Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде биогаз өндіріледі
Жасыл технологияларды білім беру жүйесіне енгізуді жолға қойған оқу орнының бұл жобасы озық. Университет алаңында Германияда өндірілген шағын биогаз қондырғысын таныстыруға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оның білім беру мен ғылыми ортада қолданылу мүмкіндіктері талқыланды.

Жоба Creative Innovation Institute – Орталық Азияның тұрақты даму қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылып отыр. Қор Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігі – DEInternational Kasachstan өткізген ашық конкурстық іріктеудің жеңімпазы атанып, нәтижесінде университет аумағына орнату үшін Германияда өндірілген nOa One M шағын биогаз қондырғысына ие болды.
Бастама жоғары білім беру жүйесінде тұрақты дамудың практикалық үлгісін қалыптастыруды көздейді. Ол оқыту, қолданбалы ғылыми зерттеулер және заманауи экологиялық технологияларды біріктіретін университеттік инфрақұрылымның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады. Яғни, жоба тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар, болашақ мамандарды даярлаудың жаңа форматы болып отыр.
Шағын биогаз қондырғысының мүмкіндігі де айтарлықтай. Қондырғы жылына 7 тоннаға дейін органикалық қалдықтарды өңдеп, тәулігіне 2 м³-ке дейін биогаз өндіре алады. Сонымен қатар, жыл сайын 18 тоннаға дейін CO₂-эквивалентіндегі ілеспе газдар шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Ал алынатын дигестат университет кампусы мен оқу нысандарын көгалдандыруға пайдаланылып, химиялық тыңайтқыштарды алмастыру арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетеді.
Жобаның басты артықшылықтарының бірі – оның білім беру және цифрлық интеграциясы. Биогаз қондырғысы инженерлік, экологиялық және ESG бағытындағы пәндер аясында оқу-демонстрациялық объект ретінде қолданылады. Сонымен бірге, ол цифрлық білім беру құралдарымен және авторлық PLATON 5D әдістемесімен біріктіріледі. Нәтижесінде университет базасында циркулярлық экономика технологияларын тәжірибе арқылы меңгеруге мүмкіндік беретін «тірі зертхана» (living lab) форматындағы алаң құрылады.

Осы орайда жобаның мәні мен оны жүзеге асыру барысы туралы Орталық Азия бойынша Тұрақты даму және ESG орталығының басшысы Александра Харитонова кеңінен тоқталды.
– Біздің ұйым Қарағанды техникалық университеті базасында жұмыс істейтін ESG тұрақты даму орталығы аясында циркулярлы экономика, экология және креативті экономика бағыттарымен айналысады. 2024 жылдың соңында біз неміс тарапы ұйымдастырған, толық қаржыландырылатын білім беру бағдарламасына қатысып, Германияның Дюссельдорф қаласы мен оған жақын өңірлерінде қалдықтарды басқару жүйесінің жұмысымен таныстық. Әсіресе, тағам және ауыл шаруашылығы қалдықтарынан электр және жылу энергиясын өндіретін биогаз технологиясы бізге үлкен әсер қалдырды, – деді Александра Харитонова.
Сарапшының айтуынша, осы тәжірибеден кейін Қазақстан жағдайында да мұндай жобаларды іске асыруға болатынына көз жеткізілген.
– 2025 жылдың көктемінде неміс тарапы шағын биогаз қондырғысының прототипіне арналған конкурс жариялап, біздің жоба үздік деп танылды. Қондырғы 2024 жылдың желтоқсан айының соңында жеткізіліп, қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – өндірістік емес, демонстрациялық прототип. Алғашқы кезеңде асхана қалдықтары пайдаланылып, тәулігіне шамамен 20 келі көлемінде жүктеме жоспарланып отыр. Қондырғы бір газ плитасының жұмысын қамтамасыз ете алатын қуатқа ие. Негізгі мақсат – Қарағанды өңіріндегі кәсіпорындарға өз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы энергия шығынын азайтуға болатынын көрсету, – деді Александра Харитонова.
Жоба аясында жыл сайын 400-ден астам студент пен мектеп оқушысын білім беру және демонстрациялық іс-шараларға тарту жоспарлануда. Бұл өңірде жасыл экономика мен тұрақты технологиялар саласындағы кадрлық әлеуетті қалыптастыруға елеулі үлес қоспақ. Сонымен қатар, жоба университет студенттері үшін, әсіресе инженерлік және электромеханика бағытында оқитын жастар үшін тәжірибелік алаң болмақ.
Игі бастама Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда атап өткен экологиялық шешімдерді дамыту және климаттық күн тәртібінде білім берудің рөлін күшейту жөніндегі басымдықтармен де үндес. Жоба Қазақстан Республикасының мемлекеттік экологиялық саясатының басымдықтарына және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына толық сәйкес келеді.
Осы орайда өткен дөңгелек үстел жұмысына Германия мен Қазақстанның сарапшылары, Қарағанды облысының профильді мемлекеттік органдарының өкілдері, университет қауымдастығы қатысты. Шара барысында Германия тарапынан да жобаның маңыздылығы атап өтілді.
– Германия Қазақстанмен экология және тұрақты дамытудағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Мен Германияның Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Федералдық министрлігінің қаржылық қолдау бағдарламаларын іске асыратын «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы экспорттық бастама» аясында жұмыс істеймін. Бүгінгі сапарымыз Орталық Азиядағы Герман экономикасы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбруннер жетекшілік ететін делегация құрамында өтіп жатыр, – деді Германияның Федералдық қоршаған орта, табиғатты қорғау, ядролық қауіпсіздік және тұтынушылардың құқықтарын қорғау министрлігінің өкілі Хайко Болльвинг.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік өзара тиімді негізде жүзеге асуы тиіс.
– Университеттермен, ғылыми орталықтармен және құзыретті серіктестермен жұмыс істеу аса маңызды. Бұл жоба, экологиялық технологияларды енгізу мен тәжірибе алмасудың нақты үлгісі. Сонымен қатар, студенттердің білім беру алмасу бағдарламаларына қатысуы тұлғалық дамуға оң әсер етіп, екі ел арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті күшейтеді, – деп түйіндеді ол.
Жамал АКПАРОВА
Ortalyq.kz



