Ресми

Сайланған әкімдердің жұмысын қадағалайтын кеңес құрылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында жергілікті өзін-өзі басқарудың кейбір тетіктерін нақтылау мәселесі көтерілді. Бұл тұрғыда жақында сайланатын аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерінің жұмысын қадағалап, жетілдіріп отыратын жаңа кеңес құру керектігін айтты. Оның нақты міндеттерін де Мемлекет басшысының өзі нақтылап айтып өтті.

«Кеңес — түбегейлі жаңа институт. Ол шешім қабылдау және бақылау сияқты нақты ықпал ету тетіктеріне ие болуы тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару органына кейбір жергілікті салықтар бойынша бекітілген мөлшерлеме аясының шегінде түзету енгізу құқығын беру маңызды жаңалық болмақ. Бұл ретте дәл осы кеңес ауылдағы нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты шешім қабылдайды. Яғни, бизнес өкілдерін тарту үшін фискальді кірістің барынша көп болғаны қажет пе әлде салықтың мейлінше төмен болғаны керек пе ,оны кеңес өзі айқындайды. Аталған құжатты дайындау және кең ауқымда талқылау үшін жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, жалпы оны қолдау керек деп ойлаймын»,— деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын қорытындысы бойынша, Үкіметке Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту тапсырылды.

Басқа материалдар

Back to top button