Поэзия

Сағыныш (Қ.Медеубаевқа)

14199244_1763121767270759_7320978621292496919_n

Булығып бойда кетті өлең,
Шумағы ретсіз… ретпенен.
Сағыныш бар-ды біздерде
Пендеуи сана жетпеген.

Құрлықтан озған қиялдай,
Армандап тағы сыя алмай.
Бейкүнә шақты отырмын
Өлеңнен сұрап ұялмай,
Өмірге көзім қия алмай…

Құдайым қалай дарытқан?!
Қияндап кеттік қалыптан.
Жанымызды алшақ қыла алмай
Құрлықтар менен сауыт тән.

Жаныңды, жаным, мендей көр,
Талантқа тар-ау көңдей жер.
Құдірет рухы Құдайдың
Осыдан кейін сенбей көр…

Мәңгілік болмай мән де кем,
Тірліктен таппай жар бөтен.
Жазмышқа жазып тастаған
Бақытсыз біздей бар ма екен?!

Қылтитып жалған қоярдай,
Өнерге мас боп, оянбай…
Жырға азық жалқы сәттерді
Жарылқап, жалған дей алмай,

Жалғасып жырмен арамыз,
Қабарып қалды қара күз.
Жалғаннан шығып жарысып
Өмірге көшіп барамыз…
Көңілден есіп наламыз.

Күтумен соны шаршамай,
Суретін сөзбен саламыз.
Қиялдан туған қаршадай,
Сезімге бесік қара қыз,

Оралмай қайта қинайды,
Соғардай қайта күй-жайды.
Әйтпесе, біздің сағыныш
Құрлыққа мынау сыймайды!

Талайсыз, білем, қалғаны,
Сүйгеннің қандай арманы?!
Сағыныш сезім болмаса
Өмірде басқа қалмады.

Маздаған сол ғой сендегі,
Қоздаған сол ғой мендегі.
Сағына білмес пенделер –
Тірліктің ғана ермегі,
Құлдықтың қара жөргегі…

Жәнібек ӘЛИМАН.
29.10.2013 жыл, Словакия-Братислава.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button