ЖаңалықтарСпорт

Саңлақтар салтанаты

Спорт саңлақтарының салтанатына орай Қарағанды қаласының Орталық саябағы спорт думанына айналды. Мыңнан аса қала тұрғыны мен спортсүйер қауым жиналған спорт сауығы «Зумба» таңғы жаттығуымен басталып, түрлі спорт сайыстарына ұласты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев жиналғандарды спорт күнімен құттықтады.

– Спорт күніне орай облыстың әр аумағында саламатты өмір салтын дәріптеуге бағытталған түрлі спорттық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Орталық саябақта «Чемпиондық рух» атауымен өтіп жатқан бұл бастама шынымен де, жас спортшыларға жеңістің рухын сездіріп, спортқа деген қызығушылықтарын арттырады. Болашақта ел намысын қорғап, Көк Туымызды желбірететін жастарды біз әрқашан жігерлендіріп, қолдау білдіруге әзірміз, – деді Серік Жұманғалиұлы.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі «AMANAT» партия­сының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков те спорттың жастар үшін маңызын атап өтіп, мән-маңызына тоқталды.

Спортқұмарлар үшін күрес, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг, арқан тарту, қоян-қолтық ұрыс сияқты ашық жаттығулар мен көрсетілімдер ұйымдастырылды. Әр спорт алаңында кәсіби жаттықтырушылар мен танымал спортшылар шеберлік сабақтарын өткізді.

Қадірлі қонақтардың сапында, еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген танымал жерлестеріміз – балуан Ибрагим Магомадов, батутист Данил Мусабаев және былғары қолғап шебері Аида Әбікеева болды.

Ашық алаңдағы жаттығулар аяқталған соң, барлық қатысушылар мәре сызығына жиналып, бір сапқа тұрды. Төреші белгі берісімен марафон басталып, қатысушылар саябақ ішіндегі арнайы белгіленген айналым бойынша межеленген қашықтықты жүгіріп өтті. Мәрені алғашқы бағындырған 30 желаяққа «АMANAT» партиясынан естелік сыйлықтары табысталды.

– Осы уақытқа дейін спорттың бірнеше түрімен шұғылдандым. Жүзу, гимнастика, би – бәрін байқап көрдім, бірақ құштарлығымды арттырған спорт түрі – хоккей. Соңғы бір-екі жыл көлемінде «Грация» хоккей клубында жаттығып жүрмін. Бүгінгі шарада мұз айдыны болмаса да, өзге бағыттар бойынша белсенділік танытып, саламатты өмір салтын насихаттауды маңызды деп пайымдадым, – деді жас спортшы Милана Салеева.

Спорттық сайыстарға белсене қатысқан жас спортшылар мен қала тұрғындарының айтуынша, мұндай бастамалар спортты дамытуға, белсенді өмірге бел шешіп, өмір салтын жандандыруға зор ықпал етеді.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта спорт саласын дамыту үшін жас сайыпқырандардың басын қосып, кең көлемде форум өткізуді көздеп отыр.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button