Руханият

Журналист Қа­сымхан Ғалымның «Болат болмыс» атты кітабы жарық көрді

Өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар, ордабұзар отыз жасына әлі жете қоймаған әріптесіміз Қа­сымхан Ғалымның тұңғыш «Болат болмыс» атты публицистикалық кітабы жарық көрді. Ол Арқаның Атымтай азаматтары Бақтыбай Жүнісов пен Рамазан Әбілдиннің демеушілігімен Қарағанды қаласының «Гласир» баспаханасынан ба­сылып шығып, 500 данамен тарап отыр.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өзіміздің «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, жа­уапты хатшы болып істеп, қазір республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүрген Қасымхан Бүркітұлының бұл кітабына кейінгі жылдары жазған портреттік топтамасы енгізіліп, кейіпкерлерінің суреттері де көркем безендіріліп, қоса берілген.

Кезінде: «Үйімізде, төрі­мізде Портретте тұрған кім?» деп жырлағанымыздай, кәнігі суретшінің қылқаламынан туындаған және фотографтың шырт еткізіп түсірген портреттеріндегі жансыз бейнелерге сырттай сүйсініп, қызыға тамашалайтын болсақ, бұл әдеби портреттердің жөні бөлек. Оларда автор өзі жазу нысанасы етіп алған әр адамның ішкі әлеміне терең үңіліп, тағдырына барынша бойлап, жан жүйесі мен әрекетін, айнала ортамен қарым-қатынасын ашып көрсетіп, тұтас бір образын жасаған. Содан барып жоғарыдағы жинаққа енген «Болат болмысты» қырықтан астам кейіпкерінің суретін сөзбен салып, портреттік галереясын қалыптастырған деуге болады. Және олардың әрқайсын кәсіби журналистің шеберлігімен публицистикалық тілде қапысыз суреттейді.

Қасымхан кейіпкерлерінің қатарында түрлі мамандық пен сан алуан тағдыр иелері, кәсібінен нәсібін тапқан еңбекқор жандар да, өмірдің қиындығына мойымағандар, егемен еліміздің дамып, өркендеуіне үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері де бар. Сол портреттердің тақырып аясы да, қамтыған географиялық аумағы да кең – бір шеті Ұлытаудан басталып, Жаңаарқа, Шет, Нұра, Бұқар жырау аудандарын көктей өтіп, қасиетті Қарқаралы жеріне табан тіреп, тоқтайды.

Қолымызға алып отырған кітап беттері «Жаһанды жаяу шарлаған жиһанкез» қа­ра­ғандылық Асхат Қажытай жайлы суреттемемен ашы­лып, «Шапанына шетел ынтық» жаңаарқалық шебер ті­­гінші Эльмира Ержановамен түйінделеді. Ал «Бақыт бе­сігін тербеген ана», «Тракторшы келіншек», «Анаға да, балаға да қамқор», тағы да басқа суреттемелер алтын құрсақты және темір тұл­парды тізгіндеген аналары­мыз бен «Қасқыр соққан апа­ларымызға», іс­мерқолды, ақ халатты қыз-келіншектер­ге арналса, «Әбеуованың әлемінде» журналист қарапайым мұғалімнен Ақтоғай ауданының әкімі, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы қызметіне дейін көтеріліп, зейнетке шық­қан Салтанат Әбеуова ту­ралы толғанса, «Намысы биік Наташада» қазаққа келін болып, ұлты орыс болса да, тіліміз бен салт-дәстүрімізді кейбір қандастарымыздан ар­тық біліп, ел арасында талмай насихаттайтын те­міртаулық кәсіпкер Наталья Арыстанованы дәріптеп, басқаларға үлгі етеді. Осы орайда «Атбегі Анатолийі» Шет ауданының Әлихан ауылында жылқы өсіріп, ат баптап, бәйгеге қосып жүрген Анатолий Гуреев, осы аудандағы Көктіңкөлі ауылының Сақи атанған «Сары қазағы» Владимир Ковальчуктің фермерлік шаруашылығын шалқытып қана қоймай, ауылдастарына қамқорлығы мен көмегін аямайтын мәрттігіне риза боласың. Осындай Атымтай Жомарт азаматтарды «Баршынның бағланы» Боранбай Мұқанәлиев, «Алтын жүрек» Бақтыбай Жүнісов, «Изендіге игілік сыйлаған» Қанат Отарбаевтардың келбетінен көреміз. Сондай-ақ, бұл тізімді «Алтынқолды шебер» Қылышбек Құрманов, «Фотоөнердің жас өрені» Жангелді Әбдіғалымның есімдерімен жалғастыра беруге болады.

Ерекше атап өтерлігі, ав­тор кітабындағы жастай көз жанарынан айырылса да, «Аңыз атанған автомеханик» Бөрібай Ысқақов пен «Толқынға қарсы жүзген» Сапарбек Жақұдиннің тағдыр тауқыметіне мойымай, жасап отырған бүгінгі тірлігіне таңдай қағып, тәнті болмасқа амал жоқ.

Айта берсе, әңгімеміз мұнымен таусылмайды. Ол үшін осы «Болат болмыс» кітабын бастан аяқ оқып шығу керек. Әсіресе, Қасымхан Ғалымның тақырыпты таңдай біліп, оны қысқа да нұсқа жазып, мазмұнын да шебер ашып, алып шығуы өзінен кейінгі буынға өнеге болуға тұрарлық. Біздің жазбамызда тыр­нақшаға алынып, берілген жолдар да осы кітап кейіпкерлерін сипаттаған тақырыптардың атауы болып есептеледі. Ендеше «Болат болмысымен» белгілі болып, бағасын алып жатқан Қасымхан бауырымыз шығармашылық жолында жүрісінен жаңылмай, оқырмандарын жаңа туындыларымен тамсандыра берсін!

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button