Жаңалықтар

Сабантой өтті сәнімен…

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Қарағанды облысындағы татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ұйымдастыруымен Қарағандыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында татар халқының дәстүрлі сабантой мейрамы тойланды.

Жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтаған облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын мәлімдегендей, аталмыш мейрам татар-башқұрт ұлттарының ғана емес, осы өңірде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерінің ортақ тойына айналды.

Елбасы «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз.

Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек» – деп «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап өткеніндей, осындай ортақ мерекелер арқылы ел бірлігі еселеніп нығая түсері анық.

«Сабантой» татар тіліндегі ұғымда «жер өңдеу тойы» деген мағынаны білдіреді. Мерейлі мейрамның тарихы тым тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар халқы көктемгі егіс науқанын осылай ойын-сауыққа ұластырған. Демек, сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр.

Мейрам бағдарламасы аясында меймандарға татарлар мен башқұрттардың ұлттық тағамы «чак-чак» таратылды, ән-жыр айтылып, би биленді. Сонымен қатар, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Халқымыздың бауырмалдық, жомарттық және қайырымдылық қасиеттерін айшықтайтын мейрам барысында Ерлан Бейсембайұлы «Қарағанды облысындағы татар және башқұрт конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалына облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button