Басты тақырып

Саңлақтарымыздан жеңіс күтеміз

              Төрт жылдан бері тағатсыздана күткен қысқы Олимпиада ойындары да келіп жетті. Кеше Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында Олимпиада алауы тұтанды. XXIII қысқы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын шорт-трекші Абзал ӘЖҒАЛИЕВ  көтеріп шығып, көңілімізді серпіді.

Сөз Олимпиада алауы тұтандыдан шығады. Біреу білсе, біреу білмес. 1936 жылы Гармиш-Партенкирхен қаласында ашылу салтанатына қатысқан Адольф Гитлер Олимпиаданың алғашқы алауын жағыпты. Кейін бұл әр олимпиада ойындарының ашылуында қайталанып, дәстүрге айналған екен.

Айта кетейік, еліміз Тәуелсіздік алғалы қысқы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Алты Олимпиадада қоржынымызға 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль салдық. Біз үшін жетінші Олимпиадамыз жеңіс жалауын желбіретуге мол мүмкіндік береді деген сенім бар. Өйткені,  Қазақ халқы 7 санын ерекше қасиет тұтқан. Жетінші қысқы Олимпиадамызда бауырын жазып шапқан тұлпардай дүбірлетіп, кемі 7 медаль алсақ игі. Қазақстан спортшылары Олимпиадаға 57 жолдама жеңіп алды. Олар спорттың 9 түрінен бағын сынайды. Қазақстандық спортшылардың сенсация жасауы да мүмкін. Себебі, бұл жолы Ресейдің ең үздік спортшылары Олимпиададан шеттетілді. Саңылақтарымыз алтынмен апталса, күміспен күптелсе, қоланы да қолдан бермесе бағымыздың жанғаны емес пе?

Бірақ, біздің басты қарсыластарымызды да ұмытпау керек. Бірінші қарсылас – Олимпиаданы ұйымдастырушы Корея. Одан кейін Канада, Қытай, Голландия, Жапония спортшылары сақадай сай тұр.  Бұл жолы шорт-трекші Абзал Әжғалиевке және Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Жанбота Алдабергенова, Галина Вишневская, Денис Тен, Алексей Полторанин сияқты өз бағдарламаларында үздік сегіздікке ене алатын спортшылардан жұрт жеңіс күтіп отыр. Бүгінде спортшыларымыз Пхенчхандағы Олимпиаданың екі қалашығына бөлініп орналасты. Үстіңгі қалашықта шаңғы және шана спорты түрлерінің спортшылары, биатлон, фристайл мен могулшылар жайғасса, төменгі қалашыққа шорт-трекшілер, конькишілер, мәнерлеп сырғанаушылар орналасты. Бүгінгі таңда әр спортшы өздері сынға түсетін алаңдарда еркін жаттығып жатыр.

Әзірге, Олимпиада ойындарында могулдан іріктеу кезеңінде қазақстандық спортшылардың нешінші нөмірмен шығатыны белгілі болды. Әйелдер арасындағы сайыста Юлия Галышева 5-ші, ал Аяулым Амренова 29-шы болып жарыс алаңына шығады. Ерлер арасында Дмитрий Рейхерд 2-ші, ал Павел Колмаков 14-ші болып сынға түседі.

Қарағандылықтар конькишілер – Екатерина Айдоваға, Станислав Палкинге, Артем Крикуновқа үкілі үміт артып отыр. Ел намысын қорғайтын олимпиадашыларымызды қолдайтынын, олардың жеңісіне сенетіндіктерін білдіруде.

Еске салайық, 12 ақпанда әйелдер арасындағы 1 500 метр қашықтықтағы додаға сағат 18.30-да Екатерина Айдова қатысады. 13 ақпан күні 17.00-де 1 500 метр қашықтықтағы жарыс жолына Станислав Палкин, Артем Крикунов шығады.

102 медаль жиынтығы сарапқа салынатын төртжылдықтың басты додасында қазақстандық спортшыларға толағай табыс тілеп, жанкүйер болайық!

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button