Наурызнаманың 14 наурыздан басталуының тарихи негізі бар
Қыстың қақаған суығы шегініп, көктемнің жұмсақ лебі сезілген сәтте қазақтың даласы да, жаны да өзгере бастады. Күннің шуағы табиғат анамызбен қоса, көңілдерді де жылытып тұр. Осы сәтте көне дәуірлерден жеткен: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген қасиетті үн қайта тіріледі. Бұл – жылдың келуі, тіршіліктің түлеуі. Наурыз. Ұлыс мейрамы. Ал, сол ұлы мейрамның кең тынысты, мазмұнды көрінісі – Наурызнама.
Наурыз, яғни, Ұлыс мейрамы – дүниетаным, уақыт философиясы, табиғат пен адам арасындағы үйлесімнің көрінісі. Сондықтан да, кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурызды жаңаша форматта атап өту тұжырымдамасының ұсынылуы – тарихи сабақтастықты қалпына келтірудің нақты қадамы.

Бүгінде Наурызнама онкүндігі әр күнге мазмұн берген, қоғамды ізгілікке бастайтын, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын жүйелі мерекелік кезеңге айналды.
Наурыздың басталу уақыты төңірегінде түрлі пікір мен көзқарас бар. Бізге белгілісі күн мен түннің теңелуі 21-22 наурызға сәйкес келеді. Алайда, халықтық танымда, тарихи деректерде жыл басы одан ертерек басталатыны жөнінде айғақтар бар.
– Бүгін Ақтауда күн 07:45-те шығып, 19:44-те; Астанада күн 06:24-те шығып, 18:23-те; Алматыда күн 06:02-де шығып, 18:01-де батады. Басқа жерлерде де уақыт осындай. Яки, біреулер айтып жүргендей, «күн мен түн 22 наурызда теңеледі» деген сөз бекер. 22 наурызда күн түннен 20 минуттай ұзарып кетеді, – деді 14 наурыз күні, әулеуметтік желіде ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан.
Тіпті, ұялы телефонына таң атып, күн шыққан уақыт пен күн батқан уақыттың суретін түсіріп, жүктеп, жұрт назарына ұсынды. Бұл дерек Наурыздың астрономиялық әрі халықтық-танымдық негізі бар екенін көрсетсе керек. Ал, этнограф Серік Ерғали бұл мәселені тереңірек тарқатады.
– Наурыз мейрамы дегенді күн мен түннің теңесуі деп қабылдаймыз. Оны наурыздың 21-22-сі дейміз де, оған 23 наурызды қосып қойдық демалыс қылып, бірақ, Наурыз мейрамы түркілердің жаңа жылынан басталады. Түркілердің жаңа жылы 21-22 -сінде емес, 14 наурызда болатын. Біз Наурыз мейрамының басын кесіп тастадық да, аяғын «Наурыз мейрамы» деп отыз жыл бойы тойлаған болып келдік. Біз Наурыз мерекесіне байланысты қате түсініктерді түзетіп, 14 наурызды мүшелдің жыл басы деп ежелгі бабалардың танымына қайта қайтуымыз керек. Қазақта «амал келді, жыл келді» деген тәмсіл бар. Амал деген – наурыз айының бұрынғы атауы. Амал деген – шоқжұлдыз. Оны орысша Гама дейді, парсылар Хамал дейді, Каспийдің арғы бетіндегі қазақтар Қамал, бергі бетіндегі қазақтар Амал дейді, арабтар Хамадия дейді. Ал, бұл – сонау шумерлерден келе жатқан Қамал шоқжұлдызының атауы болатын. Яғни, Қамал жұлдызы мен Күннің бір-біріне әрекеттесуіне байланысты күн көктемге айналады. Біздің жаңа жыл – көктемнің келуімен бірге келеді. Көктемнің бірінші күні – 14 наурыз, 13 наурызда тоқсан күн қыс шығады, тоқсан күн көктем кіреді. Жылқы жылы 1 қаңтарда емес, 14 наурызда кіреді. Шоқан Уәлиханов та өз қолымен салған күнтізбесінде астрономиялық және 12 жылдың сызбасында жаңа жылды наурыздан бастаған, – дейді ғалым.
Мұнда да Наурызнаманың 14 наурыздан басталуының тарихи негізі бар екенін айқын көреміз.
Демек, бүгінгі Наурызнама – әр күні белгілі бір құндылыққа құрылған жүйе. Атап айтсақ, көрісу күні, қайырымдылық күні, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, шаңырақ күні, ұлттық киім күні, жаңару күні, ұлттық спорт күні – ынтымақ күні, Ұлыстың ұлы күні және тазару күні.
Әр күннің атауы айтып тұрғандай, онкүндікте қазақтың тұтас болмысы бар. Бұл құрылым арқылы Наурыз қоғамға бағыт-бағдар беретін рухани мектепке айналып отыр.
Наурызнаманың тарихи тамыры туралы қазақтың ұлы ойшылдары мен ағартушылары да нақты тұщымды пікір қалдырған.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурызнамасындағы той, мереке, қызығы Бұқар мен Хиуада да болмаған, есіп сөйлейді қазақ… қайда атақты асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле бидің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болған» деп Ұлыс мейрамының төркініне үңілген.
Ал, Ахат Шәкәрімұлы өз естелігінде: «Әкей айтты, бүгін ескіше 1 март, жаңаша 14 март қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні» дейді.
Бұдан бөлек, хакім Абай: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…» деп жырласа, Ахмет Байтұрсынұлы: «Келгенінше құттықтап бірін-бірі, қуанышта көрісіп кәрі-жасы. Көңілі түгел адамның сен келген соң, Самарқанның елжіреп түскен тасы» деп тәпсірлепті.
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы. Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек. Бұл мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыстырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек!» деп кесіп айтыпты.
Бұл пікірлер де Наурызнаманың айтулы мереке бола отырып, қазақтың тұтас өмір салты екенін дәлелдейді.
Сонымен бірге, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мақсат Алпысбек Наурыздың мәнін көшпелі өмірмен байланыстыра түсіндіріпті.
– Наурыз мерекесінің тарихы өте ежелгі дәуірлерден басталады. Қазір ресми түсінікте үш мың жылдық тарихы бар деп айтылады. Бірақ, одан да ертерек деп айтуымыз керек. Мал шаруашылығымен айналысқан халықтар үшін көктем мезгілі – ерекше кезең. Бұл уақытта төрт түлік төлдеп, тіршілік жаңарады. Мал төлдеген кезде ең алғашқы алынатын тағам – уыз. Сондықтан, менің жеке түсінігімде, Наурыз табиғаттың ғана емес, бүкіл шаруашылық өмірдің жаңарған шағын білдіреді, – атап өткен.
Бұл ғылыми тұжырым Наурызнаманың мәдени әрі экономикалық-әлеуметтік мәні бар екенін аңғартса керек.
Осылайша, кеңестік кезеңде үзілген дәстүр бүгін қайта жалғанып отыр. 1926 жылы тыйым салынған Наурыз 1988 жылы ғана қайта оралды. Алайда, оның толық мазмұны сақталмай, уақыт өте келе ықшамдалып кеткені рас.
Бүгінгі Наурызнама – сол үзілісті толықтырып, ұлттық кодты қайта жандандырудың нақты көрінісі. Яғни, мереке әрі жыл басы болуымен қатар, қоғамды біріктіретін, адамды тәрбиелейтін, ұлтты жаңғыртатын жүйе.
Көктеммен бірге келген бұл мейрам – үміттің бастауы. Ал, Наурызнама – сол үмітті жүйелеген, мәнге айналдырған ұлы дәстүр.
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



