Жаңалықтар

Сақтандыру сапаны арттырады

Қарағанды облысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қыркүйектен бастап пилоттық режимде қызмет көрсетуге дайын. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалы директоры Фазыл Копобаев мәлімдеді.

  • Пилоттық жоба аясында Денсаулық сақтау министрлігі болуы мүмкін мәселелерді анықтап, келесі жылы толық енгізу үшін оларды шешу жолдарын қарастырады. Біздің облыс – цифрландыру жағынан республикада алдыңғы орында. Барлық медициналық мекемелерге ортақ ақпараттық жүйе қалыптасқан. Сондықтан біздің облыс таңдап алынды деп ойлаймын, – деді ол.

Жүйе аясында сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтарға медициналық көмектің әртүрлі көлемі көрсетіледі. Сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, яғни, шұғыл көмек, жедел жәрдем қызметі, алғашқы медициналық санитарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар және созылмалы аурулардың 25 түрі бойынша көмек ала алады. Ал, сақтандырылған азаматтар осы аталғандарға қоса, зертханалық және аспаптық зерттеулер, жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, медициналық оңалту және қалпына келтіру көмектерін көре алады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар қатарына биыл 8 мекеме қосылып, барлығы 118ді құрайды. Бұлардың арасында жеке меншік медициналық мекемелердің саны артып келе жатқандығын атап айту керек. Алдағы уақытта осы мекемелер арасында бірыңғай тариф қою мәселесі шешілетін болады. Сақтанды рылған адамдар үшін емделу құнын қор төлейтін болады. Бұл жүйені енгізудің мәні де осында екендігін айтады мамандар.

  • Мәселен, магнитті-резонансты немесе компьютерлік томографияны белгілі әлеуметтік топ қана тегін өтетін. Енді, оны сақтандырылған кез келген адам тегін өте алады. Қазір тексерілу, сараптамадан өту, ем-дом үшін адамдар көп жағдайда өз қалталарынан шығарады. Жүйе осы шығынды азайтуды көздейді, – деді Ф.Копобаев.

Бүгінгі таңда мемлекеттің денсаулық сақтау саласына бөлетін 1 трлн. теңге қаражаты жеткіліксіз. Азаматтар мен кәсіпорындардың қаражатын тарту арқылы медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттыру, соның нәтижесінде көрсетілетін көмектің сапасын көтеру бірінші орынға қойылып отыр. Дегенмен, бұл мемлекет тарапынан қаржыландыру азаяды дегенді білдірмейді. Мемлекет қоғамның 15 санатқа жіктелген әлеуметтік әлжуаз топтары үшін қорға келесі жылдың басынан жарна салатын болады. Ал, бүгіннің өзінде қорда жұмыс берушілер тарапынан аударылған 187 млрд. теңге бар. Бұл сома жыл соңына дейін 250 млрд. теңгеге дейін артады деп күтілуде.

Алдын ала есептеу бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қазақстандықтардың 95 пайызы сақтандырылады деп күтілуде.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button