Ресми

Сайлау-2021: сайлау учаскелерінде қандай санитарлық шаралар қабылданады

Қарағанды облысында 10 қаңтарда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу үшін 778 сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Қазіргі электоралды кезең күрделі жағдайда өтуде. Эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптары Республиканың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен анықталған.

Қарағанды облысындағы сайлау комиссияларының дайындығы және санитарлық шараларды қамтамасыз ету аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Еркара Аймағамбетов сайлау комиссияларының бес мыңнан астам мүшесі оқудан өткенін хабарлады. Сайлаушылар тізімін нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Облыстық сайлау комиссиясы басшысының ақпараты бойынша, өңірде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-дан ұзақ мерзімді бақылаушылар жұмыс істеуде. ТМД, МПА, ШЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардан байқаушылар келеді деп күтілуде. Саяси партиялардан 2 964 сенімді тұлға тіркелген.

Облыстың бас санитарлық дәрігері – санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Залыгин эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Маска режимі, санитайзерлерді пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау қажет. Қол ұстасудан аулақ болу керек. Балаларды өзімен бірге сайлау учаскелеріне алып келу ұсынылмайды.

Әр үш сағат сайын сайлау комиссиясының мүшелері маскаларын ауыстыруы керек.

Облыста сайлау комиссияларының мүшелерін, байқаушылар мен сенімді тұлғаларды ПТР-тестілеу басталды, республиканың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, бұл “сары аймақ” өңірлеріне қойылатын міндетті талап. Қарағанды облысында оларға Шахтинск, Абай және Осакаров аудандары жатады. Қалғандары “жасыл аймаққа” кіреді.

Барлық сайлау учаскелерінде жеке қорғану құралдарының қажетті көлемі қамтамасыз етілетін болады. Үй-жайға кірген кезде термометрия жүргізіледі. Температура жоғары болған жағдайда дауыс беруге арналған залға кіруге тыйым салынады – бұл адамдарды медициналық тексеру үшін жеке үй-жайға оқшаулау қажет. Қажет болса, жедел жәрдем шақырылады.

Дауыс беру кабиналарын мерзімді желдету және дезинфекциялау қажет. Сайлаушыларға бір реттік қаламдар беріледі.

– Қазіргі сайлау коронавирустық пандемия жағдайында өтіп жатыр. Сайлау кезеңінің басты күніне төрт күн қалды. Қалған күндердің негізгі мәселесі – учаскелерді, комиссияларды дайындау, сайлаушылармен жұмысты ұйымдастыру. Санитарлық – эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ашық сайлау өткізуді қамтамасыз ету – біздің ортақ жұмысымыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Басқа материалдар

Back to top button