Сақтандыру игілігі
Медициналық сақтандыруға қатысты мәселе Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. Былтырғы Жолдауында да «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жекеменшік медицинаға зор пайдасын тигізді», деп атап өтті. Әрі жүйенің кемшін тұстарын да жасырмады. Десе де, салаға құйылған қосымша ресурстар дертіне дауа іздеген қаншама жанға септігін тигізуде. Игілікті әсіресе, балалар көруде.
Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – церебральды сал ауруын оңалту. Ең мұндай ауруға шалдыққан балаларды сауықтыру мамандандырылған орталықтарда жүргізілсе, нәтижесі тез байқалады.
Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін балаларды оңалту тегін медициналық көмек аясында жүзеге асырылды. Бірақ, ақша жеткіліксіз болғандықтан, қазіргідей көлемде көрсетілмегені рас.
2020 жылдан бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында оңалту және қалпына келтіру көмегі кең көлемде көрсетіліп келеді. Бұл балаларға стандарттарға сәйкес оңалтудың толық кешенін алуға мүмкіндік ашты.
Жыл сайынғы қаржыландыру көлемінің өсуі облыста жаңа оңалту орталықтарының, бөлімшелер мен медициналық ұйымдарда оңалту кабинеттерінің ашылуына серпін берді. Соның бірігейі – 2023 жылы көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханада ашылған үш жасқа дейінгі балаларға арналған заманауи оңалту орталығы. Онда церебральды сал ауруына, сондай-ақ, инсульттан кейінгі ақаулары, бұлшықет дистрофиясы және орталық жүйке жүйесінің басқа да зақымдануы бар балаларға арналған оңалтудың үшінші кезеңі жүзеге асырылады.
– Былтыр біз 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға арналған екінші оңалту орталығын аштық. Өткен жылдың өзінде орталықта МӘМС жүйесі аясында 1 300-ден астам бала оңалтудан өтті. Орталықта реабилитологтар, невропатологтар, логопедтер, психологтар мен дефектологтар жұмыс істейді. «Қамқорлық» корпоративтік қорының қолдауымен алынған көптеген медициналық құрал-жабдықтар бар, – дейді оңалту орталығының басшысы Нина Деркач.
Ерекше балалардың ата-аналары оңалту шаралары балалардың ауруын жеңіп, толыққанды адам болып қалыптасуына мүмкіндік екенін айтады.
– Қызымның аты – Мәриям. Ол 3 жаста. Оған церебральды сал ауруы диагнозы қойылды. Оңалту орталығына алғаш рет 2024 жылдың басында келдік. Алғашқы оңалту курсынан кейін нәтиже бірден байқалды. Үш айдан кейін екінші рет жолдама алдық. Қазір үшінші оңалту курсын өтіп жатырмыз. Барлығы тегін. Аяқты емдеумен қатар, логопедтер де баламен жұмыс істейді. Қазір аяғына нық тұрды. Бұл – біз үшін үлкен прогресс, – дейді анасы Светлана Сүлейманова.
– Оңалтудың барлық кезеңі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы төленеді. Жоспарланған медициналық көмектің кез келген түрі сияқты оңалтудан өту үшін тіркелген емханадағы дәрігерге хабарласу керек. Содан кейін пациент бізге, реабилитологқа немесе көп салалы мамандар тобына кеңес алуға жіберіледі. Біз өтініш берушінің жағдайын зерттейміз, жоспарланған оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін бағалаймыз. Сондай-ақ, бастапқы оңалту диагнозын анықтап, қалпына келтіру жоспарын белгілейміз, – деп атап өтті Нина Деркач.
Алдағы уақытта да міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы оңалтудың оң нәтижесін көрген науқастар қатары көбеймесе, азаймайды.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет МӘМС қорынан