Медицина

Сақтанған сау жүреді

Қазір жіті респираторлық вирусты инфекция (ЖРВИ), тұмаудың өршіп тұрған кезі. Болжам бойынша, облыста тұмаудың А түрі тіркелуде. Бүгінгі күні екпе алмаған адамдар арасында А3 тұмауының зертханалық расталған 45 жағдайы тіркелді. Оның 15-і – балалар. Ал, ЖРВИ жұқтырғандардың қатары 40 мыңға жуықтайды.

Сурет: ӨКҚ-нен

Науқастар екі есе көп

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған дерек бойынша 1 қазаннан бері 38 311 адам жіті респираторлық вирусты инфекциямен ауырған. Оның 62%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылмен салыстыр­ғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 2 есе өскен.

Эпидемиялық маусымда мектеп оқушылары арасында ЖРВИ-мен сыр­қаттанушылық – 17%. Оның ішінде, 10 оқушы тұмаумен ауырды. ЖРВИ-мен сырқаттанушылықтың алдын алу мақсатында департамент мониторинг жүргізеді. Қазіргі уақытта тұрғындар және оқушылар арасында сырқаттанушылық белгіленген деңгейден асқан жоқ. Осыған байланысты шектеу іс-шаралары енгізілмеді, – деді департамент басшысы Юрий Залыгин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, айналымда тұмаудан басқа, оған ұқсас вирустар бар.

– Бүгінге дейін ЖРВИ белгілері бар 761 науқас талдауы зерттелді. Тұмаусыз вирустардың үлес салмағы зерттелген сынамалардың жалпы санының 30%-ын құрады. Риновирус – 42%, респираторлық-сенцитиальды вирус – 16% және пара­грипптің 8%-ы анықталды, – деді департамент басшысы.

 

Қызылша әлі де қауіпті

Брифинг барысында мәлім болғандай, осы уақытқа дейін қызылшаның зертханалық расталған 612 жағдайы тіркелді. Оның 71%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Дерек бойынша қызылшамен негізінен, екпе алмағандар ауырады. Олардың үлесі – 86%.

– Қызылша ауруы белгілі бір топтарда тіркелуде. Вирустың таралуы вакцинация­ланбаған балалар арасында жиі кездеседі. Бүгінгі таңда 65 мектепке дейінгі балалар ұйымында 140 бала, 84 жалпы білім беретін мектепте 174 оқушы инфекция жұқтырды, – дейді Юрий Залыгин.

Қызылша вирусы ауада немесе кез келген заттың бетінде екі сағатқа дейін белсенді. Дерт жұқтырған адам бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн және одан кейін 4 күн ішінде айналасындағыларға жұқ­тыруы мүмкін.

Елде ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 1 және 6 жастағы балаларға жүргізілетіні мәлім. Бірқатар инфекциядан қорғаныс пайда болуы үшін халықтың профилактикалық егулермен қамтылуы кемінде 95% құрауы тиіс. Осыған байланысты халықтың иммундық қорғанысын нығайту мақсатында қосымша иммундау туралы шешім қабылданды.

– Облыста 2023 жылғы 6 қарашадан бастап, 6 айдан 11 айға дейінгі және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. 20 желтоқсандағы жағдай бойынша, облыста екпе алуы тиіс адамдардың 76%-ы оны алды. Қосымша жаппай иммундау аясында қызылшаға қарсы екпені 17 435 адам алды. Оның 14 497-сі – жасына байланысты балалар. Вакцинаға қандай да бір реакция тіркелген жоқ.

Қызылшаға, қызамық және паротитке қарсы қазіргі уақытта қолданылып отыр­ған аралас вакцина, әлемде, оның ішінде, Қазақстанда қолданудың көптеген жылдарында өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін растаған, – деді спикер.

Сонымен қатар, ол ата-аналарды екпеден бас тартпауға шақырды.

– Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы екпе алмаған балалардың ата-аналарына көпшілік жиналатын орындарға баруды, түрлі мәдени-бұқаралық іс-шараларға қа­тысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу қажет. Сондай-ақ, әлемдегі қолайсыз жағдайды ескере отырып, алыс, жақын шетелдерге, сонымен қатар, ел ішінде сапарларды жоспарлау кезінде, балаларыңызға қызылшаға қарсы екпе салдыр­ған дұрыс. Аурудың алғашқы белгілері, яғни, дене температурасының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік, сонымен қатар, бөртпелер пайда болған жағдайда дәрігерге көрініп, қызылшаға тексеріліп, оның барлық ұсыныстарын орындау керек, – деп ескертті Юрий Леонидович.

 

«Ауру – астан»

Мерекелер қарсаңында қоғамдық тамақтану объектілерінде корпоративтік кештер мен салтанатты іс-шаралар өткізу жоспарланатыны белгілі. Департамент басшысы тұтынатын азық-түлік пен мерекелік тағамдарға қатысты да бірқатар ескертпелер бар екенін еске салды.

– Бүгінгі таңда суши, ролл, кәуап, кремді кондитерлік өнімдерді дәмхана, мейрамханаларда немесе әртүрлі жеткізу қызметтері арқылы үйге тапсырыс беруге болады. Үйде мерекеге дайындалу кезінде, майонез қосылған салаттар мен үйде дайындалған консервілер жиі қолданылады. Осыған байланысты, санитариялық-­эпидемиологиялық бақылау департаменті тағамдарды дұрыс таңдау және дайындау бойынша негізгі ережелерді ұсынады. Азық-түлік өнімдерін сенімді жерден сатып алу, шығу тегі белгісіз, атауы, құрамы туралы ақпараты, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары жоқ, сондай-ақ, үйде дайындалған тамақ өнімдерін сатып алмау керек. Салат, туралған ет пен балықтан жасалған бұйымдар, үйде құйылған желе, тағамның қалдықтарын бір тәуліктен артық сақтамау керек, – деді ол.

Бұл ретте тағам дайындау кезінде тазалық сақтау, тұтынатын өнімдерді жақсылап жуу, цитрусты жемістерді көп жемеу сияқты да кеңестерді ескерген жөн.

Мереке қарсаңында сауда орындарында сатылатын тәтті сыйлықтар самсап тұрады. Ең алдымен, кәмпиттер мен басқа да тәтті сыйлықтар айналысқа шығар алдында декларациялау нысанында сәйкестікті міндетті бағалаудан өтуге тиіс екенін білу қажет. Сатып алмастан бұрын сыйлықтың қаптамасын қарап, оның жабық және тұтас болуын, жарамдылық мерзімін, дайындаушы, оның орналасқан жері, кондитерлік өнімдердің құрамына кіретін ингредиенттер, құрамдас өнімдердің тізімі, тағамдық құндылығы, сақтау шарттары туралы, сондай-ақ нарықтағы өнімнің бірыңғай EAС айналым белгісінің, аллергиялық реакцияларды тудыратын ингредиенттер туралы ақпараттарға назар аударған абзал.

 

Ойыншықты ойланып алу керек

Сонымен қатар, әр ата-ана баласына сыйлыққа ойыншық алуға тырысады. Бұл жерде де таңдау мол. Департамент басшысы бұл таңдауда да абай болу керектігін айтады.

– Ойыншық таңдағанда, оның таза болуы маңызды. Жасалған материалға назар аударыңыз, өткір жиектері болмауы керек. Сонымен қатар ДСП, МДФ, фанера қолданылмаған, табиғи материалдардан жасалған ойыншықтарға артықшылық берген жөн. Ойыншықтардың жағымсыз иісі, дыбысы қатты болмауы керек. Қанық түсті ойыншықтардан аулақ болыңыз, өйт­кені олар улы бояғыштармен және ауыр металдардан жасалуы мүмкін. Балаларға зорлық-зомбылыққа еліктейтін немесе психоэмоционалды жағымсыз әсер ететін ойыншықтар сатып алмаңыз, – деді Юрия Леонидович.

Жаңа жылдық тәтті сыйлықтар мен ойыншықтарды қолдан немесе белгісіз сауда орындарынан емес, тек мамандандырылған дүкендерден алған жөн. Себе­бі, оларда сәйкестік туралы сертификат пен сәйкестік туралы декларацияның болуы міндетті.

Егер, ата-аналар тәтті сыйлықтардың сапасы мен қауіпсіздігіне күмәнданған жағдайда, оларға қатысты кеңес алу үшін облыстық санитариялық-эпидемиология­лық бақылау департаментіне немесе орналасқан жері бойынша аумақтық сани­та­риялық-эпидемиологиялық бақылау бас­­­қармаларына жүгіне алады.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button