Сөзі – аманат, шапаны – тәбәрік
Тәңірі таңдайына тамылжыған сөз тамызып, маңдайына қабырғалы қазақ жұртының береке-бірлігін сақтауды жазған Алаш кемеңгері Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы Үш жүзге ортақ той емей немене?! «Басынан сөз асырмаған ел» екенімізді бүкіл әлемге бүкпесіз айтатынымыз да – соның дәлелі. Ал, қадым заманнан би бабаның дуалы сөзі мен айбарлы атағы ғана емес, көненің көзіндей болған шапаны да жеткенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Қош! Ақинақ сөзі – аманат, шапаны – тәбәрік болсын.
Өткен айдың соңында «Аманат» қоғамдық таным сыйлығын табыс ету салтанаты Арқа топырағында, Қарағанды шәрінде бастау алған еді. Жақсы істі жария етпек оймен салтанатты шарадан біз де табылдық. Мұнда аталған сыйлықтың қоғамдық кеңес төрағасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков те Астанадан арнайы ат шалдырыпты. Мұның барлығын неге айтып отыр дерсіз? Айтайын. Сахнаға көтерілген Мырзекең тартынып жатпады.
– Қарағанды өңірі небір айтулы азаматтарды дүниеге әкелген, қазақты марқайтқан топырақ. Мен енді осында келген сапарымда мойнымда жүрген парыз еді – қарағандылық аға-бауырларыма, үлкен кішісіне алғыс айтайын деп келдім. Күні кеше ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын өткіздік. Ауызша тарихымыз болмаса, мақтанатындай құнды жәдігерлер көп сақталмады. Президент мәдениет орталығын басқарып жүрген кезімде қазақ тарихынан хабардар етер сандыққа салып сақтаған жәдігерлер бар ма деп жан-жаққа сұрау салдым. Сонда, дәуірінде Абылай ханның өзі киген алтын зерлі қамқа шапанын осы Жаңаарқадан таптық. Тауып қана қоймай, әлгінде айтқан Президенттің мәдени орталығына алдырдым. Бұл шапан – үш жүздің басын қосқан ханның «Сегіз биім, сегіз биім ішінде семіз биім» дейтін Байдалы бидің иығында болған еді. Ал, екінші тапқан асылым ол – қара қылды қақ жарған Қаздауысты Қазыбек би бабаның шапаны. Оны да мен осы аймаққа қарасты Егіндібұлақ ауылынан тауып едім. Шапан би бабамыздың алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметов дейтін азаматтың қолында еді. Бұл қос шапан қазір ҚР Ұлттық музейінің төрінде тұр. Осыған тәубе деуіміз керек, – деп еді.
Қош! Ақыры, мемлекет қолына өткен құнды жәдігердің бүгінгі жағдайы қандай деген заңды сауал қоярсыз. Айтайық. 250 жыл сақталған шапанның өң бермеуі мүмкін бе? Сақталғанның өзінде әу бастан шүберекке түйіліп, сандық түбінде жатты деуге ауыз бармайды. Себебі, қанды қасап Кеңес өкіметі тұсында бұл шапанның иесі ия басынан, ия бас бостандығынан айрылуы әбден мүмкін болатын. Мұны жақсы түсінген әулет азаматтары шапанды екі жылдай шөмеле астында да жасырған екен. Бұған қазақтың жақсыдан тәбәрік алу ырымын қосыңыз. Яки, жақсыдан қалған жәдігерден ырымдап бір шетін кесіп алу дәстүрі. Сөйтті де, шапанның 20 пайызы ғана бүтін жетті. Зерлеп салынған суреті де өшкен. Алдымен арқауын жөндеу, бірнеше тігінмен тігіу, кейін тал-талдап отырып зер жіптердің суретін шығару әсте екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы жұмыстардың барлығына екі жарым жылдан астам уақытын сарп еткен суретшілер одағының мүшесі, көнерген затты қайта қалпына келтірген реставратор – Тұрсынгүл Жайлаубаева. Ол кісі қызы, әрі шәкірті Назыммен бірге Абылай ханның қамқа шапанын қайта қалпына келтіру жұмысымен де айналысқан-тұғын.
Көнерген шапанға өң берудің бір қиындығы сол – шапан тігілген мата мен жіптің Қазақстанда болмауы. Бұйымдардың, жіптердің, маталардың құрылу техникаларын білу қажеттілігі тағы бар. Мәселен, шапанның «парша» деп аталатын матасы Үндістанда шыққан. Оның үстіне бұл жай парша емес – 18 ғасырдың паршасы. Ал, астары, жібі Бұхарадан жеткізілген. Зер жіптер. Тіпті, бірнеше ғасыр бұрын өзбек шеберлерімен тігілген жіптер мен шапан етегі қолданылды. Сондықтан, бір сабақ жіп, алақандай мата үшін жердің түбіне баруға тура келді.
Сөз соңында тағы бір айта кетерлік қуанышты жағдай ол – Қазыбек би шапанының Қарағанды шаһарына жеткізілетіндігі. «Осыдан бірнеше жыл бұрын бабамыздың туыстары оның шапанын ҚР Ұлттық музейіне табыстаған болатын. Қарағанды облысының тұрғындары шапанды 12 қыркүйек пен 31 қазан аралығында облыстық музейден көре алатын болады», – деген еді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.
Рауан ҚАБИДОЛДИН