Жаңалықтар

Сөзі мірдің оғындай еді

Біздің газетте көп жыл қызмет атқарған қаламгердің бірі – Масғұт Жабасұлы ХАЛИОЛЛИН ағамыз. Мен ол кісіні бұрын сырттай қарымды журналист, «Орталықтың» редакторының орынбасары және ақтоғайлық азамат ретінде білетін болсам, сексенінші жылдардың басында Қарағанды теле-радио комитетінен газетке ауысып келіп, «Орталықта» қызмет атқарудың сәті түскенде бұрынғыдан да жақсы тани түстім.

Редактордың екі орынбасары болды. Біріншісі – өнеркәсіп, құрылыс саласына басшылық жасайтын Есімбек Бәйтенов еді. Махаң – екінші орынбасар. Бұл кісі Совет құрылысы, мәдениет және өнер саласына жауапты. Партия тұрмысы бөлімінің материалдарын редакторымыз Рамазан Сағымбековтің өзі қарап, қол қояды. Мен құрылыс бөлімінде (бастығым Аман Жанғожин) қызмет атқарғандықтан, менің жазған материалдарым Ескеңнің қолынан өтуші еді.

Сол уақытта Махаң ағамыз жазғандарымен ерекше дараланып тұратын. Ол кісінің сын мақалалары, әзіл-сықақтары тура «ондыққа» дөп тиіп жататын. Ол кезде қазір мүлде жоғалып кеткен фельетон жанрына көбірек баратын. Тақырыпты дұрыс таңдап, оны сатиралық өткір тілмен сынай отырып оқырманға жеткізу, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай ауыр жанрды неге таңдайтынын түсінбей дал болатынмын.

Ол кісі көркем әңгіме де жазды. Очерктері қандай еді. Проблемалық мақалаларды да еркін отырып жазып тастайтын. Журналистиканы жанындай сүйетін, өз мамандығына асқан сүйіспеншілікпен қарайтын адам болды. Қандай материал жазса да қанаттанып, үлкен шабытпен жазатын. Бұл өзінің мамандығын дұрыс таңдағандығының белгісі. Мен мұны ол кісінің айтып отыратын әңгімесінен байқадым. «Дұрыс таңдалған мамандық өзіне де, елге де пайдалы. Дұрыс таңдалмаған мамандық – жүйке тоздырады, тіпті, өміріңді қысқартады» дегенін сан естідім.

Бір жарым жылдан соң Махаң «Орталықтан» телевидениеге (қазіргі «Saryarqa» телеарнасы) бас редактор болып ауысты. Онда қызмет атқарып жүргенінде де талай қызықты, мазмұнды хабарларын тамашалағанбыз. Ол кісі ақын-жазушылармен хабар ұйымдастырғанды өте жақсы көретін. Жазушы Жайық Бектұров ағамызды қатыстырған талай хабарлары көріп-тамашалауға тұрарлық дүниелер еді. Осы жерде біраз жыл еңбек еткен соң зейнеткерлікке шығып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесін басқарды. Мұнда да талай ауқымды жұмыстар атқарды. Ол кез еліміздің Егемендік алып, өз қолымыздың өз аузымызға жете бастаған, тілімізді қайтадан қайтарып жатқан шақ болатын. Бұрыннан орысша шүлдіреп үйреніп қалғандардың кейбіреуі оған қарсы шығып, тіл мәселесін көтеруге көп бөгет жасаған жайлар да бар. Соған қарамастан, ағамыздың табандылығының арқасында көптеген балалар бақшасы мен орта мектептер қазақшаға бетбұрыс жасады, қазақша болып ашылды. Бұл мәселені біздің «Орталық» та сол кезде үзбей жазып, күн сайын бетінен түсірген жоқ. Ол кезде облыс басшыларының ішінде қазақша білетіндер некен-саяқ болғандықтан, мақала шыққан газеттерді Махаңның құшақтап апарып көздеріне көрсетіп, өздеріне оқытып жүргенін жақсы білеміз. Сөйтіп, келмеске кеткен Кеңестің кезінде тағынан тайған туған тілді тұғырына қайтадан отырғызып, қазақтың қайтадан өз тілінде сөйлеуі үшін талай тер төкті деп айтуға әбден болады.

Махаң Қаракесектің Сарым атасынан тарайтын Құлықұлы Жалаңтөс батырдың ұрпағы болып келеді. Оны өзі мақтан ететін. Соған орай бабасы Жалаңтөс батыр туралы, ол кісінің өзінің дуалы аузынан шығып, ел арасына тарап кеткен және кейбір мәлімсіз сөздері мен толғауларын да жарыққа шығаруға мұрындық болды. Жалаңтөс батырдың мазарын көтеру ісіне де белсене араласты.

Ол кісінің қаламгер ретінде қол тигізбеген тақырыбы жоқ та шығар. Журналистік жолжазбалар, естеліктері өз алдына, көптеген зерттеулер де жазған екен. Соның бір мысалы белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Сүйесің жүрек, күйесің» атты кітабы туралы жазған «Осы біз Абайды толық таныдық па?» атты мақала («Орталық Қазақстан» газеті, 6.09.2011 ж.) абайтанушылардың өздерін елең еткізген нағыз ғылыми талдау болып шыққан. Мұны оқыған Тұрсын Жұртбайдың «Бұл мақала менің жазғандарымды байытуға да үлес қосты» деген сөзін нарманбеттанушы Амангелді Туғанбай ағамыз «Орталықтың оғланы» («Орталық Қазақстан» газеті, 6.10.2020 ж) деген мақаласында келтірген екен.

Мен «Ой сүзгі» атты кітабын бірнеше мәрте оқып шықтым. Бұл кітаптың басым бөлігі өзінің ғұмырбаяндық жазбаларына арналған. Сонымен қоса оқырманға ой салатын дүниелері де жоқ емес. Соның ішінде «Абаймен таныстырған Атам еді» деген естелігінде атасы Халиолладан алған үлгі-өнегесін мағмұрлана әңгімелейді.

«Атам – Кеңесбайдың үлкені. Оның Қобайдолла, Уәтайолла атты екі інісі болыпты. Балаларының есімдері «оллалап» аяқталуына қарағанда Кеңесбай арабша оқыған, ислам дініне құлай берілген адам сияқты. Ел арасында «шағын мешіт ұстаған» деген сөз де бар. Менің әкем Жабас – Халиолланың жалғызы. Бұл кісі Қарқаралы педагогикалық техникумының алғашқы түлектерінің бірі. Бесоба деген жерде мәдениет орталығы ашылып, сонда ұстаздық қызмет атқарған (Қазір Сарытеректегі орта мектеп Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Жабас Кеңесбаевтың атымен аталады. – С.Ж.)», – деп жазады.

Ер баланың тұңғышы болған соң атасы қазақ дәстүрімен бауырына салған ғой. Сол кезде айтып отыратын өлеңдерін есінде сақтапты. Шашын ұстарамен алып жатып: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп күбірлеп Абай өлеңдерін айтып отырады екен. Содан кішкентай Масғұт бірінші класқа бармай тұрып-ақ, Абайдың көптеген өлеңдерін жатқа айтатын болыпты.

Атасының әңгімелері рухани өсуіне игі әсерін тигізіп, ол ұлтшыл болып өседі. Оның ұлтшылдығы, өзінің айтуынша, «кеңес дәуіріндегі жалаң ұлтшылдық емес, кейбір атан түйе тарта алмайтын, өзінде жоқты өзгеге бере алмайтын іштарлық, қызғаншақтығын сезе отырып, құлай сүйетін ұлтшылдық. Бұл қазіргі айтып жүрген «ұлтжандылықтан» әлдеқайда жоғары еді».

Махаң аштық тақырыбының жабық болып келгендігін, ол туралы айтқан адамның қудаланғанын, түрмеге жабылғанын тілге тиек етеді. «Өмірде талай идеология өмір сүрген, сүріп те келеді. Солардың ішіндегі коммунистік идеология – ең зымияндарының бірі. Арқаңнан қағып отырып, жұлыныңды үзетін сол еді. Аузыңа су, миыңа у құйып, басыңды айналдырып, естен тандыратын», – дейді. Міне, тура емес пе? Махаңның тілі мірдің оғындай дейтініміз – осыдан.

Қаламгер экология тақырыбына да талай мақала арнаған. Жас кезінде маңайы жайқалып орман болып тұратын, үй орнындай жерден бір шелек қарақат теріп алуға болатын Тоқырауын бойының бүгінгі көрінісіне іші ашып, көңілі құлазиды. «Мойылы мен доланасы қызарып піскенде, тобылғысы мен үшқаты гүл шашқанда сәулім қыздай сыланып, тоғайға ерекше сән беретін. Түйтетабаны мен бие емшегі қазіргі қырыққабат пен сәбізден кем көрінбейтін. Сазан, шортан, маринка (қара балық) сияқты балықтарды қармақпен аулайтынбыз. Үлкен кісілер суға сүңгіп кетіп, балықты ұясынан ұстап, желбезегінен алып жағаға лақтыратын. Қырық жылға созылған атом жарылыстары жерді тулаққа, адамды аруаққа айналдырды», – деп жазады.

Көп жыл газетте және телевидениеде қызмет атқарған адамның журналистика, қаламгерлік жайлы ой айтпай кетуі мүмкін емес. Ол кісі жас журналистерді даярлау, болашақ газетшілер мен медиақызметкерлерін тәрбиелеуге де қалам сілтеген. Сондай мақаладан бір-екі жол келтіре кетсем артық болмас. «Бұрын «Орталық Қазақстанның» мерейтойына арнап жазған мақаламда «журналист – қызмет лауазымы емес, мамандық» деген едім. Байқаймын, осы сөзім біраз қаламдастарымның көңіліне келіп қалған сияқты. Әлі де сол сөзім – сөз. Журналист – мамандық, мамандық болғанда да кілтипаны көп мамандық. Өркениетті елдерде журналист мамандығына дейін басқа бір мамандықтың етегінен ұстайды екен…»

Негізі дүниенің әділетсіздігін ерте сезінген Махаң мектеп бітіргенде «адамға әлімжеттік, өктемдік, қиянат жасағандарды жазаласам» деген оймен заң қызметкері болуды армандайды. Бірақ, оқуға барар алдында жауыннан соң арнасы толып, тасып жатқан Тоқырауын өзеніне түсемін деп суық тиіп, өкпесі қабынып, ұзақ ауырады да, алысқа ұзап баруға болмайтындықтан, Қарағанды мұғалімдер институтының тіл-әдебиет факультетіне тіркеліп, емтихансыз түсіп кетеді. Бір күн оқып, ертеңіне тарих факультетіне ауысады. Оны екі жыл оқып бітірген соң әкесі директор болып жүрген мектепке мұғалім болып келеді. Мұнда көп қызмет атқара алмайды, қызметке кірісімен партия мүшелігіне кандидат, бір жылға жетпей партияға мүше болады. Екі ай өтпей жатып аудандық партия комитетіне насихатшылыққа қабылдайды. Үш айдан соң Алматы партия мектебіне насихатшылардың үш айлық курсына жіберіледі. Осы курста жүріп, құжаттарын сол кездегі ҚазМУ-дың журналистер даярлайтын бөліміне тапсырса, артынан шақыру қағазы келеді. Бірінші хатшы басында жібермей, артынан оқуға босатқан екен. Сол кездерде ҚазМУ-да дәріс оқыған ұлы Мұқаңнан тәлім алғанын (Мұхтар Әуезов) Махаң әрқашан мақтанышпен айтып отыратын.

Біздің газетке мақаласы жиі шығатындықтан, Махаң кейде қаламақы алуға келетін. Бір жолы бухгалтерияға кірсем кассадан қол қойып, қаламақы алып жатыр екен. Қалжыңдай беретін әдетіммен:

«Нағашы, қаламақыңыздан мына жиеніңізге де бірдеңе қалдыра кетіңіз, – дедім.

– Жоға, – деп күлді. – Сен бізге, нағашыңа тартып журналист, қаламгер болып ақша тауып жүрсің. Қайта сен маған ақша төле…

Өйткені, бізде қызмет істеп жүргенінде әңгіме үстінде біздің тұқымымызда «сызу сызған, қалам ұстаған» ешкімнің жоқтығын айтып: «Сірә, өлең де шығаратын, күй де тартатын өнерпаз Алтекең нағашыма тартқанмын ғой деймін», – дегенім бар еді, сол сөзді ұмытпапты.

Аузым жабылып, не айтарымды білмей қалдым. Ол кісі ақшасын алды да, маған күле қарап кете барды. Сөйтіп, қарап тұрып Махаңнан «мат» алғаным бар.

Қандай тақырыпқа жазбасын ойы да, тілі де жүйрік Масғұт Халиоллин қазақ тілінің мәртебесі мен абыройын көтеру, оны дамыту жөнінде проблема көтерген талай мақала жазды, талай телехабар ұйымдастырды. Осы күнде болса ғой «Тіл жанашыры» белгісімен марапатталар еді. Сонымен қоса кезінде талай айтылғанымен аудан басшыларының салғырттығы салдарынан өзінің туған жерін, өскен елін, оның абыройлы азаматтарын әр қырынан көрсетуден жалықпаған, экологиясы жайында сан мәрте мәселе көтерген Махаң «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағын ала алмай кетті. Ол кісінің «Қазақстанның Құрметті журналисі» белгісімен марапатталып, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығына ие болғаны ғана көңілге медеу.

Махаңның жоғарыда аталғандардан басқа да тақырыптарға жазған дүниелері толып жатыр. Олар әзірше «Парыз» және «Ой сүзгі» атты кітаптарына топтастырылды. Дегенмен, қалған шығармаларының арасынан жұршылықтың әлі де игілігіне жарайтын дүниелерін топтастырып, жеке кітап шығарса нұр үстіне нұр болар еді…

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button