағандыда спорт нысандарының көбеюі – ұлт саулығына бағытталған ұзақмерзімді инвестиция

Тәуелсіздік жылдары Қарағандының тек келбеті ғана емес, оның рухы да жаңа серпінге ие болды. Бұрын өндіріс қазанында қайнап, темір мен тасқа толы шаһар енді спорттық өмірдің де орталығына айналды. Ескі нысандар жаңарып, жаңа кешендер бой көтерді. Ал, сол алаңдарда тер төккен кешегі күннің жастары бүгінде өңірдің спорттық, мәдени және рухани бейнесін айқындаушы жаңа буынға айналды. Әрине, бұл өзгеріс­тер бір сәтте келген жоқ.

Суреттер дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Еліміз тәуелсіздік туын тіккен күннен бастап, өңірімізде спорт жаңа тыныс алды. Қарағандының қақ төрінде орналасқан Н.Әбдіров атындағы спорт сарайы мен «Шахтер» стадионы сол жаңғырудың айқын айғағы. Бұған қоса, Жастар спорт кешені, Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық манеж, Beeline Arena теннис орталығы сынды заманауи нысандар бой көтеріп, қаланың спорттық келбетін түбегейлі өзгертті. Бұл үрдіс тек орталықпен шектелмей, қала аудандарына дейін жетіп, жаңа спорт кешендері бой көтерді. Жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулудың берік іргетасы қаланды. Бүгінде сол кешендерден түлеп ұшқан талай спорт саңлағы әлемдік ареналарда топ жарып, көк байрағымызды биікке көтеріп жүр. Сол өзгерістердің айқын көрінісі ретінде өңірде бой көтерген екі ірі спорттық нысанды ерекше атап өтуге болады. Оның бірі жастар мен көрермендерді мұз айдынында тоғыстырған «Қарағанды-Арена» болса, екіншісі болашақ чемпиондардың қанатын қатайтқан облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар‑жасөспірімдер мектебі.

«Қарағанды-Арена» – елдің байрағын биікте желбіретер чемпиондардың екінші үйіндей. Бұл мұз сарайы ашылған күннен бастап, Қарағандының спорттық картасын түбегейлі өзгертті. Қаланың күнделікті тынысына жаңа ырғақ, жаңа мазмұн қосылғандай. Бұрын шеберлігін шыңдау жолында сыртта жүрген спортшылар өз жерінде, өз көрерменінің алдында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Ал, бұл дегеніңіз тек спортшылар үшін ғана емес, тұтас өңір үшін рухани серпіліс болатын.

Осы кешеннің салынуы Қарағанды хоккейінің даму жолындағы бетбұрыс кезеңге айналды. «Сарыарқа» хоккей клубының ел чемпионы атанып, халықаралық ареналарда өнер көрсете бастады. Жүйелі жұмыстың, нақты саясаттың және заманауи инфрақұрылымның нәтижесінде толайым табыстарға да қол жеткізді. Бүгінде бұл арена кәсіби спорттың ғана емес, болашақ чемпиондардың да үлкен мектебі. Жанкүйерлердің қуанышы мен толғанысы тоғысқан, жеңіс пен жеңілістің, үміт пен сенімнің мекеніне айналды. Ал, мұз айдынындағы әр ойын қала тарихының қатпар-қатпар қойнауына еніп, күні бүгінге дейін жаңғырып тұр.

Еліміз егемендік алғаннан кейін ұлт болашағын саламатты өмір салтымен, тәртіп пен спорт мәдениетін қалыптастыруда ұзақмерзімді саясат қолға алынды. Соның нәтижесінде балалар мен жасөспірімдерді кәсіби спортқа баулуға арналған бірқатар стратегиялық нысандар бой көтеріп, өңір спорты жаңа сапалық деңгейге бет бұрды. Сол нысандардың ішінде маңызы мен миссиясы айрықша облыстық Олимпиадалық резерв мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі. Содан бері бұл нысан болашақ чемпиондардың алғашқы қадамына жол ашқан іргелі қарашаңыраққа айналды.

Мектептің тарихы тереңде жатыр. Алғаш 1971 жылы спорттық бағыттағы интернат ретінде құрылған. Уақыт өте келе, колледж деңгейіндегі кешенді оқу-спорт орталығына ұласты. Ал, тәуелсіздік жылдары оның тынысы кеңейіп, мазмұны байи түскен болатын. Мектеп-интернатына қазақтың қайсар қызы, елдік рухтың символы Әлия Молдағұлованың есімінің берілуі де осы рухани сабақтас­тықтың айқын көрінісі еді. Дарынды балаларды ерте жастан анықтап, оларды кәсіби спортқа бағыттау – дәл осы спорт мектебінің басты миссиясы. Республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарға лайық спортшыларды тәрбиелеп, Олимпиадалық резервті толықтыру бүгінде мектеп жұмысының өзегіне айналған. Бұл қарашаңырақтың шәкірттері үшін спорт тек жарыс алаңы емес, мінезді шыңдайтын, ерік-жігерді бекемдейтін өмір мектебіне айналған.

Қарағандыда спорт нысандарының көбеюі ұлт саулығына бағытталған ұзақмерзімді инвестиция. Жас ұрпақтың бос уақытын мазмұнды арнаға бұрып, арманын нақты мақсатқа, талпынысын табанды еңбекке айналдыруға жол ашқан маңызды мүмкіндік. Мұндай нысандар арқылы Қарағанды өзінің өндірістік қала ретіндегі бейнесін кеңейтіп, спорт пен руханияттың, тәрбие мен табандылықтың ордасы екенін айқын дәлелдеп отыр. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан осы спорттық кеңістік өңірдің бүгінгі жетістігі ғана емес, ертеңгі жеңістерінің берік іргетасы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button