Сабақтастық тағылымы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, екі мәрте Қазақ Ішкі істер министрі болған, тұңғыш ішкі істер қызметінің генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаев атындағы «Министр Қабылбаев» дәріс залы салтанатты түрде ашылды.

Бұл игі іс – аталған академияда 1991-1995 жылдары білім алған түлектердің 30 жылдық мерейтойына орай, сол түлектердің өз қаражаты есебінен, шынайы жанашырлықпен жүзеге асқан нақты қолдау екенін атап айту керек.
Дәрісхана қабырғасында Шырақбек Қабылбаевтың тағылымды өмір жолының әр кезеңдегі фотосуреттері, ерлікке толы өмірбаяны және көптеген тарихи құжаттар, құнды жәдігерлер ілінген.
– Шырақбек Қабылбаев – қазақ полициясының темірқазығы, оның есімі мен ерен еңбегі – құқық қорғау саласының мәңгілік шамшырағы. Бүгінгі ұрпақ оның қайсар болмысын, ел мен ер намысын бәрінен биік қойған азаматтығын танып-білуі тиіс. Бұл дәріс залы – рухани сабақтастықтың дәлелі, – дейді ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының экс-бастығы, запастағы полиция генерал-майоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Мирлан Қызылов.
Осы дәрісхананың ашылуына ұйытқы болып, түлектердің басын қосып, игі істің бар шаруасын тиянақтап жүрген де осы Мирлан Ахмедияұлы.
Сонымен қатар, М.Қызылов пен Д.Сейсенұлы – «Министр Қабылбаев» туралы зерттеу кітап жазып, оның азаматтық тұлғасын жас ұрпаққа үлгі етіп жүрген ерен еңбегін атап өткен жөн.
Өмірі өнеге мен өрге өрлеген тұлға Шырақбек Қабылбаев – 1908 жылы Семей облысы, Абыралы жерінде дүниеге келген. Ол – тұтас бір дәуірдің жүгі мен міндетін көтерген нар тұлға.
45 жасында аға лейтенант шенінде тұрып-ақ министр болып тағайындалуы оның елге деген сенімі мен ерлігіне берілген бағаның айғағы. Шырақбек Қабылбаев 12 жыл Ішкі істер министрі қызметін атқарып, қылмыспен күресте, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аса салмақты саясат жүргізді. Қарағанды жоғары мектебінің 1969 жылы 12 қазанда ашылуына мұрындық болып, қазақ офицерлерін даярлауға жол ашты.
Шырақбек Қабылбаев – еліміздің құқық қорғау жүйесі тарихында ерекше із қалдырған генерал-лейтенант. Екі мәрте Ішкі істер министрі болып 12 жыл бойы абыройлы қызмет атқарған оның өнегелі өмірі мен қызметтік ұстанымдары бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес үлгі.
2014 жылы Қазақстан Республикасының ІІМ Қостанай академиясына генерал-лейтенант Шырақбек Қабылбаевтың есімі берілді. Бұл – бүкіл құқық қорғау жүйесінің дамуындағы тарихи маңызды оқиға.
Генерал есімі берілген дәріс залы – аудитория ғана емес, жас курсантқа үлгі, ертеңгі офицерге бағдар, өткен мен болашақты жалғайтын рухани көпір. Ұлт мақтанышының ізімен жүріп, оның ерлікке толы өнегесінен нәр алған ұрпақ мемлекет тірегін сақтайтын азаматтар боларына сенім зор.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»