Руханият

Сағындырып кеттің-ау, саңлақ аға

Қаңтардың ызғарлы желі Қарағандыдан қаралы хабар жеткізді. Ән дүлдүлі, Арқа әнінің бұлбұлы Мейірхан ағам өмірден озыпты. Естіген бетте жолға шықтым. Ана бір жылы өзіңіз сыйға тартқан күйтабағыңызды қосып қойып, әніңізді тыңдап келемін, Аға. Егіліп келемін, Аға.

«Бауырды сағындым ғой, Ауылды сағындым ғой…». Осылай шырқап жүріп, бізді де сағындырып кеттіңіз-ау, саңлақ аға…

Иә, қазақ әнінің алып бәйтерегі құлады. Жапырағыңыз қурағанымен, тамырыңызды ешкім де, ешқандай күш те қопара алмайды. Тамырыңыз тереңге кеткен. Ол – ән-ғұмырыңызды жалғайтын, Сіз көтерілген биікте самғайтын шәкірттеріңіз. Аллаға шүкіршілік етеміз, артыңызда ұлағатты ұрпақ, өрелі шәкірттеріңіз қалды. Кешегі Жүсекеңдерден, Манекеңдерден үзілмей жеткен, Жәнібектен алып қалған әдемі мәнері бар Арқада «Мейірхан мектебі» деп аталатын ән мектебіңіз қалды. Қайталанбас үніңіз – құлақта, жарқын бейнеңіз – жүректе қалды, Мейірхан аға. Тек қана Сіз орындаған әнге мейірі қанбаған елді қалай жұбатарымызды білмей тұрмыз.

Таңертең өзі, түстен кейін аты қоса өлетін талай пенденің қазасына қатысып жүрміз ғой. Соңына із тастап аққан жұлдыз секілді артында із қалдырып өлудің өзі – бақыт.

Отбасыңызға, туыс-туған, дос-бауырға, шәкірттеріңізге Алла сабыр берсін! Қош, Аға!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

рухани бауыры.

Басқа материалдар

Back to top button