Руханият

Саф өнердің сардары

Арқа күй мектебінің тамыры өте тереңде, арнасы кең. Орта ғасырда Кетбұға, Байжігіт сияқты ұлы күйшілерден басталып, қанатын кең жайып келіп, Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Әшімтай, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Баубек, Манарбек, Әбікен, Мағауия сынды дәулескер күйшілермен жалғасын табады. Ұлы күйшілердің мұрасын жоғалтпай, саф күйінде бүгінгі заманға жеткізген, есімі ел арасында ерекше аталатын бірегей күйші – Әбікен Хасенов.

 

Күйші-домбырашы, композитор, шертпе күйдің шебері, актер, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі Әбікен Хасенов мәңгілік ел жүрегінде. 1892 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Жалпақ елді мекенінде дүниеге келген дәулескер күйші туралы баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Биыл атақты жерлесіміздің 130 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатыр.

Домбыра өнерін әкесі Хасеннен, немере ағасы Мақаш Садуақасұлы және Ақмолда Дүйсенұлынан бойына сіңіріп, кейіннен белгілі күйші-домбырашылар Баубек пен Қыздарбектен Тәттімбеттің күйлерін үйренген Әбікен Хасенов аты қазақ даласына кеңінен жайылған күйшіге айналады. Дара күйшінің өмірі де, шығармашылық тағдыры туралы Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Уәли Бекенов, Сәбит Мұқанов, Сапарғали Бегалин, Тәкен Әлімқұлов, Жүсіп Алтайбаев, Ақселеу Сейдімбек, Өмір Кәріп, Кәмел Жүніс­тегі сынды қаламгерлер жазды. Әйтсе де, әлі де зерттелетін дүние көп деп есептейміз. Ә.Хасеновтің шығармашылығы жан-жақты, терең. Күйшілігімен қоса, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында актер де болып еңбек еткені – терең зерттеуге тұрарлық жайт. Оны қазақтың маңдайалды актер болғаны, сахнада сансыз кейіпкерлерді сомдағаны, сол үшін үкіметтен алған мәртебе-марапаты да мол екені Ә.Хасеновтің мәртебесін көтере түседі. Қазіргі қолда бар, жазылған еңбектерге, кітаптарға үңілсек, күйшінің асқақ тұлғасын, шалқар сазгерлігін, азамат мінезін танимыз.

Қараша айының 24-жұлдызы күні «Шалқыма» концерт залында Әбікен Хасеновтің 130 жылдық мерейтойына арналған «Күй кеші» атты салтанатты кеш өтеді. Концертте Тәттімбет атындағы академия­лық халық аспаптар оркестрі өнер көрсетеді. Дирижерлер – оркестрдің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абдуғалисын Шоқанбаев пен оркестрдің бас дирижері, Мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей.

Дәл осы күні, «Шалқыма» концерт залында Әбікен Хасеновтің шығармашылығына арналған кітап көпшілікке таныстырылады. Кітапта күйші жайында естеліктер мен фотодеректер, өзінің орындауындағы жеке күйлер мен күйлердің оркестрге түсірілген партитуралары енген. Жинақ барша өнерсүйер қауымға, музыка мамандарына, өнер оқу орындарының студенттеріне арналған. «Әбікен Хасенов» деп аталатын бұл кітаптың авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абдуғалисын Шоқанбаев.

Бұл айтулы күні Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік барша қарағандылық көрерменді, биік өнер – музыканы бағалайтын әлеуметті асыға күтеді.

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
өнертанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button