Бас тақырып

Құс жолындағы қыран-ғұмыр

1991 жылдың 2 қазаны – қазақ рухының көкпен астасқан күні. Өйткені, дәл осы күні Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғап, есімін ел тарихына мәңгі жазды. Ғарышкер Тоқтар зәу көкке бала жастан ғашық еді. Қасиетті Қарқаралы ауданында жарық дүниеге келген баланың көкірегінде аспан әлеміне деген құштарлық ерте оянды. Болашақ батыр, болашақ ғарышкер ұлт перзенттері Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіровті пір тұтты. «Мен де көкке көтерілемін!» деген балаң арман жүрегіне ұялап, тағдырына айналды.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Бозбала Тоқтар парашютпен алғаш секіргенде небәрі 15 жаста болған. 16-ға келгенде Қарағанды аэроклубында дайындықтан өтіп, 1965 жылы арманына бір қадам жақындап, Армавирдегі әскери авиация училищесіне оқуға түседі. Бұл – ғарышпен табыстырар дара жол еді. Кейін училищені үздік аяқтап, Қиыр Шығыстағы әскери бөлімдерде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары болып қызмет атқарды.

Сонымен қатар, Тоқтар Әубәкіров осы жолда отыздан астам әскери ұшақтың түрін сынақтан өткізген. «МиГ-23», «МиГ-25», «МиГ-27», «МиГ-29», «МиГ-31» сынды әуе кемелері – дыбыстан жылдам, өзіне сенімділердің ғана тізгін ұстауына болатын техника. Сонымен бірге, Тоқаң аспан әлемінде алғаш болып, «МиГ-31Б» ұшағымен жерге қонбай жанармай құйдырып, солтүстік полюске дейін ұшып барып келеді. Әлемде тұңғыш рет авиатасушы кемеге «МиГ-29К» реактивті ұшағын қондырған да – Тоқтар Әубәкіров. Мұндай дәлдік, көзсіз ерлік жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққанның ғана қолынан келетіні рас.
1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, елін елең еткізді. Бірақ, оның шын биігі әлі алда еді. 1990 жылы 40-тан асқан шағында Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа дайындықты бастады.

1991 жылдың 2 қазаны. Байқоңыр. «Союз ТМ-13» кемесінің борты. Экипаж мүшелері – А.Волков, Ф.Фибек және қазақтың тұңғыш ғарышкері, №72 – Тоқтар Әубәкіров.

Кеме жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық станциясымен түйісіп, тарихта қазақтың аты қалды. Ғарышта өткізген жеті күн, жиырма екі сағат, он үш минут ішінде ел атынан ғылым мен ерліктің жүгін арқалаған өкіл атанды.

Арал теңізінің үстіндегі тұзды шаңдар, жер бетіндегі атмосфералық өзгерістер, Қазақстанның экологиялық ахуалы, тіпті, жұлдызды аспанның астрофизикалық көріністерінің бәрі Тоқтардың назарында болды. Ол ғарышты зерттеумен қатар, өзімен бірге қазақтың сублимацияланған ұлттық тағамдары айран, ірімшік, ет өнімдерін алып ұшып, оларды алғаш сынаған тәжірибе иесі еді. Ғарышқа қазақ асын апарған да – Тоқтар.
Одан бөлек, өзімен бірге «Гатчинский» картобының жасушаларын алып шықты. Ғарыштық сапардан соң осы жасушалар негізінде ғалымдар «Тоқтар» және «Орбита» атты картоптың жаңа сортын ойлап тапты. Бұл – аспаннан оралған батырдың жерге берген жемісі.

Тоқтар Әубәкіровтің бұл ерлігі Қазақстанның тәуелсіздік кезеңімен тұспа-тұс келіп, ұлттық рухты көтерді. Ол Кеңес Одағының атынан ұшса да, қазақ халқының тұңғыш ғарышкері ретінде әлемге танылып, еліміздің халықаралық аренада өзіндік орнын айқындауға зор үлес қосты. Оның ғарыштағы тәжірибесі кейінгі буынға – Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов сияқты қазақ ғарышкерлеріне жол ашты.

Бұл сапар Қазақстанның ғарыштық бағдарламасының негізін қалаған тарихи оқиға болып, елдің ғылым мен технология саласындағы дамуына айрықша серпін берді. Осылайша ол бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналды.

Ақын Серік Тұрғынбеков «Ғарыш-қазақ» поэмасында: «Тап келдік, ғажайып кез, кең ғасырға, жазылған Тәуелсіздік таңбасында. Ғарышқа ұшар талай біздің қазақ, солардың Тоқтар тұрар, ең басында!» деп жырлаған еді.

Шынында, Тоқтар Әубәкіровтен кейін ғарышқа ұшып, ел мерейін асқақтатқан Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов – қазақтың маңдайына біткен тағы екі жарық жұлдызы. Бірақ, басында, тарихтың төрінде маңдайы жарқырап Тоқтар Әубәкіров тұр. Ол – ғарышқа алғаш самғаған қазақ болумен қатар, тұтас қазақ халқының арманына қанат бітірген қайраткер.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button