Жыл сайын тұмаумен аймақтың 140 мыңнан астам тұрғыны ауырады
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес тұмау және басқа да респираторлық ауруларға қарсы вакцинация қыркүйектің 15-нен басталмақ. Эпидемиологиялық маусым қарсаңында мамандар жұқпалы аурудан сақтануға кеңес берді. Жыл сайын тұмаумен аймақтың 140 мыңнан астам тұрғыны ауырады. Оның жартысынан көбі 14 жасқа дейінгі балалар екенін атап өтті мамандар.

– Тұмау мен ЖРВИ – бүкіл әлемдегі ең өзекті медициналық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі. Оның өзектілігі олардың кең таралуына, созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқыну ықтималдығына, өршуіне, вирустардың өзгеруіне және экономикалық шығындарға байланысты, – деп атап өтті өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгин.
Оның айтуынша, былтыр тұмаудың эпидемиологиялық кезеңі ерте басталған.
– Сонымен қатар, өткен эпидемиологиялық маусымда тұмаудың А/Н1N1 тұмауы вирусы басым болды – 41%. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ, бұл иммундаудың тиімділігін көрсетеді. Тұмау мен тұмауға ұқсас аурулардың таралуын вакцинациямен ғана азайтуға болады. Вакцинация эпидемияға дейінгі кезеңде, яғни, қыркүйектен қарашаға дейін жыл сайын жүргізіледі. Тұмауға қарсы вакциналар қауіпсіз, тұмау мен оның асқынуларының алдын алу тұрғысынан алғанда жоғары тиімділікке ие. Биыл жергілікті бюджет қаражатынан тұрғындардың тәуекел топтарына 173 000 доза мөлшерінде тұмауға қарсы «Гриппол» вакцинасы сатып алынды, – деді Юрий Залыгин.
Ол тәуекел топтарына диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлері кіретінін атап өтті.
– Бұдан басқа, біз әскери қызметшілерге, педагогтерге, 65 жастан асқан адамдарға тұмауға қарсы вакцинация алуды ұсынамыз. Осы топтар арасында инфекцияның таралу қаупі жоғары, – деді спикер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес биылғы эпидемиологиялық маусымда А/Н1N1, А/H3N2 және В тұмау вирусының, сондай-ақ, тұмауға жатпайтын басқа да респираторлық вирустар болуы мүмкін. Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап вакцинациялау, медициналық ұйымдардың кіреберісінде сүзгілерді жұмысын қамтамасыз ету және 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері үшін бетперде режимін енгізу секілді шаралар қабылданды. Сонымен қатар, жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалар ауырғанда үйге шақырту бірінші кезекте жасалатын болады. Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында күнделікті таңертеңгі сүзгіден өткізіп, ЖРВИ және тұмау белгілері бар балалар шеттетіледі.
– Білім беру ұйымдарында бір сыныпта оқушылардың 20-30%-ы ауырса, күнтізбелік он күн ішінде сыныптарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салынады, қолжетімді жерлерде қолды өңдеуге арналған антисептигі бар санитайзерлер орнату ұсынылады. Ауырған балалар саны 30% және одан көп болса, оқушыларды онлайн оқытуға ауыстыру керек, – деді департамент басшысы.
Спикер брифинг барысында адамдар көп жиналатын жерге бармауға, ауру белгілері бар адамдармен байланысты шектеуге, қолды жиі жуу, үйді тазалап, желдету қажеттілігі жайлы кеңес берді.
Департамент басшысы өткен сегіз айда эпидемиологиялық жағдай «қанағаттанарлық» екенін жеткізді. Дифтерия, полиомиелит, қызамық, безгек, іш сүзегі, паратиф, тырысқақ және басқа аурулар тіркелмеген.
– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көкжөтелмен сырқаттану жеті есе, скарлатина 2,5 есе, қызылша 100 есе, «А» вирустық гепатиті және коронавирус инфекциясы 3 есе, аскаридоз 35%-ға төмендегені байқалды. Жіті ішек инфекциялары сырқаттанушылығы бойынша тұрақты жағдай сақталуда, – деді спикер.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»