Сақшылар қан тапсырды
Қарағандының тәртіп сақшылары республикалық акция барысында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге сегіз литрден астам қан тапсырды.
Акция республикалық қауіпсіз жол қозғалысы апталығы мен жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күніне орайластырылды. Оған Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция батальоны мен Қарағанды қаласы ІІБ ЖПҚ жол патрульдік полиция полкінің тәртіп сақшылары қатысты.
Аталмыш акция дәстүрлі түрде Қазақстан бойынша 2005 жылдан бастап тұрақты өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар Қарағанды қаласындағы Облыстық қан орталығына келіп, ауыр науқастарға және жол көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп, кез келген жанашыр адам қан тапсыра алатынын ескертіп отыр.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 10 айында Қарағанды облысының аумағында 632 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 113 адам қаза тапса, 775-і әртүрлі жарақаттар алған.
Қарағанды облысының ІІД Баспасөз қызметі.