Бас тақырыпЖаңалықтар

Сайлау қорытындысына – салмақты сараптама

Бейсенбіде «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде ҚР Президенттігіне үміткер болған Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ облыстық қоғамдық штабының жұмыс қорытындысы мен Мемлекет басшысының сайлау бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Алқалы жиынға «Nur Otan» партиясының ардагерлері, партияның аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, партия тәлімгерлері, партиялық бақылау комиссиясының төрағалары мен «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

– 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен болатын. Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әр азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды. Сондықтан, бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі деп бағалауға болады. Бір ел, бір халық болып мемлекеттің алдағы даму жолын айқындадық, – деді «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Қадиша Базарбайқызы сайлау кезеңінде республикалық, облыстық, аймақтық желілік кестеге сәйкес, облыста 1 миллионнан астам адам қамтылған 4 мыңнан астам шара өткізілгенін тілге тиек етті. Барлық шара қандай да бір кедергісіз, ескертусіз ұйымдастырылды. Үгітнасихат жұмысы басталғаннан бері қолға алынған «Есіктен – есікке!» акциясына 1690 адам қатысса, соның 1184-і сенімді тұлға мен 516 белсенді азамат болды. Акция аясында 564 000 пәтер мен үйдегі 800 000 адам қамтылды. Яғни, аймақтағы барлық үй шаруашылығы қамтылды деуге болады. Сондайақ, «Бірге» акциясы аясында келіп түскен 56 000 брошюра таратылып, нәтижесінде жерлестерімізден 30 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Бұл акция дауыс берушілерге «Nur Otan» партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау бағдарламасын қалыптастыруға қатысуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, келіп түскен өтініштердің 70%-дан астамы «Nur Otan» партиясының кандидатына жеңіс тілесе, 15%-ы әлеуметтік кепілдікті жетілдіруге, 10%-ы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 5%-ы жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты болды.

Бұдан бөлек, сенімді тұлғалар желілік кестеден тыс 5 мыңнан астам шара өткізіп, онда 1 миллионға жуық адам қамтылды. Ал, желілік кесте аясында ұйымдастырылған барлық шара бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы жарық көрді. Осындай жұмыс барлық аумақтық штаб қызметкерлері, белсенділер мен сенімді тұлғалар, блогерлер тарапынан да жүргізілді. 300 000 адам қамтылған 2690 жарияланым жасалды. Жалпы, облыста дауыс берушілердің сайлау учаскелеріне келуіне қатысты белсенді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді.

– Жезқазған аймағындағы республикалық штабтың жұмысына тоқталғым келеді. 12 мамырда республикалық қоғамдық штабтың мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен отырыс өтті. Осы күндері 5 мыңға жуық сайлаушылармен кездесу өткізіліп, 6 өндіріс ошақтарында жұмысшылармен әңгіме-сұхбат құрылды. Сондай-ақ, аталған қоғамдық штаб жанында қабылдау жұмысы жүргізіліп, 52 сайлаушының өтінішіне қатысты заң шеңберінде түсіндірме жұмыстары қолға алынды. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үй шаруашылығы мәселесін тілге тиек етті. Бұған қатысты қала әкімдігімен уақытылы жұмыс жасалып, халықпен тікелей байланыс орнатылды, – деді облыстық мәслихаттың депутаты, Саяси кеңес мүшесі Бекзат Алтынбеков.

Отырыс барысында Саран қалалық мәслихатының депутаты, техникалық колледж директоры Меруерт Мамирова және «Jas Otan» жастар қанатының мүшесі, «Болашақ» академиясының студенті Бексұлтан Мағрұжап баяндама жасап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған 10 бағытын жүзеге асыру мәселесі егжейтегжейлі талқыланды.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button