Сайлау күнгі жәрмеңке
Приозерск тұрғындары таңнан бастап сайлау учаскелеріне келе бастады. Учаскелердің бірінде дастархан жайылып, келушілерге дәм қойылған. Ал, басқа сайлау учаскесінде азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
№802 сайлау учаскесінің аумағында сайлаудың құрметіне орай ұйымдастырылған азық-түлік жәрмеңкесінен сауда жасаушыларды байқадық. Онда қала тұрғындары азық-түлікті нарық бағасынан төмен бағаға сатып алуда. Қолайлы бағамен картоп пен көкөніс, ет, балық, құс еті, шұжық өнімдері, бал, күнбағыс майы, бақша дақылдары, сүт өнімдері саудалануда.
– Сайлау аясында халыққа тиімді болсын деген мақсатта жәрмеңке ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұндай жәрмеңкелерді кішкентай кезімізден көріп жүрміз. Ата-анамыз дауыс беруге барғанда бізге тауар әкелген көлік– дүкеннен тәттілер алып беретін. Ең бастысы, осындай жауапты күні халыққа жақсы көңіл-күй сыйлағымыз келді, – дейді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, жәрмеңкеге келушілердің азық-түлік қауіпсіздігі үшін алаңдамауына болады. Барлық тауар өндірушілерде сатылатын өнімнің шығу тегі мен тиісті сапасын растайтын құжат бар.
Нұрдос КӘРІМ,
Приозерск қаласы,
ortalyq.kz