Саф алтынның сынығы еді…
Ол – саф алтынның сынығы, асау ағыстың тұнығы; әр жағына үңілсең – Абылайдың айтулы баһадүр билерінің бірі һәм бірегейі Сеңкібай; бер жағына қарасаң – Алашорда көсемдерінің бірі, қазақтың осы күнгі шекарасын белгілеп берген Әлімхан Ермеков; Алаш Алаш болғалы қаннан қазақтың тектілігі мен бекзаттығы үзілмей, елін өгіздей өрге сүйреп келе жатқан Қаракөктің тұқымы; «айдаса қойдың көсемі, сөйлесе – қызыл тілдің шешені, ұстаса – қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығы, билер отты би соңы, би ұлының кенжесі, буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы, бұлт болып, Айды ашқан, мұнар болып, Күнді ашқан, мұсылман мен кәуірдің арасын бұзып дінді ашқан» (Қазтуған) ақсүйек еді! Көресінін көріп, өткелектен өтіп, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға әзер тұяқ іліктіріп, фәниден бақиға Ол да көшіп кетті…
Мен көргенде Ол қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы еді. «Восток» совхозының директоры. КПСС-тің 23-ші съезінің делегаты. Аупарткомның пленумдары мен ауаткомның сессияларында шашын шалқасынан қайырып, азаматтық болмысын асқақ ұстап отыратын жалғыз директор осы еді. Ауатком, обком хатшыларының сөзін жүре тыңдаған. Елді қойша өргізіп, жусатуға әбден дағдыланып алған советтік-коммунистік номенклатураның оны атарға оғы жоқ еді!
Қарқаралының жасыл орманында екеуден-екеу сұхбаттасып отырған бір күні Хәкім Зәкішев:
– Мына совет өкіметі бір күні құлайды! – деді!
Менің зәрем ұшып кетті…
Ол Евгений Евтушенконы жанындай жақсы көруші еді.
Екеуі де алпысыншы жылдардағы хрушевтік «жылымықтың» түлегі. Советтік репрессияны басынан кешкен. Құл-құтан құрған қоғамға ұзында – өші, қысқада – кегі кеткен. Маған Е.Евтушенко мен А.Вознесенскийдің кітаптарын Мәскеуден алып келіп тұрушы еді.
Бір күні ол Мәскеуден Евтушенконың бір кітабын алып келді. «Утрений народ» деп аталады. Сондағы «Пятнадцать мальчиков» деген өлеңді маған қалай талдап бергені әлі есімде.
– Бұл біздің Политбюро туралы өлең, – деп еді.
Брежнев шәйіт болып, орнына Андропов келген. Іле-шала Андропов дүние салып, Черненко бас хатшы болып жатқан.
– Осы өлеңді сен аударшы. Қазақ ақындарында мұндай жыр жоқ, – деді көкем.
Мен тәржімалап шықтым.
Он бес бала
(Евгений Евтушенкодан)
Он бес бала еді … ал, мүмкін, одан да көп шығар!
Б.Ахмадулина.
Он бес бала еді…
Ия, Белла! Қарау реңі! –
он бес бала еді қатыгез –
қыршын жүрегі,
бас қосты олар
зымияндық ойнап ділінде,
шатқалды иесіз Токионың түбінде.
Айқасқа шықпақ – жең түріп:
Маркузеден де бір цитаталар келтіріп,
Отырды олар.
Ақзер дүниені аң-таң ғып –
Капитализмді –
жібермек, мүлде талқан ғып!
Дәнекүс-дүние бұларға-дағы ұнамай
сүйретпек оны, күйретпек оны, құдай-ай!
Кішкентай Троцкий… күреске шықты, секірді!
Кіжінді бәрі –
Кішкентай Ницше секілді!
Олардың бір сәт шулы дауысына құлақ түр:
(Көсемдік жайлы есерлік талас,
бірақ – бұл).
Тарихта мұндай тағылымсыз жәйттер жетерлік,
Сөз алды сонда Азиядағы мешеулік пенен мекерлік:
«Күресу-құрту!»
Бәрін де жоймақ, өртеп те.
Біреуі, бірақ, келіспей оған
шыққан-тын қарсы он төртке.
Он төрт дос сонда орнынан ыршып тұрды да
өлтіре салды –
бас салып тұншықтырды да!
«Обал-ай!» – деді марқұм досына жаны ашып
Он төрттің бірі күтпеген жерден…
бал ашып…
Ол үшін қайтсын он үші уақыт өлтіріп?
Асты да салды –
аяғын көктен келтіріп!
Бақталастықтың
Көмекейіндегі
жегі құрттары бүлкілдеп,
асықты ажал жалмауға жанын
біртіндеп:
он екі…
он бір…
тоғызы…
алтау…
жетеуі…
мерт болды – бәрі!
Ақыры…
қалды – екеуі.
Біреуі тұрып:
Ісіміз біздің болуы үшін шынайы,
мен болам, – деді, –
Революцияның құдайы!»
Тұрды атып сонда екіншісі де
(о да-сұм!):
«Мен болам – көсем!
Сен –
маған серік боласың!»
Бір-бірін естіп тұншықтырады
тағылық –
арамзалығына адамшылықты жамылып!
Өктемдік үшін өкпесі өшіп,
өлтірген бірі –
бірін кеп,
шашылып жатты сол жерде он бес
жүгірмек!
Өледі өстіп өзімшілдіктің дүрмегі.
Капитализм
осыны көріп,
мақұлдап,
есімде менің есінен тана күлгені
сайқал көзінен жас аққанынша –
сақылдап!
Осындай небір пақыр, сұм
Ынтызар болса баланың
мұндай ойынына –
Достоевскийдің «Нақұрыс»-ын
күллі революцияның тұмар ғып
тағам мойнына!
Адамдар енді тарихтың бетін
қанменен жуындырып та,
бір-бірін өстіп өлтірмес үшін өңештеп
буындырып та.
Не істеймін енді?!
Дәрменім, шамам жоқ шыдар!
Он бес бала еді…
Ал, мүмкін, одан көп шығар?!
Ол осы ойына не келсе, соны жасаған «Он бес баланың» заманында ғұмыр кешті. Өмір өксіген. Өзегіне – өрт, көкірегіне – дерт толған. Бірақ, ол Қарқаралының қарағайындай тік тұрды, құлаған жоқ!
Осы «Он бес баланың» қоғамдақ жүйесіне жан-тәнімен қарсы болып өтті. Өлі-өлгенше осы «Он бес бала» оны тығырыққа тіреп, алтын басын сергелдеңге салды…
Мен өлең жазған сайын осымды Хәкім Зәкішев қалай көрер екен деп ойлап отырушы едім.
Қазір әрбір жырымды жазарда осыны Хәкім көкемнің аруағы қалай қабыл көрер екен деген дүдәмал ойда отырамын…
Ол Испанның ұлы философы Хосе Ортега и Гасеттің «Тобырдың төңкерісіне» қасқайып қарсы шыққан тандаулыларының бірі хәм бірегейі еді. Кеше Хәкім ағамның фәниден бақиға көшкеніне тура бір жыл болған күні сол Хосе Ортега и Гасеттің «Тобырдың төңкерісі» деген ұлы еңбегін қайта бір шолып шыққанда көзіме мына бір жолдар оттай басылды:
«Егер де қатарынан бірнеше ұрпақ ой еңбегіне іс-жүзінде қабілетті, яғни, өнеге болуға лайықты, өзекті міндеттерге жауап берерлік деңгейдегі адамдарды дүниеге әкелмеген болса, қалың бұқараның ойлау қабілеті мен интеллектуалдық қуаты сарқылады. Егер бір ел ғасырлар бойы зорға күн кешіп келе жатса, оның себебін, міндетті түрде, не ірі тұлғалардың болмауынан, не бұқара халықтың оларға мойынұсынбауынан іздеген жөн. Ал егер осы екі себеп бірдей қатар орын алса, ондай елдің күні мүлдем қараң дей беріңіз. Ал Испанияны кеулеп бара жатқан ауыр дерт жайына оралар болсақ, мен оның дұрыс диагнозы – аристофобия, яғни, жақсыларды жек көрушілік дер едім…»
Хосе Ортега и Гасеттің осы толғамына Хәкім Зәкішевтің күллі ғұмырнамасы сыйып тұр. Қасиетті де, қасіретті өмірі…
Қарқаралының орманын өрт шалған 90-шы жылдары «Қарқаралы – Қараорманым» атты поэмамды жазып, оны осы кісіге арнап едім. Ол – менің шығармашылығымда елден ерек орын алған тұлға. Алды – бейіш, арты – кеніш болғай аяулы азаматтың!
Мынау –
Қара Шордағы,
Қалың нулы Қарқаралы орманы.
Мен –
Алаш дейтін дертке түсіп жүдедім.
Бұл –
Өртке түсіп сорлады…
Біреуі – ағашзатында,
Біреуі – адамзатында,–
Сен – орманда, мен бөлек ем – ақында.
Жану үшін тудық, жазған, тағдыр – сол,
Лапылдасаң, ал, лапылда!
Лапылда!
О, дариға-ай, қамшысын төрге ілген,
Һас Сақтың бір бұтағы едік өр, мүлдем.
Қарағайға қарсы біткен бұтақтың,
Күл болғанын көрдім мен,
Тұл болғанын көрдім мен…
Ал, лапылда!
Лаулайтын тек ақын ба,
Өлең айтып өрт пенен дерт хақында?
Екеумізден өткен шерлі ешкім жоқ,
Ағашзат пен мынау адамзатыңда.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
«Алаш» әдеби сыйлығының,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері.