Кеншілер мәдениет сарайында жергілікті музыканттарды еске алуға арналған концерт өтті
Әнмен өрілген жылдар артта қалғанымен, сол әуендермен бірге қалыптасқан рух, дәстүр мен сабақтастық ешқашан үзілмек емес. Кеншілер мәдениет сарайында жергілікті музыканттарды еске алуға арналған концерт өтті. Өңірдің ән өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін ұлықтап, олардың шығармашылығын кейінгі буынға насихаттауды мақсат тұтқан концертке белгілі өнерпаздар мен вокалды-аспаптық ансамбльдер қатысты.

Бағдарлама барысында отандық және шетелдік танымал әндер, аймақтық музыка мектебінің тарихымен тығыз байланысты шығармалар шырқалды. Сонымен қатар, концерт барысында әр жылдары қала сахнасында өнер көрсеткен, бүгінде бақилық болған музыканттардың өмір жолы мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар ұсынылды.

– Уақыттың қалай зырғып өткенін ешбір өлшеммен өлшей алмаймыз. Бүгінгі концерт арқылы бір кезеңде Қарағанды музыкасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, кейін көмескі тарта бастаған есімдерді қайта жаңғыртып отырмыз. Өткен ғасырдың 50-60-жылдарынан бастау алған кәсіби музыкалық дәстүр, сол жылдары қалыптасқан гитаристер мектебі мен «Квант» сияқты ұжымдар бұл өңірде берік өнер мектебінің негізін қалады. Өңіріміздің музыка өнеріне сіңірген еңбегі бар өнерпаздардың есімі ешқашан ел жадынан ұмытылмайды. Ал, олардың қалдырған әндері мен шығармашылық жолын біз секілді тәлім алған шәкірттері сахнада қайта жаңғыртуды өзімізге парыз санаймыз, – деді кештің басты қонағы, еңбек сіңірген қайраткер Ерлан Көкеев.
Концерт көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, кеш соңында барша қауым өнерпаздарға ұзақ қол соғып, ілтипат көрсетті. Әр буын өкілдерінің бірлесіп өнер көрсетуі өңір өнерінің үзілмеген сабақтастығын, дәстүр мен жаңашылдықтың табиғи үйлесімін айқын аңғартты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»