Руханият

Сөз өлмейінше, «Слово» да өлмейді

Әдебиет – өмірдің қағазға түскен нұсқасы. Өмірде алуан оқиға, мың-сан тағдыр болатыны секілді, әдебиетте де түрлі-түрлі жағдай, қилы-қилы тағдыр, алуан түрлі образ бар. Ой назарында оқырман – алушының талғамы да тарам-тарам. Тапқанына разы, таппағанына сабыр етіп, талғамына қарай оқып жүрген жайы бар. Ой базардағы сатушы – қаламгер де қал-қадерінше қалам тербейді. Қоғамның әр саласы секілді әдебиет те заманға сай өзгерді, құбылды, түледі. Бір анығы, тоқтап қалған жоқ. «Ortalyq Qazaqstan» газеті де сол әдеби үдеріске қосылып, басылымның бір бетін «Қаламгер» қосымшасына арнап отыр. Мұнда сіздер «Әдебиет жайлы үш сауал» айдарымен «Қазіргі елдің айтып жүрген мотивациясы осы кітапта жатыр» деген пікір иесі жазушы Төрехан Майбастың шағын сұхбатын, Қарағанды қаласында туып-өсіп, Астанада. оқытушы болып жүрген ақын Ақерке. Асанның өлеңдерін, жазушы Серік. Сағынтайдың «Қарға» әңгімесіне жазылған рецензияны оқи аласыздар.

– Жақында қандай әдеби кітап оқыдыңыз?

– Мен әу бастан оқырманмын. Үшінші сыныпта жүріп «Батырлар жырының» екі томдығын, «Қазақ ертегілерін», «Мың бір түннің» төрт томдығын оқыдым дегеніме сеніңіз. Содан бері оқырманмын. Әке-шешеміз оқы деп емес, оқыма деп жалынушы еді…

Оқуға уақыт талғамаймын. Ертеңгілік те, талтүсте де, кешкілікте де, түнгілікте де кітап оқимын. Арнайы әдебиеттерді көп қараймын. Қатарынан бірнеше кітап оқуым мүмкін.

Соңғы оқығандарым Өмір Кәріп ағамыздың «Тұғыры», Әуезхан Көшімовтің «Қысталаң жылы» және Жан Пол Сартрдың «Словосы»…

– Одан қандай ой түйдіңіз?

– «Тұғырдың» бағы жанбады. Қазақ оқырманы оны әлі іздейтін болады. Өйткені, бұл кітапты қазақ дүниетанымының оқулығы десек те болады.

«Қысталаң жыл» сонау 1969 жылы жарық көрген. Әу баста роман еді, ақыры повесть болып қырқылып шықты. Бұл жерде мені қызықтыратыны жазушының тілі. Одан сырт қысқарып кеткен беттерді өзімше орнықтырамын. Кейіпкерлердің прототиптерін табуға күш саламын. Өйткені, романдағы оқиғалар біздің Арқада өткен. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы ауыл өмірі арқау болған. Бір тараптан туған өлкеміздің шежіресі десек те болады. Тек соны оқи алмай жатырмыз-ау…

Сөз өлмейінше, «Слово» да өлмейді деп ойлаймын. Әу баста студент кезімде оқыған едім. Содан бері «Словоның» оқырманымын. Тура жарты ғасыр болған шығар. Көбінесе философиялық трактат деп қабылдаймын. Онда пәлсапалық пайымдар да жетерлік…

– Әдеби кітап оқымайтын адам неден құр қалады деп ойлайсыз?

– Кітап оқымайтын адам болмайды деп білем. Өйткені, заманымыз сондай. Кітап оқымайынша тұлға болып қалыптасу бос әңгіме. Қазіргі елдің айтып жүрген мотивациясы осы кітапта жатыр. Адамды алға сөз сүйрейді. Ақсақты тыңдай қылады, аяңкеске қанат бітіреді.

Соны жастарымыз біледі. Мені сол қуантады. Кешегі қаңтар оқиғасында өртенбеген ештеңе де қалған жоқ. Алайда, бірде-бір кітапхана от жалынына оранбады. Бірде-бір кітап өртенген жоқ…

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button