Жаңалықтар

Сайын далада – петроглифтер

Жезқазған өңірінде «Білеуті-2021» тарихи-танымдық экспедициясы аяқталды. Оның мақсаты – белгілі бір аймақты зерттеу және жаңа туристік маршрут құру.

Экспедицияға қатысушылар бұрын зерттелмеген петроглифтер мен таудағы жұмбақ әріптерді, көп камералы үңгір мен жезтырнақ тастарын, жартастағы дөңгелек ойықтарды – ежелгі металлургтердің әзірлемелерінің іздерін тапты. Жаңа тарихи олжалар еш жерде сипатталмаған, оларға қазақстандық көрнекті ғалымдар қызығушылық танытып үлгерді.

– Бізде көптеген қызықты және зерттелмеген орындар бар, сондықтан біз Жезқазған археологиялық мұражайымен бірлесіп, Білеуті өзені мен атақты Бұланды шайқасы болған жер арасындағы аумаққа шағын экспедиция ұйымдастыруды ұйғардық. Оның құрамына археологтар, тарихшылар, жолсеріктер, туризм мамандары кірді, – деді экспедиция жетекшісі, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының ғылыми қызметкері Кешубай Байділдинов.

Білеуті өзенінің маңынан саяхатшылар суреттері бар жартастар мен тастарды тапқан. Оларды тек мамандар ғана анықтап, шеше алады. Қозыбай елді мекенінде олар қара тастарға соғылған және жақсы сақталған. Петроглифтердің басқа галереясын ынтагерлер Ақкиік деген жерден сұр-көк тастардан тапты.

Сондай-ақ экспедиция мұшелері Малқар үңгіріне барды.

– Бір қызығы, кіреберісте түйелердің басына ұқсайтын екі тік тас табылды, олардың мақсаты белгісіз. Үңгірдің өзі биік аркалармен, күрделі өткелдермен қызықты, олардың кейбіреулерін тас басып, үйіп тасаған. Сондай-ақ, екі жерден петроглифтер табылды. Экспедициядан кейін мұражайда дөңгелек үстел өткіздік. Мамандар бұл жер әлі зерттелмегенін айтты. Келесі жылы біз зерттеуді жалғастырамыз, – дейді экспедиция жетекшісі.

Келесі жылы экспедицияға Қазақстанның басқа мұражайларынан тарихшылар мен археологтар қосылуға дайын.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button