Сабақта-«сандық икемділік»
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаһандағы жаңа мемлекетіміздің даму тіректерін толық айқындап бергенін бәріміз білеміз. Онда, әсіресе, дамудың мынандай тиімді тетіктері көрсетілді.
«Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. 2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек» деді Елбасы. Осы тапсырма бойынша халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында маусым айыннан бастап «Электрондық мемлекеттік қызметтер», «Азаматтарға арналған үкімет», «Негізгі сандық икемділік», «Ашық үкімет», тағы басқа тақырыптар бойынша елді мекендерде тегін сабақтар өткізілуде.
Бұл – халықты базалық ақпараттық-коммуникациялық құралдармен жұмыс жүргізе білуге негізгі білімдер, біліктер және дағдылармен қамтамасыз ету басталып кетті деген сөз. Электрондық сауда бойынша азаматтардың білімі мен іскерлік қабілетін арттыра отырып, ашық үкімет компоненттері туралы білімі мен машығын кеңейту – қазіргі ақпартты дауірдің басты қағидасы. Оған қол жеткізу үшін тұрғындар дербес компьютер, ноутбук, смартфон және планшетпен жұмыс істеп үйренуі қажет. Қазір жергілікті жерлерде жүріп жатқан тегін сабақтардың міндеті осы. Онсыз жаңа Қазақстанның жаңа мүмкіндіктеріне қол жеткізе алмайсыз. Сондықтан, халықпен жұмыс күннен-күнге ашық түрде қызу жүргізілуде. Мәселен, бүгінгі таңда тыңдаушыларды «электрондық үкіметпен» және оның қалыптасу кезеңдерімен таныстыру; тыңдаушыларды «электрондық үкімет» веб-порталы навигацияларының қағидаларымен таныстыру; тыңдаушыларды www.pki.gov.kz порталында жеке кабинетте жұмыс істеу дағдыларына, ЭЦҚ (электронды цифрлы Қазақстан) әлемін еркін игеру өте маңызды. Бұдан кейін әрбір қазақстандық «электрондық үкімет» мобильдік қосымшаларына тіркеліп, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндігін иеленеді.
Гүлбаршын ҚОШҚАРБАЕВА,
аудандық мәслихаттың депутаты.