Ресми

Сайлау кеншілер сарайында өтеді

14 қаңтар күні облыстағы Сенат депутаттарының сайлауы Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының ғимаратында өтеді. Сол күні дауыс беруге облыс мәслихаттарының барлық деңгейдегі депутаттары жиналады. Сайлаушылар сенатор мандатына үш үміткердің біріне дауыс береді.

Облыс әкімдігінде облыстық сайлау комиссиясының бастамасымен Сенат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру бойынша бірлескен кеңес өтті.

– Қарағанды облысында Сенат депутаттығына жеті кандидат ұсынылды. Үш кандидат тіркелді: облыстық мәслихат депутаты, коммерциялық құрылымның қызметкері және қоғамдық ұйымның өкілі, – деді Қарағанды облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов.

Облыстық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов, оның кандидатурасын Нұра және Осакаров аудандарының мәслихаттары ұсынған. Ал, Қарағанды облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Мұрат Әбілов пен Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина өзін-өзі ұсынып отыр.

Қазіргі уақытта үгіт-насихат науқаны жүріп жатыр, кандидаттар сайлаушы депутаттармен кездесу ұйымдастыруда. Ал, 13 қаңтар, жұма күні тыныштық күні жарияланады. Сайлау өтетін Кеншілер мәдениет сарайында барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілетін болады.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық ұйымдастыру мәселелерін толық шешуді тапсырды.

– Үздіксіз интернет байланысын, дауыс беру орнын материалдық-техникалық жарақтандыруды және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамта[1]масыз ету қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сенатты қалыптастыру тәртібі ҚР Конституциясында айқындалған. Парламенттің жоғарғы палатасында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Астанадан екі адам ұсынылған. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде сайлаушылар – мәслихат депутаттары жасырын дауыс берген кезде сайланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл. Құрамның жартысы үш жыл сайын қайта сайланады.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button