Сабыр мен төзім мұратқа бастар
Қазақ жұрты ежелден қонақжай халық екені жазылып та, айтылып та жүр. Бүгін де сол қонақжайлық пен шексіз сыйластықтың арқасында елімізде түрлі этнос өкілдерінің өмір сүріп жатқаны мәлім. Ол жандардың біздің елге келуінің өзі мың сан тарих. Тілі, түбі басқа болса да, ортақ мүддеге біріккен, қазақпен бір тудың астындағы өзге ұлтты көргенде, масаттанып марқайып қаламыз. Тіпті, сол түрлі этнос өкілдерінің ат жалын тартып мінер ұл-қызы да қазір қазақ балаларымен қатар тәрбие алуда. «KazFigter» жауынгерлік клубы түрлі ұлттың баласы шоғырланған сондай шағын бір орталық деуге саяды. Бас тәлімгер әрі бапкері – Зафар Саидов.
Жауынгерлік клуб – бүгінде қарағандылық көш бастар жекпе-жек мектебінің бірі. Талай танымал спортшылар дәл осы клубтан түлеп ұшқан. Әлем төрінде атойлаған атақты қарағандылық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың қарындасы Сора Рахмонова да осы клубтың түлегі. Одан бөлек, жекпе-жектен әлем чемпионы Санжар Әділов те осы клубта жаттығады. Көптің қызығып, баласын жетектеп келетіні де осыдан шығар.
– Бапкері – өте қарапайым жан. Мұнда жаттығатын ересек топ өкілдері де кішіпейіл, әрі кішіге ізетпен қарап, қамқорлық танытып жатады. Ал, ең бастысы жаттығу стильдері басқа клубтарға, үйірмелерге қарағанда анағұрлым күрделі, тез шынығуға жетелейді. Бастапқыда баламды әкеліп, кейін оны аяған сәттерім де болды. Ол жасырын емес. Десек те, қазір менің 8 жастағы ұлым алдыңғы қатардағы жас жауынгерлер санатында. Оның тәрбиесі, мінез-құлқы, үйдегі іс-әрекеттері анағұрлым өзгерді. Қазір сабағы мен жаттығуына қатты көңіл бөледі. Бейсауат телефон ұстамайды. Бұрынғы ерке, шолжаң мінезі де басылды. Ересек адамша тілдесеміз. Достарды да біршама осы ортадан тапқан. Ең бастысы – балам өтірік айтпайды, жаман жолдан алшақ екеніне сенімдімін. Себебі, оның ортасы мен бапкеріне көзіміз жетті, – дейді Жәмилә Шарафутдинова.
Расында, баланы кез келген үйірме немесе спорттық мектептерге берерде жаттықтырушыны терең зерттеп, сосын барып балаңды оған тәрбиелеуге берген абзал. Десек те, Зафар Саидовты терең тануға тек бір сәлемдесу жеткілікті көрінеді. Оның қарапайымдылығы мен көпұлтты шәкірттерден құралған жас командасы нағыз өз ісінің шебері екенін айқындап тұр.
– Қазір менің шәкірттерімнің арасында шешен, тәжік, орыс, украин, қазақ, өзбек ұлттарының өкілдері бар. Олардың ата-анасы алдымен маған оларды дені сау, жібі түзу адам етіп шығар деп тапсырып кетті. Менің міндетім – оларды жауынгер емес, ең алдымен, Қазақстан Республикасының үлгілі азаматы етіп тәрбиелеп шығару. Өйткені, жаттықтырушының да түпкі негізі – ұстаздық. Ал, ұстаз ұғымы – ол ұрпақ қалыбы деп білемін. Мен қол астыма келген баланың ұлтына, дініне, тіліне назар аудармаймын. Бізде тек бір тіл бар, ол – спорттың тілі. Міне, сол тілді керекті негізде игерген баладан үміт зор. Көп ата-ана балалары жарысқа барып, орын алса, маған келіп, алғысын жаудырып жатады. Әрине, жағымды пікірлер тек көңілге қуаныш сыйлайды ғой. Десек те, сол баланың өзін керекті сезініп, белгілі ортаның бір мүшесі болғандығына қуанамын. Сонымен қатар, балалар жарыс, жаттығу барысында өздеріне жақын дос тауып жатады. Ол да мен үшін жетістік. Біздің клубтың басты қағидасы – мұндағы үлкендер – ағалар, ал, кішілер – інілер. Спорттағы балалардың бауырмал болуы осыдан. Көбі жекпе-жекті түрлі соққылар мен жарақаттарға қарап ұнатпауы мүмкін. Алайда, жекпе-жек спорты баланы, ең алдымен, күнделікті күйбең тірлікке төзімділік танытуға, сабырға баулиды. Оның үстіне жекпе-жек спортында 16 жасқа дейінгі балаларға бастан соққы жасауға қатаң тыйым салынады. Мен шәкірттеріммен алғаш танысқан сәттен бастап, олардан «Мақсатың не алға қойған?» деп, сұраймын. Міне, баланың мақсатын білгеннен соң біз соған ата-анасымен біріге отырып, ортақ жұмысқа жұмыламыз. Себебі, әр істен нәтиже шығару – ол бапкермен шәкірттің ортақ міндеті, – дейді Зафар Саидов.
Бапкердің айтуынша, әр істің нәтижелі болуы ол өз ісіңді сүюден көрінеді. Ал, бапкерліктің түпкі құпиясы – шәкіртке әрдайым қолдау таныту. Біріне – әке, біріне – шеше, ал, енді біріне аға бола білу керек. Тек осылай ғана баланың ішкі жан дүниесін ашып, оның мақсат-мұратына жетуіне көмек беруге болады дейді бапкер. Ол өз шәкірттерін бөліп-жармайды. Барлығын «Сендер менің чемпиондарымсыңдар!» деп арқаландырып, алға ұмтылуға итермелейді. Көп ұлттан құралған шәкірттердің бауырмал болуының да сыры осында секілді. Бапкер олардың қалыбы іспетті, ал, қалыбы қандай болса, ішіндегі пісіп-жетілген нәтижесі де сол кейіпте болары айдан анық.
Бапкермен әңгімелесу барысында көңілге түйген тағы бір маңызды өрнек – спорттың күнделікті өмірге психологиялық тұрғыдан керектігі. Жекпе-жек спорты баланы сабырға, күтуге, бақылауға, төзімділікке шақырады. Ал, көп жағдайда біздер, үлкендер осы негізде сабақ алмағандықтан ба, тағдырдың тар жолында өмірдің алғашқы соққыларына төтеп бере алмай қалып жатамыз. Мұның соңы ащы су, күйзеліс, өмірден түңілуге әкеліп соғатыны бар. Әрине, құпия тек жекпе-жек спортында емес. Жалпы адам спортпен айналысса, оның өзіне де, қоршаған ортасы мен денсаулығына да пайдасы болмаса, зиянын тигізбесі хақ.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz