Медицина

Сөзі – қару, емі – дәру

Инсульт бүгінде кез келген адамда болуы мүмкін дертке айналды. Өлім-жітім мен науқастардың мүгедектігіне алып келу себебі жағынан екінші орында. Бетпе-бет келген ажалдан аман қалғандардың тек сегіз пайызы ғана толық қалпына келеді, 20 пайызы өз бетінше жүре алмай қалады деген статистика бар. Инсульт алған науқастарды емдеу, аяққа тұрғызып, қалыпты өмірге қосудың оңайлығы жоқ екенін аңғару қиын емес. Жауапкершілік жүгін арқалаған медицина қызметкерлері ғана инсульттен қорықпайды.

Суреттерді түсірген Александар МАРЧЕНКО

– Ауыр жағдайдағы науқас түскенде үркіп, ойланатын уақыт жоқ, – дейді профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың инсульт бөлімі меңгерушісі Әсел Артаева. – Бұл – шұғыл көмек көрсететін бөлім. Біздің негізгі мақсатымыз – науқасқа уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету, өмірін сақтап қалу әрі өмір сүру сапасын қалпына келтіру. Мұнда диагностика, жедел көмек, қарқынды терапия және оңалту жұмыстары жүргізіледі, – дейді дәрігер.

Өзін «Андрей» деп таныстыр­ған науқас осыдан бірнеше күн бұрын инсультпен түскен екен. Қазір аяқ-қолының ұйығаны басылған, сөйлеп жатыр.

– Аяқ-қолдың ұйығаны басылды. Ем жалғасып жатыр. Науқас­тың қан қысымы жоғары, әрі қант диабеті бар екен. Әлі де бақылауда. Үшінші, жетінші тәуліктен өтсе, бұдан да жағдайы жақсарады. Нау­қасқа бірден тромболитикалық терапия жасалды, – деді Әсел Нұржанқызы.

Дәрігердің айтуынша, тромболитикалық терапия – қазіргі таңда ишемиялық инсульт кезінде жоғары тиімді көмек көрсетудің бірден-бір мүмкіндігі екен. Ол зақымданған тамырдағы қан ағымын қалпына келтіруге және ми тінінде қайтымсыз өзгерістердің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай терапия шұғыл жасалуы тиіс.

– Түскен бетте транзиторлық ишемиялық шабуыл ма, инсульт па, нақтылаймыз. Транзиторлық ишемиялық шабуыл – уақытша миға қан жетіспеушілігі салдарынан пайда болатын, бірақ, қысқа уақыт ішінде толық жоғалатын неврологиялық бұзылыстармен сипатталатын жағдай. Әдетте, ол 24 сағат ішінде, көбіне бірнеше минуттан 1 сағатқа дейін созылады. Бұл кезде де инсультқа ұқсас белгілер байқалады. Мәселен, дененің бір жағы әлсізденіп, жансыздануы, сөйлеудің бұзылуы, көрудің нашарлауы, тепе-теңдікті жоғалту көрініс береді. Инсульттен айырмашылығы мұндай шабуылдан кейін ми тінінде тұрақты зақым болмайды, яғни, симптомдар толық жоғалады. Десе де, транзиторлық ишемиялық шабуыл ескерту сигналы екенін ұмытпау керек. Яғни, таяу уақытта нағыз инсульттің даму қаупі жоғары деген сөз. Сондықтан оны елемеуге болмайды, – деп түсіндірді дәрігер.

Тағы бір науқас – Марғұлан Дәуленов ауруханадан шығуға да­йындалып жатыр.

– Қан қысымым көтеріліп, қарақұсым ауырды, басым айналды. Бірден жатқызды. Содан бері ем алып жатырмын, ауырғаны басылды, бас айналу кетті. Қазір әлдеқайда жақсымын.
Медбикелер жақсы, сыпайы. Дәрігерлер де білікті, барлығы өз жұмысын меңгерген. Негізі жыл сайын жатамын. Барлық қызметкерлерге алғысым шексіз, – дейді ол.

Бөлім жұмысы шұғыл әрекет ету негіздеріне құралған. Мұнда түсетін науқастардың дені – инсульт алғандар. Сол себепті, мұндағы жұмыс кәсіби түрде жүйелі жолға қойылған.

– Біздің бөлімде дәрігерлердің мультидисциплинарлық командасы бар, – дейді Әсел Нұржанқызы. – Кардиолог, терапевт, офтальмолог, реабилитолог және логопед мамандары жұмыс істейді. Әркім өзінің міндетін жақсы біледі, толығымен меңгерген. Дәрігерлер өз қызметін, медбикелер мен санитарлар өз қыз­метін атқарады. Мұнда реабилитация өте маңызды. Ол науқас түскен бетте басталады. Алайда, ол командалық шешім арқылы тағайындалады. Барлығы науқастың жағдайына байланысты. Егер денсаулығына кері әсерін тигізетін болса, жағдайы жақсарғанша оңалту жүргізілмейді немесе жеңіл түрде жүргізіледі. Тілі күрмелген науқастармен логопед жұмыс жасайды. Науқас шыққан кезде оңалтудың екінші кезеңі басталады. Туыстарына барлығын егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Себебі, ендігі негізгі жауапкершілік солардың мойнында. Олардың жағдайды түсінуі мен қабылдауы қажет. Оңалтуды тұрғылықты жері бойынша емхана арқылы емдік дене шынықтыру, кинезотерапия, эрготерапияны жалғастыру қажет. Жалпы, алғашқы алты айда оңалтудың жасалуы өте маңызды. Осы кезде адамның қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі жоғары болады, – дейді бөлім меңгерушісі.

Әсел Артаеваның бөлім меңгерушісі болып тағайындалғанына көп болған жоқ. Бұл қызметке бірінші шілдеде кіріскен. Оған дейін осы ауруханада невропатолог маман ретінде еңбек етті. Оған қоса әр жылдары реабилитолог, инсульт бойынша ситуациялық орталықтың меңгерушісі, тәуекелдерді басқару бөлімінде медициналық құжаттарды жүргізу бойынша сарапшы болып еңбек етті. Дегенмен, бұл кездің бәрінде де невропатолог ретіндегі негізгі қызметін тастаған жоқ.

– Адам жұмысын жақсы көрсе, бәріне уақыт табады. Мен жұмысымды жақсы көремін, маған ұнайды. Басында қорқыныш болды. Бірақ, «көз – қорқақ, қол – батыр». Науқастарды қабылдап, кезекшілікке де шығып үлгеремін. Осы мамандықты таңдауды әкем айтты. Қазір уақыт өте келе, әкемнің ақылының, сол кездегі шешімімнің дұрыс екеніне көз жеткіздік, – дейді ол.

Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оған дейін Таразда және осындағы №3 емханада, ішкі істер органдарының госпиталінде бірнеше жыл невропатолог болды. Бірақ, бәрінен осы ауруханадағы қызметін ерекше көреді. «Өмірімнің көп бөлігі осында өтіп жатыр», – дейді ол. Бұл жағдайға отбасы да үйренгенін айтады.

Оның айтуынша, дәрігер қызметіндегі ең қиыны – науқастармен және олардың туыстарымен сөйлесу.

– Туыстарына науқастың қайтыс болғанын хабарлау – ең қиыны. Бәрі ойлайды «бізге оңай» деп. Бірақ, біз де «Қалай жеткіземін?», «Не деймін?» деп көп ойланамыз. Бұл жерде дұрыс сөз табу – маңызды. Адамдармен жұмыс істеу қиын. Ол кісілерден қандай реакция болатынын білмейсің, оны әркім әртүрлі қабылдайды. Бұл қауіпті де болуы мүмкін. Дәрігерлер – психолог. Адаммен жылы сөйлесу, көңілін табу, уайымын басу да өнер. Сөзбен де емдеуге болатынына, өз басым сенемін, – дейді Әсел Нұржанқызы.

Инсульт алғандарға жылы сөз де үлкен қолдау. Себебі, кеше ғана шауып жүрген адамның бір сәтте мүмкіндіктерінен айрылып қалуы – соққы. Сонда дәрігердің тікелей көмегі мен қолдауы – бірінші кезекте. Ибн Сина айтқандай, жылы сөз де дәрігер қаруының бірі екеніне дау жоқ.

Бүгінде инсульт бөлімінде 45 адам ем алуда. Сонымен бірге, 3 интенсивті терапия блогы бар, оның әрқайсында алты адамнан жатыр. Блоктардың өз санитары мен медбикесі болады. Бөлімдегі әр маман тәулік бойы еңбек етуге әзір.

– Бөлім меңгерушілігіне таға­йындалғаныма көп болмаса да, бұл бөлімнің жұмысы маған таңсық емес. Ауруханаға алғаш келгенімде осы бөлімге невропатолог болып орналасқан едім. Бүгінде де «бәрін мен істеймін» деп айта алмаймын. Бұл – командалық жұмыс. Медбикелер өз деңгейінде, дәрігерлер өз деңгейінде қызметтерін атқарады. Мұнда бірлескен ұйым, жұмысы жүйелі ұжым болғаны маңызды. Әр науқас күтім мен түсіністікке мұқтаж. Соған сай қызмет ету – міндет, – дейді Әсел Артаева.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button