САҚТЫҚ пен САУАП
Елде індет жұқтырғандар 300 мыңнан асты. Күніне 3 мыңға жуық жаңа жағдай тіркеліп жатыр. Көзге көрінбейтін «жаумен» күрес аяқталар емес. Күресті жай ғана емес, жеңіспен аяқтау үшін тәртіп пен сақтық керек. Осындай кезде той-томалақ жасағандардың әрекетін «дұрыс емес» дейміз бірауыздан. Ал, жылына бір келетін қасиетті айда ауызашар бергендердікін не дейміз? «Дұрыс емес» дей аламыз ба?
Бірден, сенімді түрде жауап бере алмайтын сияқтымыз. Басқа кезде жасаған жақсылық еселенетін осы айда қалай сауаптан құр қаламыз дейміз іштен. Бірақ, сыртқа осыны айтуға, «коронавирустан» қорқамыз. Үйде үлкен адамы, жас баласы барлардың қорқынышы тіпті, еселенеді. Қайтпек керек? Дәрігерлер мен дін өкілдері не дейді?
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің биылғы 19 қаңтардағы №2 қаулысында бұқаралық, ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынған. Ойын-сауық, мәдени-бұқаралық шаралар, отбасындағы отырыстар да осы тармаққа жатады. Біз сөз қозғап отырған ауыз ашар да осының ішіне кіріп кетеді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі Айгүл Шатекова осы қаулыны алға тартты. Осы уақытқа дейін аталған қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе де, бұл тыйым өзгеріссіз. Себебі, облыс әлі де «қызыл аймақта».
«Әнет баба» мешітінің найб имамы Қоныскерей Құмарұлы да сақтықты бірінші орынға қоятынын айтты.
– Эпидемиологиялық жағдайға байланысты біз ауызашардың орнына «Рамазан қоржындарын» таратып жатырмыз. Ораза ұстағандарға, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық қорларымен бірлесіп, азық-түлік апарып жүрміз. Ал, ауызашар жасаймыз дегендерге, талаптарды сақтау қажеттігін айтамыз,– дейді имам.
Мешіт қызметкері қалаған адамның мешіттер мен қайырымдылық қорларына хабарласып, ауызашар ретінде көмек бере алатындығын атап өтті.
– Ақшалай бергеннен көрі, азық-түлік ретінде ұсынған дұрыс. Көңіліңіз тыныш болады. Тіпті, көрші-қолаңға ауызашарға деп шағын пакет берсе де болады. Оның ішіне Құран сүрелері оқылған шелпек салса, тіпті, жақсы. Бастысы – айналаңның амандығы, ешкімге кесіріңді тигізбеу, – деді Қоныскерей Құмарұлы.
Мемлекет басшысының өзі қасиетті аймен құттықтаған кезінде мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырған еді. Дегенмен, жасыратыны жоқ, ауызашар беріп жатқандар жоқ емес. Әркімнің ниеті Аллаға аян. Іргеде індет барда ауыз аштырып сауапқа кенелемін деп, керісінше, көпшіліктің обалына қалып қоймасақ, болғаны. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам». Шын мұсылман болайық.
Жансая ОМАРБЕК.