Ресми

Сайлау санитарлық шараларды сақтай отырып, бұзушылықсыз, қалыпты өтуде – ресейлік байқаушы

Қарағанды облысында ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан халықаралық байқаушылар тобы жұмыс істеуде. Таңертең олар облыс орталығындағы және басқа қалалардағы сайлау учаскелеріне барды.

Миссия мүшесі, Кузбасс Парламентінің депутаты, Кемерово мемлекеттік университетінің Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі Алексей Зеленин сайлау барысы туралы өз пікірімен бөлісті.

– Біздің делегация құрамында алты адам бар. Біз Қарағанды облысында жұмыс істейміз. Қарағандыдағы бірнеше сайлау учаскелеріне барып, басқа қалаларға барамыз. Қазіргі уақытта бізде еш ескертулер жоқ. Барлығы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, қалыпты өтіп жатқанын көріп отырмыз. Сайлаушылардың ерік білдіруіне ештеңе кедергі етпеуде. Ең бастысы, әрине, эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау. Барлық учаскелерде жеке қорғаныс құралдарының бар екенін көріп отырмыз, – деп атап өтті ресейлік байқаушы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің №66 сайлау учаскесінде болған кезде.

Ол сайлауды ашық және жариялы атмосферада өткізудің маңыздылығын атап өтті. Халықаралық байқаушылар жұмысының негізгі қағидаттары бейтараптық, мемлекеттің ішкі істеріне араласпау болып табылады.

– Қазақстанда көппартиялықты және саяси бәсекелестікті дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған реформалар жүргізілді. Бақылаушылар миссиясының жұмысы заңдылық процесін көру үшін өте маңызды, – дейді сұхбаттасушы. – Кемеровтен Қазақстанға жол қиын болды – мен Минск арқылы ұшып келдім. Қарағанды облысына келгеніміз өте жақсы болды. Бізді көп нәрсе біріктіреді: өнеркәсіп те, тарихи байланыстар да.

Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сайран Ұлақовтың айтуынша, сайлаушылар ағыны бірқалыпты жүріп жатыр. Алғашқылардың бірі болып 85 жастағы ақсақал дауыс берді.

– Біз егде жастағы сайлаушыларға қоңырау шалдық – бізде 80 жастан асқан 90-ға жуық адам бар. Кейбіреулер мамандар үйге келуін қалады. Алайда көпшілігі өздері келетіндерін айтты, – дейді комиссия басшысы. – Мен сайлауда бұрындары да жұмыс істегенмін. Коронавирустық пандемия өз түзетулерін енгізді. Ең алдымен, бұл санитарлық шараларды қатаң сақтау. Дауыс беру залында ылғалды жинау, кварцтау, желдету жұмыстарын жүргіземіз. Көріп отырғандарыңыздай, стендтерде алдыңғы перде жоқ: жабық кеңістікте қауіп көп. Еріктілер кезекшілік етеді, олар ережелерді түсіндіреді және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектеседі.

ҚР ОСК деректеріне сай, Қарағанды облысы бойынша сайлаушылардың 12.00-ге дейінгі сайлауға келуі 33,5%-ды құрады. Күні бойы ақпарат жаңартылады. Сайлаушылардың келуінің алдын ала қорытындылары 22.00-де шығарылады деп күтілуде.

Басқа материалдар

Back to top button