Сахна саңлағы құрметтелді
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының ардагер артисі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Кеңес Жұмабеков – 75 жаста. Сахна саңлағын облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қабылдап, құрмет көрсетті. Мерейтойға орай Сәкен театрында спектакль өтті. Алыс-жақыннан театр өнерінің майталмандары арнайы келді. Өнерге адал жанның алапасы асырылып, халықтың ыстық ықыласы иығына шапан болып жабылды.
Сахна шебері мерейтойын сахнада атап өтті. Беларусь драматургі А.Дударевтің «Кеш» спектаклінде бас кейіпкердің образын сомдады. Талай жылғы ізденіспен, еңбекпен, тәжірибемен қабысқан іштегі қуат сахнада ақтарылды. Тума талант өзгенің тағдырын бойынан өткізіп күлді, өксіп жылады, мынау жарық жалғанға наласын айтты. Беу, дүние! Осылай да ойнауға болады екен-ау?! Сахнаға деген адал көңілінен шығар, әлі тың. Ширақ қимылдап, асқақ үнмен сөйлейді. Көрермен таң-тамаша!
Спектакль аяқталғаннан кейін құттықтау сөздерге кезек берілді. Кеңес Жұмабековті құттықтау үшін туған қаласы сонау Оралдан арнайы делегация келіпті. Өзге қалалардан да театр майталмандары жиналды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жолдапты. Хатта «Сіз талантты актер, шебер сахнагер ретінде көп жылдар бойы ұлт мәдениетінің дамуы жолында қажырлы қызмет атқарып келесіз. Еселі еңбегіңізбен театр сахнасында ұлт тарихындағы ұлы тұлғаларымыздың қайталанбас образдарын сомдадыңыз» делінген. Сонымен қатар, министрліктен «Еңбек ардагері» медалі табысталды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын сөз алып, дегдар дарынға ыстық ықыласын жеткізді.
– Театр өнері – ең қиын өнердің бірі деп ойлаймын. Құлау да, өрлеу де, жақсылық та, жамандық та қатар жүретін өмірдің өзі осы сахнада өрнектеледі. Өзіңді танығың келсе, театрға бар деп тегін айтылмаса керек. Театрдың жаны – актерлер. Ал, сол актерлердің актері, шын талант, ол – Кеңес Жұмабеков, – деді Ерлан Құсайын.
Елдің түпкір-түпкірінен жеткен делегациялар тарапынан табысталған сый-сияпатта да есеп жоқ. Кеңес Жұмабеков сол баяғы қарапайым қалпында. Бала көңіл, аңқылдаған талант!
Ерік НАРЫН,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz