Жаңалықтар

Сөзі сүйекті Сейітқали аға

Арқаның қасиетті топырағы ойы орамды, қаламы қарымды қаламгерге кенде емес. Соның бірі һәм бірегейі, белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сейтқали ӘШІМОВ 40 жылға жуық өмірін журналистика саласына арнады. Бүгінде Сейтқали ИСАТАЙҰЛЫ асқаралы 60 жасқа келіп отыр. Ол осы уақыт аралығында түрлі жауапты қызметтер атқарып, оқырманға көптеген тұщымды дүние ұсынды, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі.

«Жазу өнері – дертпен тең» десек, Сейтқали аға осы қызығы мен шыжығы мол жұмысқа жастайынан белсене араласқан. Еңбек жолын бұрынғы Ульянов, қазіргі Бұқар жырау аудандық «Ильич таңы» газетінде тілші, аға тілші болып бастап, кейін Нұра ауданының «Нұра диқаны» газетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі және сол аудандағы тәуелсіз басылым «Жаңа жол» газетінде мәдениет және хаттар бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарған.

Ал, 1992 жылдан Қарағанды облыстық радиосының редакторы лауазымында жүргенде жедел әрі сапалы ақпарат таратуға атсалысты. Облыстық радиода өз жаңашылдығын танытып, «Ауыл тынысы», «Дала дидары» авторлық бағдарламаларын жұрт назарына ұсынып, көңілінен шықты. «Сіз сүйетін ән» бағдарламасының елге кең тарауына үлес қосты.

Журналистік қызметі барысында өз азаматтық ұстанымын да ашық білдіріп, үнемі елдің сөзін сөйледі. Қарқаралы ауданын жабу жөнінде мәселе көтерілгенде «Қарқаралыны саудалау – тарихты бұрмалау» тақырыбындағы жаңғырық айдарымен хабар әзірлеп, қауіпті сейілтуге азамат әрі журналист ретінде атсалысқаны жұртқа мәлім.

Кейін аймақтағы «Сарыарқа депутаты» газетінің редакторы болса, 2014 жылдан бері Қазақ радиосының облыс бойынша меншікті тілшісі қызметін де жемісті атқарды.

Қазір облыстық «SARYARQA» телеарнасының «Жаңалықтар» бөлімінің редакторы. Тынымсыз шығармашылық еңбегі әділ бағаланып, бірнеше рет облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталып, аймақтағы мекеме мен ірі кәсіп-орын басшыларының да сый-құрметіне бөленді. 2015 жылы облыс әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығын иеленіп, мерейі өсті.

Бүгінде ұжымына сыйлы, өз ортасына абырой-беделді. Жастармен араласа жүріп, сүйікті жұмысын құлшына атқарып келеді. Жаңалыққа жаны құмар Сейтқали аға үнемі ізденіс үстінде. Өзін заманға сай дамытып келеді.

Жас журналистерге ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жүрген атпал азамат.

Жастайынан қаламын жанына серік етіп, түрлі тұщымды мақаласымен оқырманға ой салып, талантымен танылған Сейтқали ағаның әлі де берері мол деп білеміз. Қаламы құдіретті, сөзі сүйекті Сейтқали ағаға мол шығармашылық табыс, ұзақ өмір, мықты денсаулық тілейміз!

Ұшқыр ойыңыз бен жүйрік қиялыңыз еліңіздің ертеңі үшін көкте қалықтап самғай берсін, аға! Жағымды жаңалықтарыңызбен қуанта бергейсіз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button